Медицина • 16 Ақпан, 2019

Алматыда студенттер арасында «IITU Robocon 2019» робототехника чемпионаты өтті

680 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Студенттер арасында өткен бірінші республикалық «IITU Robocon 2019» робототехника чемпионатына еліміздің 15 үздік университетінің студенттері қатысты.

Алматыда студенттер арасында «IITU Robocon 2019» робототехника чемпионаты өтті

Жастар жылы аясында «Рухани жаңғыру», «Цифрлы Қазақстан» бағдарламаларын жүзеге асыру мақсатында ұйымдастырылған чемпионат Білім және ғылым министрлігі, Алматы қаласы әкімдігінің қолдау көрсетуімен өткізіліп отыр.

Негізгі ұйымдастырушылары «Тұңғыш Президент – Елбасы қоры» мен ABU Robocon Азия-Тынық мұхит жарыстарының сегіз дүркін чемпионы, робототехника бойынша негізгі орталық болып табылатын Халықаралық Ақпараттық технологиялар университеті. Ұйымдастырушылардың пікірінше, «IITU Robocon 2019» чемпионаты жастардың техникалық білімін шыңдауды, стартап жобаларды дамыту мен еліміздің инновациялық қызметінде жастар белсенділігін арттыруды мақсат етеді. Чемпионаттың бас серіктесі - Halyk Bank.

Заманауи технологияның тілін меңгерген жастардың ізденістері жарыс аясында қолданылған роботтық жұмыстардан аңғарылады. Роботты өз қалауынша қимылдатып, басқара білетін жастардың жұмыстары әртүрлілігімен ерекшеленді. Олардың қатарында оқ бойы озық шыққандарға арнайы орындар тағайындалып, жүлделер табыс етілді.

І орын Алматы Менеджмент Университеті (Alma U), ІІ орын орын әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университеті, ІІІ орын Радиоэлектроника және байланыс әскери-инженерлік институты студенттерінің еншісіне тисе, «Үздік инженерлік қадам» аталымын Алматы Энергетика және байланыс университетi, «Үздік дизайндағы роботты» Қазақстан-Америка еркін университетінің (Өскемен қаласы) студенттері жеңіп алды.

Эльвира СЕРІКҚЫЗЫ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ