Аймақтар • 16 Ақпан, 2019

Павлодарда «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының филиалы ашылмақ

518 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

С.Торайғыров атындағы облыстық кітапханада «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының президенті, заңгер Сабыр Қасымов Кереку өңірінің зиялы қауым өкілдерімен кездесті.

Павлодарда «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қорының филиалы ашылмақ

- Арамызда еліміздің тәуелсіздігі үшін күрескен, атылған, сотталған, зардап шеккен адамдар аз емес, - деді Сабыр Қасымов. – Бірақ, осындай санаттағы адамдар әлі дұрыс ақталған жоқ.

Айтуынша, 1920-30-33 жылдары орын алған 372 халық көтерілісіне қатысқандардың көбісі әлі анықталып, ақталмаған. Жалпы қордың 3 мақсаты бар. Біріншісі-аталған санаттағы адамдарды ақтау. Екіншіден олардың ерлігін, ұлтты сүйгендігін көпшілікке таныстыру. Ескерткіш орнату, көшелерге есімдерін беру, кітаптарын шығару. Үшіншіден, осы мақсат тағылымы арқылы бүгінгі ұрпақты тәрбиелеу. Сондықтан, біздің өңірде де қордың филиалын ашу жоспарлануда.

Мысалы, өңірімізде 1986 жылғы Желтоқсан оқиғасына қатысқан жастар да аз емес. Осы жастарды, қазіргі орта жасқа келіп қалған оларды іздеп, жазып, елге танытып, кітап бетінен көрсету парыз. Өйткені, кейбір желтоқсандықтар кеудемсоқ ұраншыл емес, өздерінің еліміздің тәуелсіздігі үшін алаңға шыққандарын ұлттық парыз санайды. Мен мұндалай бермейді. Бірақ, кейбіреулердің көлеңкесінде қалып өмір сүре берді. Осы өрлік рухтарымен желтоқсандық екенін биікке көтерді. Төмендемейді.

Сондықтан, арғы-бергі тарихымыздағы қаһармандарды ақтап, елге таныту жолында «Қаһармандар» қоры зор үлес қосатынына сенім бар. Кездесуге қатысқан облыстық ішкі саясат басқармасының басшысы Ернұр Дәуеновтің айтуынша, облысымызда 698 қоғамдық ұйым бар болса, оның 90 пайыздан астамы орыс тілінде және жалпы бағытта жұмыс жасайды. Өткен жылдан бері ұлттық бағытта жұмыс жасайтын, этно бағыттағы қоғамдық ұйымдардың санын арттыру жөнінде стратегиялық мақсат қойылыпты.

Жиын соңында «Қаһармандар» республикалық қоғамдық қоры облыстық филиалының төрағасы болып Жұмабек Қамзин бекітілді. Жұмабек Қамзин «Қаһарманға» лайық, өңірге белгілі тұлға. Ол өңірдегі «Майдан жолы» және «Панфиловшылар» іздеу отрядын құрды. Ресей аумағында соғыс кезінде із-түссіз жоғалған қазақстандық жауынгерлердің денесін іздестіру жұмыстарын жүргізуде.

Енді Жұмабек Хамзин басқаратын қор өңірдегі еліміздің тәуелсіздігі үшін қызмет еткен жандар жайлы іздеп, оларды көпшілікке таныстырумен айналыспақ.

Фарида БЫҚАЙ, 

«Егемен Қазақстан»

Павлодар облысы