26 Сәуір, 2012

Жастар сенімге лайық

409 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Жастар сенімге лайық

Бейсенбі, 26 сәуір 2012 7:25

«Жетісу жастары» орталығы жақында «Болашақ бүгіннен басталады» атты рес­публикалық акция аясында қыз-жігіттерді орталық алаңға жинады. Кездесу мерекедегідей өтті. Алаңға жиналған жастарды қала басшылығы мен қоғамдық бірлестік, жастар ұйымдарының көшбасшылары және ардагерлер қарсы алды. «Жетісу жас­тары» орталығының директоры Р.Алпыс­баев ата-баба аманаттаған еліміздің тыныштығын сақтауға, өркендетуге аянбай күш-қайрат танытуға міндеттіміз, деді.

 

Бейсенбі, 26 сәуір 2012 7:25

«Жетісу жастары» орталығы жақында «Болашақ бүгіннен басталады» атты рес­публикалық акция аясында қыз-жігіттерді орталық алаңға жинады. Кездесу мерекедегідей өтті. Алаңға жиналған жастарды қала басшылығы мен қоғамдық бірлестік, жастар ұйымдарының көшбасшылары және ардагерлер қарсы алды. «Жетісу жас­тары» орталығының директоры Р.Алпыс­баев ата-баба аманаттаған еліміздің тыныштығын сақтауға, өркендетуге аянбай күш-қайрат танытуға міндеттіміз, деді.

І.Жансүгіров атындағы Жетісу мемлекеттік университетінде көптеген ұлттың басын қосатын студенттер оқып, білім алуда. Олар да аталған акция аясында ту­ған жердің түрленіп, қаланың көркеюіне өз үлестерін қосуға жұ­мылған. Тілі басқа, тілегі бір студент­тердің өз халқына деген жүрекжарды лебіздері де арнасынан асып төгілді. Мә­селен, мәдениет және өнер факультетінің 1-курс студенті Ангелина Карапетьянц өз пікірін былай білдірді:

– «Туған анаңдай ақ сүтін беріп, мәпе­леп өсірген Отанды сүю – қасиетті боры­шымыз» деген ұлылардан қалған тамаша сөз бар екен. Ал, қазақпен туғанындай біте қайнасып, жұмылған жұдырықтай жұ­мыс жасап, ұрпағын өсіріп жатқан қан­шама ұлт өкілдері Қазақстанда тату-тәтті өмір кешуде. Қай елде өмір сүрмесін оның тілін, тарихын, мәдениетін құрмет­теу – кімге болса да парыз. Осы орайда менің ұлтым орыс болса да, Қазақстанды туған Отаным, ал қазақ тілін білуді Отан алдындағы парызым деп білемін, – деді ол.

Әңгімеге араласқан гуманитарлық фа­культеттің 4-курс студенті Зара Сы­дықова да тебірене сөйледі. «Мен қазақ тілін білгенімді мақтан тұтамын, – деді ол. – Менің ұйғыр достарыммен бірге, қа­зақ достарым да өте көп. Аталған университетте 10-нан астам өзге ұлт өкілдері жоғары білім алып жатыр. Біз барлық шараларға қатысып, бірлікті, ынты­мақ­ты, достықты дәріптейміз. Қазіргі таңда мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеру, қолдану аясын кеңейту керектігін аға буын өкілдері жиі көтеріп жатады. Ал мен бұған қазақ тілін білу арқылы, сол тілде сөйлеу арқылы үлесімді қосып жа­тырмын десем артық айтпағаным. «Хал­қын сүйген – салтын да сүйер» дегендей, қазақ халқын қаншалықты құрметтесек, тіліне де соншалықты құрметпен қарауымыз керек. Ендеше, біздер – өзге ұлт өкілдері қазақ тілін, салтын құрметтеп, ұлттық байлықты сақтауға атсалыссақ, одан ұтпасақ, ұтылмаймыз».

Иә, жастар – қашанда жақсы істердің жаршысы. Олардың бүгінгі белсенділігі жоғары сенім білдіруге әбден лайық.

Күмісжан БАЙЖАН.

Алматы облысы.