Қоғам • 16 Ақпан, 2019

БҚО-да көп балалы отбасылар мәселесін шешуге қосымша 500 млн теңге бөлінеді

223 реткөрсетілді

Өңірде қазіргі таңда 63,5 мың адам түрлі әлеуметтік көмек алып отыр. 2018 жылы олардың өмір сапасын жақсартуға 5,4 млрд теңге жұмсалған.

- Бұдан бөлек, мемлекет өңірдегі 12,6 мың көпбалалы отбасына көмектесу үшін кешенді шараларды жүргізіп отыр, - деді Алтай Көлгінов халықпен жүздесуінде.

Батыс Қазақстан облысында «Алтын Алқа» және «Күміс Алқа» алған 7684 ана бар. Одан бөлек, 4954 ана 4 және одан да көп бала тауып, тәрбиелеп отыр.

«Мектепке жол», «Қамқор» акциялары аясында былтыр оқу жылы қарсаңында аз қамтылған отбасылардың 32 мың ұл-қызы 204 млн теңге көлемінде материалдық көмек алған. 12 мың оқушыға мектеп формасын алуға 68 млн теңге қаржы бөлінген. Жазғы лагерлерде 3,5 мың оқушы демалды.

Батыс Қазақстан облысы – еліміз бойынша 1-4 сынып оқушыларын түгелдей ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отырған жалғыз өңір.

- Дегенмен өңірде көпбалалы отбасылар үшін шешілмеген мәселелер бар, - деді Алтай Көлгінов. – Соңғы күндері 2 мыңдай адаммен кездестік, олардың бәрінің мұң-мұқтажын тыңдап, бақылауға алып отырмыз. Мемлекетіміз үнемі әлеуметтік жағдайы төмен әрі көп балалы отбасыларға қолдау көрсетіп келеді. Біздің қоғам оларды ешқашан шеттеткен емес. Өйткені, отбасы қоғамның жай ғана бір бөлігі емес, бүкіл мемлекеттің негізі. Сондықтан өңірімізде дәстүрлі «Мейірімді көктем» жобасын жүзеге асыруды ұсынып, барлығын белсенді қатысуға шақырдым. Аталған жоба көп балалы отбасыларды және мүмкіндігі шектеулі жандарды қолдауға бағытталған. «Мейірімді көктем» аясында ұйымдастыру орталығы құрылады. Бұдан бөлек облыста осы санаттағы азаматтарға кеңес беру, әлеуметтік, құқықтық және материалдық көмек көрсетуге бағытталған мыңнан астам түрлі іс-шара өткізіледі. Біздің міндетіміз – жүйелі түрде жекелей және әр отбасыға қолдау көрсету, - деді Алтай Көлгінов.

Өңір басшысының айтуынша, жағдайы төмен әрі көп балалы отбасылардың әлеуметтік жәрдемақы, білім саласына қатысты түйіткілдер, жұмыспен қамту, тұрғын үй және басқа да мәселелері жүйелі шешілуі тиіс. Қазірдің өзінде жергілікті бюджеттің барлық кіріс-шығысын есептеу арқылы қосымша 500 млн теңгені әлеуметтік жағдайы төмен әрі көп балалы отбасылардың мәселелерін шешуге арнауға шешім қабылданған.

Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»

Батыс Қазақстан

Суретті түсірген Рафхат ХАЛЕЛОВ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Әлкей Марғұлан мұралары

Қазақстан • Кеше

Түлен түрткен түс

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар