15 Ақпан, 2019

Шындығы жоқ соғыстың жауынгерлері

1353 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

«Фолиант» баспасынан белгілі журналист, Ауғанстан соғысының ардагері Ғалым Қожабековтің сұрапыл соғыс жайында көңілін құлазытқан, жүрегін тербеген сырлары мен естеліктері жинақталған «Қанды көйлек қарулас» атты жаңа кітабы жарыққа шықты. 

Шындығы жоқ соғыстың жауынгерлері

15 ақпан күні Кеңес Одағы әскерінің Ауғанстан жерінен шық­қанына 30 жыл толды. Ға­лым Қожабеков өз кітабында Ауған соғысының себептері мен­ салдарын пайымдап, қан майданда болған жауынгерлер туралы барынша жан-жақты ақ­па­рат береді. Майдан шебінен елге оралмаған жауынгерлердің аты-жөндерін атап, есімдерін ұлық­тайды.

«Ауғанстан жеріне КСРО әске­­рін кіргізуге не мақсат түрт­кі болды? Бұл соғыс кімге, не үшін қажет болды? Осы тұр­­ғыда сабақтап айтар болсақ, дәл осы уақытта КСРО мен АҚШ­ мемлекеттері арасында­ қыр­­ғи қабақ соғыс ушығып тұр­ еді. Сондықтан Ауғанстан аума­ғына ықпал жүргізу үшін бір жа­ғынан НАТО блогындағы одақ­тастарымен АҚШ, екінші жа­ғынан Варшава блогы жағы­нан КСРО өзара бәсекеге түсті. Бұл саяси бәсекенің ақыры Кеңес әс­керінің Ауғанстанға кір­гі­зілуіне әкеп соқты. Олай дей­тініміз, 1979 жылдың соңы­на қарай Ке­ңес Одағы Компар­тиясының сая­си бюросы Ауған­стан Демо­кра­тиялық Респуб­ликасына кеңес әскерін жіберу жөнінде «Еліміздің оңтүстік шекарасын қорғау мақсатында» деген ұйға­рыммен астыртын шешім шы­ғарған болатын. Содан Ауған­стан алапаты басталып кетті...» деп автор бұл соғыста қаза бол­ған жауынгерлердің өмір мен өлім арасындағы арпалысқа толы ғұмы­рын суреттейді. Тек қана жауынгерлерге ғана тоқталып қоймай, осы соғыстың ауған хал­­­қына әкел­ген зардабы мен қай­ғы­сын да жазады. Бұл соғыс кезінде сол елден 6 миллионға дейін адам эмиграцияланып, 

2 миллионға дейін адам ел ішін­дегі босқындарға айналыпты. Миллионнан аса ауғандық ажал құшқан. Оның сыртында сырт­тан келген жауынгерлерді де есепке алыңыз. 

Бұл соғыс кім үшін болды ра­сымен? Қазақ үшін емес. Қа­зақ мүддесі үшін емес. Ол – анық. Бірақ оған қазақ жа­уын­­герлері қатысты. Қазақ тағ­дыры бұл соғыстан тысқары бол­ған жоқ. Бұл соғысқа әлі та­рихи баға берілетіні анық. Қаламгер-майдангер Ғалым Қожабековтің өзі: «Мен біле­тін бір ақиқат – Ауғанстан соғысында алдымен шындық өлді» деп жазады. Шындығын жоғалтқан соғыста өмірін, арманы мен мақ­сатын жоғалтқан жандардың тағ­дырын қайда қоярмыз? Қалай ұмытармыз...

Бағашар ТҰРСЫНБАЙҰЛЫ, 

«Egemen Qazaqstan»