Туған жерді түлету – әркімнің азаматтық парызы
Бейсенбі, 26 сәуір 2012 7:17
Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов жыл басында өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешудің соны жолдарын іздестіру қажеттігін алға тарта келіп, осыған байланысты өз ісін ашып, жағдайын түзеген, әр жерде жүрген қаржылы кәсіпкерлерді, қалталы азаматтарды өздері өскен ауылдарға қолдау көрсетуге шақырды. Осылай 2012-2015 жылдарға арналған «Көркейе бер, туған жер» облыстық акциясы өмірге жолдама алған болатын.
Бейсенбі, 26 сәуір 2012 7:17
Ақтөбе облысының әкімі Архимед Мұхамбетов жыл басында өңірдің әлеуметтік мәселелерін шешудің соны жолдарын іздестіру қажеттігін алға тарта келіп, осыған байланысты өз ісін ашып, жағдайын түзеген, әр жерде жүрген қаржылы кәсіпкерлерді, қалталы азаматтарды өздері өскен ауылдарға қолдау көрсетуге шақырды. Осылай 2012-2015 жылдарға арналған «Көркейе бер, туған жер» облыстық акциясы өмірге жолдама алған болатын.
Игі бастама халықтан кең қолдау тапты. Бастама көтерілген бойда Шалқар ауданының іскер азаматтары басқосып, өздері туып-өскен туған ауылдарында әлеуметтік нысандарды жаңғыртуға және жаңадан салуға үлес қосатындықтарын білдіріп, ұйымшылдықтың үлгісін танытты. «Көркейе бер, туған жер» акциясын өткізу бастамасын іле-шала Мұғалжар, Ырғыз аудандары да қолдай жөнелді. Қалған аудандарда осы бағытта жұмыстар жүргізуде.
Жақында акцияны қолдауға байланысты Алға ауданы әкімдігі ұйытқы болған ұлағатты шараға қатысудың сәті түсті. Ғазиза Жұбанова атындағы облыстық филармонияда өткен бұл шараға осы өңірден түлеген іскер азаматтар мен қаржылы кәсіпкерлер шақырылыпты. Әуелі жиналғандарға ауданның тәуелсіздік алған кездегі және бүгінгі экономикалық-әлеуметтік жағдайы салыстырыла баяндалатын бейнефильм көрсетілді. Содан кейін басталған аудан көркемөнерпаздары концертінің шымылдығы Ахмет Жұбановтың «Би күйі» және Құрманғазы бабамыздың «Адай» күйлерімен ашылды.
Сахнаға көтерілген аудан әкімі Айбек Сағиев жерлестеріне жылы лебізін, салмақты сөзін арнады. Ол ауыл – әркімнің алтын бесігі, туған жер тұғыры екеніне тоқтала келіп, «көп көтерген жүк жеңіл» болатынын жеткізді. Сондықтан, осы өңірден түлеп-ұшқан кәсіпкерлер мен басшылық қызметте жүрген азаматтарды «Көркейе бер, туған жер» акциясына бір кісідей ұйымшылдықпен қатысуға үндеді. Сіздердің қолдау-көмектеріңізбен ауылдардағы әлеуметтік нысандарды жаңғырту мен жаңадан салудың қыруар шаруаларын бірлесіп, иықтаса жүріп атқаратынымызға сенімдімін, деп қорытты ойын аудан басшысы.
Іскер азаматтардың арасынан сөз алған «Рейімқұл» ЖШС-нің директоры Самат Қалдығұлов бұл акцияны атақоныс, туған жерді көркейтудің үш жылдық бағдарламасы ретінде бағалай келіп, кесімді ой, кесек тұжырымын мәлім етті. Ол өзі туып-өскен Қарабұлақ ауылдық округіне қарасты Амангелді ауылына жалпы алаңы 420 шаршы метр Мәдениет үйін және аумағы 1 гектар саябақ салып беремін дегенде залдағылар ду қол соғып, қошемет көрсетті.
Фойеге қойылған ұсыныстар кітабына «Көркейе бер, туған жер» акциясын қолдауға және оны өткізуге байланысты осы шараға қатысқан алғалық іскер азаматтар мен қалталы кәсіпкерлер өз ой-пікірлерін қалдырып жатты.
Сатыбалды СӘУІРБАЙ.
Ақтөбе облысы.