Амал нешік, сұм ажал ел азаматын ортамыздан ерте алып кетті. Бірақ артына өлмес, өшпес әдеби мұра қалдыра білген хас таланттың есімін жұртшылық әркез құрмет тұтары сөзсіз. Әсіресе, ұлтымыздың көне өнері–суырып салма айтыскерлік дәстүрдің ортамызға қайта оралуына, жаңғыртуға қосқан жеке-дара үлесі зор. Өткен ғасырдың 80-ші жылдары Алматыда өткен республикалық айтыстарда алмас қылыштай жарқылдап, оның отты жырларына тәнті болған көрермендер орындарынан бірнеше рет тұрып, қол соққаны ұмытылмақ емес.
С.Мұқанов атындағы облыстық әмбебап кітапханада «Талант пен тағдыр» атты еске алу кеші ұйымдастырылып, оған ақынның туған-туысқандары, достары, қаламдас, рухани әріптестері, жастар жиналды.
2017 жылы құрылған Ерік Асқаров атындағы облыстық жас ақындар орталығының шәкірті Назерке Құдабай осында қарым-қабілетін шыңдап жүр. Еріктің өлеңдерін нәшіне келтіре оқып берді.
Бауырының құрметіне өткізілген шараға қатысқан апалары Жұмабике Қалиева мен Алма Нұрышова інісімен бірге өткізген балалық шақтың бақытты күндерді тебірене еске алысты. Жастайынан әдебиетке құмар болып өскен оның ақындық жолды қалай таңдағанын, жастайынан Мағжан жырларымен сусындап өскенін ортаға салды.
«Тұңғыш өлеңі 8-ші сыныпта облыстық « Ленин туы» газетінде басылып шыққандағы қуанышын айтсаңшы. Қап-қара көздері оттай жанып, «апалап» жүгіріп келгені әлі күнге дейін көз алдымда», дейді Алма.
Ардагер журналист, әнші-композитор Шашубай Малдыбаев туған бауырындай болып кеткен Еріктің кешіне Алматыдан арнайы ат арытып келіпті. Шәкең сыралғы досы, қаламгер інісінің қайраткерлік, азаматтық бітім-болмысы туралы кеңінен әңгімеледі.
Еске алу кешіне жиналған қауым «Ақыннан өлмес жыр қалған» атты кітап көрмесімен танысып, марқұмның құрметіне арналған айтысты тамашалады.
Алда жас ақындар мүшайрасы өткізіп, жеңімпаздарға Ерік Асқаров атындағы арнайы жүлделерді тапсыру жоспарланып отыр.
Өмір ЕСҚАЛИ,
«Егемен Қазақстан»
Солтүстік Қазақстан облысы