16 Ақпан, 2019

Қарағандыда NASА кездесу өткізді

124 реткөрсетілді

Қарағанды облыстық Н.Гоголь атындағы әмбебап ғылыми кітапхананың «Американдық бұрышында» «NASА» астрономия әуесқайлары клубының алғашқы кездесуі өтті.

Кітапхананың акт залына лық толған әуесқойлар алдында кездесудің модераторы Дамир Кәрімов астрономиялық бірліктер, метеориттер мен метеорлар арасындағы айырмашылықтар туралы, Сириустың ерекшелігі және ғарыш әлеміне қатысты басқа да тартымды тақырыптар бойынша қызықты викторина ұйымдастырды. Сұрақ-жауап ойыны барысында білімпаздығымен көзге түскен жастарға естелік сыйлықтар табыс етілді.

Сонымен қатар, Дамир Кәрімов телескоп таңдау кезінде ескеретін бірнеше жайт туралы кеңес берді.

– Көп адам телескоп ұзын болса, соғұрлым жұлдыздарды жақындатып көрсетеді деп ойлайды. Мүлде олай емес. Шындығына келгенде, мәселе – телескоптың линзасында. Мысалы, физикада мынадай ерекшелік бар: линзаның диаметрі үлкен болған сайын, ол жарықты көбірек жұтады. Егер салыстырар болсақ, адам көзінің қарашығы 10 мм болса, онда ол 5 мыңға жуық жұлдызды көре алады. Ал телескоптың диаметрі 200 мм болатын линзасының көмегімен миллионның шамасындағы ғарыш денелерін тамашалауға болады, – дейді ол.

Кездесуге қатысушылар астрономия және физика ғылымдары туралы кіріспе дәріс тыңдағаннан кейін, түрлі телескоптарды тамашалап, оларды іс жүзінде салыстыру мүмкіндігіне ие болды.

Шараны ұйымдастырушылар қарағандылық өрендердің ғарыш әлемі мен оған қатысты дүниелерге деген қызығушылықтарының күннен күнге артып келе жатқанын айтады. Аталған шараны ұйымдастырушылардың бірі, «American corner» үйлестірушісінің көмекшісі Шұғыла Сағынбекова алдағы уақытта мұндай кездесулерді айына екі рет өткізіп тұру жоспарланғанын мәлім етті.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Әлкей Марғұлан мұралары

Қазақстан • Кеше

Түлен түрткен түс

Аймақтар • Кеше

Ұқсас жаңалықтар