Ақтау, Ақтөбе және Атырау гарнизоның әскери қызметшілері Ауған соғысында қаза болғандардың ескерткіштеріне гүл шоқтарын қою рәсімдері мен салтанатты митингтерге қатысты.
Бейнеудегі салтанатты іс-шаралардың аяқталуымен Ауған соғысының 25 ардагері 99116 әскери бөлімінің «Бекет Ата» оқу полигонына бет бұрып, әскери бөлімнің өмірлік тынысымен танысты, сарбаздармен сұхбат жасап, әскери асханадан ауыз тиді.
Ал, Ақтөбе қаласында орналасқан С.Жиенбаев атындағы кітапханада интернационалист жауынгерлер 30238 әскери бөлімінің сарбаздары мен № 16 орта мектептің «Бүркіт» әскери-патриоттық клубының тәлімгерлерімен кездесу өткізді. Ардагерлер оларға өздерінің жауынгерлік жолы туралы, соғыс қиындықтары мен ерлік, батылдық үлгілері туралы әңгіме айтып берді.
Қазіргі таңда Қазақстан Республикасының Қарулы Күштерінде сол сұрапыл соғыстың куәгері болған біраз әскери қызметшілер қызмет етуде, олардың басым бөлігі басшылық құрамында.
Гүлайым ШЫНТЕМІРҚЫЗЫ,
«Egemen Qazagstan»
Маңғыстау облысы