Дәрігерлерден мұндай тосын сыйды күтпеген балалар алғашында: «Химия терапия тағы бола ма?», «Ине қашан?» деген үреймен қарсы алған. Ал дәрігерлер кішкентай емделушілерді аурудың алдында күрескер болуға шақырып, сонда ғана оны жеңуге болатынын ерекше әрекетпен түсіндірді. Осы жолда дәрігерді дос деп қабылдауға үгіттеді.
Денсаулық сақтау министрлігінің мәліметінше, жыл сайын шамамен 600 балада обыр ауруының диагнозы анықталады екен. Балаларға бұл қиындықты жеңуге әдетте ата-аналары мен дәрігерлер көмектеседі. Бұл жолы еріктілер де қолдаудан тыс қалмады. Жоғарыда аталған көңілді би «Help Today» қоғамдық қоры волонтерлерінің көмегімен жүзеге асырылған. Қор директоры Элмира Алиева: «Бұл балаларға мереке болды. Алғашында олар биші-дәрігерлерді көріп, қайран қалды. Балалар дәрігерлерді үнемі инесімен, түрлі қорқынышты құралдарымен көретіндіктен, оларға үркіп қарайды. Бірақ бұл жолы басқаша болды. Балалар дәрігерлермен бірге биледі», дейді.
Қор денсаулық саласына қатысты игі істермен айналысады. Ондағы ұжым, бұдан бөлек, қатерлі ісікпен ауыратын балаларды қолдау ретінде «Мен – жеңімпаз» жобасын ұйымдастырыпты. Ол жобада ерте жаста осындай дертке шалдығып, оны жеңіп шыққан нақты кейіпкерлер туралы бейнероликтер жасалған. «Бұл балалар мен олардың ата-анасына сауығып кетуге сенім сыйлауды көздейді. Мәселен, бір бейнероликтегі Абдуллам Алин қазір 20 жаста. Ол қатерлі ісікті өмірінде 2 рет жеңген. 3 және 5 жасында Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығында күрделі ем алған. Кейіпкеріміз бүгінде ЖОО-да оқиды, спортпен шұғылданады әрі өзге емделушілерді жеңіске жетуге итермелейді», дейді Э.Алиева.
Дәрігерлердің көңілді биі түсірілген видеоны Эльмира әлеуметтік желідегі парақшасына жариялаған. Онда балалардың бір сәт ауруын ұмытып, шаттыққа бөленгенін көруге болады.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»