Аймақтар • 14 Ақпан, 2019

Тұрғын үй сертификаттарын алушылар тізіміне әлеуметтік қызметкерлер қосылады

861 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Елордалық әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының, қарттар мен мүгедектерге арналған дағдарыс және оңалту орталықтарының қызметкерлері педагог, медицина қызметкерлері және полицейлер сияқты 1 млн теңгелік тұрғын үй сертификаттарын ала алады. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің баспасөз қызметі хабарлады. 

Тұрғын үй сертификаттарын алушылар тізіміне әлеуметтік қызметкерлер қосылады

Астана қаласы әкімдігінің мұқтаж азаматтардың жекелеген санаттарына тұрғын үй сатып алуға әлеуметтік көмек көрсету ережесіне тиісті өзгерістер енгізу туралы қаулысына қол қойылды. Бұл туралы қалалық қоғамдық кеңес отырысында Астана қаласының құрылыс және тұрғын үй саясаты басқармасының басшысы Руслан Ахметов мәлімдеді.   

«Ережеге сәйкес, 1 миллион теңге көлемінде әлеуметтік көмек педагогтарға, медицина қызметкерлеріне және полиция қызметкерлеріне беріледі. Осы ережелерге өзгерістер енгізу туралы ұсыныс түсті. Арнайы мемлекеттік қызмет көрсетуге қатысатын әлеуметтік қамтамасыз ету ұйымдары қызметкерлерінің еңбекақысының төмен деңгейін ескере отырып, оларды осы тізімге енгізу ұсынылды» деді Руслан Ахметов. Бұл Астана әкімдігіндегі ведомстволық  мемлекеттік мекемелер мен мемлекеттік кәсіпорындардың қызметкерлері: әлеуметтік қызмет көрсету орталықтарының, дағдарыс орталықтарының, қарттарға, мүгедектерге және мүгедек балаларға арналған оңалту орталықтарының қызметкерлеріне қатысты. Басқарма басшысының мәліметінше, Астанада осындай 1260 қызметкер бар, оның 482-і тұрғын үйге мұқтаж. Олардың орташа жалақысы 70 мың теңгені құрайды.  

Руслан Ахметов хабарлағандай, өткен жылы тұрғын үй сертификаттары түрінде әлеуметтік көмекке 100 миллион теңге бөлінді, биыл 2 миллиард теңге бөлу жоспарланып отыр.