Таным • 15 Ақпан, 2019

Бірге барайық: Интеллектуал дос тапқыңыз келе ме?

536 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Жаңа ортаға түскенде араласатын адам таппай қиналатын кез болады. Жұмыс барысымен немесе отбасы жағдайымен тұрғылықты мекенжайын ауыстырған жандарға бізде бір ұсыныс бар. Айтпақшы, бұл – демалыс күндері қайда баруға болатынына бас қатырып отырған астаналықтар мен қала қонақтарына жақсы мүмкіндік. 

Бірге барайық: Интеллектуал дос тапқыңыз келе ме?

Тегін. Осы сөзді ұнатпайтын адам жоқ шығар. Әсіресе, дәл бүгінгідей нарықтық қоғамда. Фатима Жандосова ерікті, өз қалауымен келген, демалыс күндерін өзгеше өткізуді қалайтындар үшін тегін орта қалыптастырады. Ол «Не? Қайда? Қашан?» интеллектуалдық ойынын ұйымдастырады. Бұл жексенбі сайын өтеді. 2015 жылы жаз мезгілінен қолға алған ол бұл жобасының өміршең екенін айтады. «Үнемі, тұрақты түрде келіп жүретін 7-8 адам бар. Ал әр отырысымызға кемінде 20 адамнан қатысады. Олардың кебіреуі жай сырттай бақылап кетеді, енді береуі қатысушыға қызығып, еріп келеді. Тұрақты ойыншыларымызбен бірге саяхатқа, караокеге барып тұрамыз. Бұл – жақсы орта, дос табудың тамаша мүмкіндігі. Осы үшін «OceanArt» орталығына алғыс айтамын!», дейді Фатима.

Мұндай интеллектуалдық ойын ойнататын орындар мегаполис қалаларда бұрыннан бар. Кейбірі тіпті мұны тиімді кәсіп көзіне айналдырған. Ал Фатима оны тегін жүргізеді. «Бұл адамға еркіндік сыйлайды. Бізге көбіне осы жетіспейді ғой. Келушілер қатысу үшін ақша төлемейді. Бірақ өздері отыратын дастарқанға тәттілер ала келеді. Өйткені кейде ойын қызып кетіп, біраз уақыттың қалай өткенін байқамай қаламыз», дейді ол.

Ал осындай орталық сіздің қалада, өңірде болмаса немесе аталған орталықтың орысша өтетін ойынын құп көрмесеңіз, өзіңіз ұйымдастырыңыз, бұл – сізге тамаша идея. Ол еш қаржыны қажет етпейді. Телефонға телмірген қоғамды бір-бірімен шүйіркелесуге шақыратын ниетіңіз болса, болғаны.

Астаналықтар мен қала қонақтары үшін «OceanArt» орталығының мекенжайын ұсынамыз: Шұбар мөлтек ауданы, Мирная көшесі 12/1.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»