Бүршік жарды ақ қайың
Бейсенбі, 19 сәуір 2012 8:12
Қазір қай қала мен ауылдың болсын басты сәні ретінде жасыл желекке қалай бөленіп, малынуы алдымен көзге түседі. Көшелері мен аулалары кербез қайыңдарға, сылаңдаған теректерге, көкке шаншылған қарағайларға толы болса, ортаның көркемдікке деген көңілі танылып қалады. Табиғаты ағаштың көктеп-өсуіне қытымырлау далалық аймақтың барлық жерінде де сан түрі бір-бірімен қойындасып, аймаласып, құшақ айқастырып тұруы бүгінде үйреншікті көрініске айналғанмен, жасыл желекті көбейтуге қашанда ынта түскен емес. Бір кезде қарағанынан басқа бұтасы жоқ Қарағандының көркі сол арқылы жарасымдылығы көптеген жылдар жүргізіліп, жалғастырылып жатқан аялы алақанның жемісі нәтижесі екені даусыз.

Тал сирек жерлерде ағаш егудің мәні үлкен, қуанышы зор саналады. Бұл игілікті іске үлкен-кіші болып жұмыла қатысып, бір-бір түп бұта, одан да асырып отырғызу әркімге қастерлі парыз. Көктем мен күздің тамырландыруға қолайлы шақтарында бүкіл ұжым, көрші-қолаң, дос-жаран, отбасы топтасып, айналаны жапырағы бүр жара бастаған көшеттерге көркейту – сүйінішті мерекелік шара. Осы орайда кейінгі кезде жас қауымның белсенділігі ерекше өсіп, анық байқалуы – көпшілік ризалығын тудырып отырған құбылыс. «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары облыстық штабының ұйымдастыруымен қаланың жаңа саябағында өткен ағаш егу акциясы соның биылғы бірінші көрінісі болды. Оған қоғамдық, азаматтық деңгейде қозғау салып, үлгілі үрдіске ұйытқы болған жастар бастамашылығына қолдаушылық тұрғындардың қолдарына күректерін іле келіп, көптеп жиналуынан білінді. Солардың бел ортасындағы облыс әкімі Әбілғазы Құсайынов бастаған мемлекеттік қызметкерлер тобына жоғары оқу орындарының ұстаздары мен шәкірттері, кәсіпорындар еңбеккерлері қосылды. Ағаш көшеттері тамырын жерге нәрлендіру жұмыстары межелі уақытқа дейін тыным таппады.
Осынау істе соңғы жылдардағы жағымды бір жаңалық, бұрынғыдай ағаштардың үйреншікті түрлері егілумен ғана шектелмейді. Енді Алатаудың қысы-жазы жасыл жапырағы бұтағынан арылмайтын алып емендері, Бурабай мен Қарқаралының тіп-тік қарағайлары, Баянауылдың балауса қайыңдары жерсіндіріліп көктетіледі. Бұл күні «Жасыл елдің» 100-ге жуық белсенділерімен бірге аталған саябақта 300 бұтағына бүршік жардырылды.
Мұндай шара сондай-ақ өңірдің барлық жерлерінде өтті. Сонымен бірге, сәуір мен мамырдың әр сенбісі қоршаған ортаны жасыл желекке бөлеу күндері болады. Ағаш – айналаға көрік, ауаға тың тыныс, адамдарға сая. Соны кеңейту жолында игілікті істі өз қолдарына алған жасылелдіктердің тамаша акциясы аясында өрбитін жұмыстардың үлкені алда. Көктем – жаңару мен жасарудың, көріктенудің басы. Бүршік жарады әлі талай ағаш.
Айқын НЕСІПБАЙ,
Қарағанды.