28 Сәуір, 2012

Мен білетін Болат

430 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Мен білетін Болат

Сенбі, 28 сәуір 2012 1:20

«Алып анадан туады», деген жақсы бір нақыл сөз бар. Қазақ халқы ақынға да, батырға да, данаға да, көсемге де кенде емес. Туған елінің бағына туып, бүкіл өмірін сол жолға арнаған атақты адамдар қаншама?! Олар туралы айтылып та, жазылып та жүр. Халық жүрегінен орын алған мұндай жандар қашанда құрметке лайық. Менің айтпағым, қарапайым қазақтың қара шаңырағында дүниеге келіп, жастайынан көптің аузына іліккен, қатардағы жауынгерден генерал-лейтенант дәрежесіне дейін жеткен әскери әріптесіміз әрі досымыз Болат Бақытжанұлы Жанасаев туралы болып отыр.

 

Сенбі, 28 сәуір 2012 1:20

«Алып анадан туады», деген жақсы бір нақыл сөз бар. Қазақ халқы ақынға да, батырға да, данаға да, көсемге де кенде емес. Туған елінің бағына туып, бүкіл өмірін сол жолға арнаған атақты адамдар қаншама?! Олар туралы айтылып та, жазылып та жүр. Халық жүрегінен орын алған мұндай жандар қашанда құрметке лайық. Менің айтпағым, қарапайым қазақтың қара шаңырағында дүниеге келіп, жастайынан көптің аузына іліккен, қатардағы жауынгерден генерал-лейтенант дәрежесіне дейін жеткен әскери әріптесіміз әрі досымыз Болат Бақытжанұлы Жанасаев туралы болып отыр.

Жастықтың отын жалындатып, үнемі ізденіс пен алға ұмтылған генералдың өмір жолы кімге де болсын үлгі-өнеге. Ол алдына қойған мақ­сатына жету үшін Политех­никалық инс­титуттың ІІІ курсында жүр­ген кезінде оқуды тастап, қи­ын­шылықтарға қа­рамастан, әс­кери училищеге түсіп, әскери салаға бет бұр­ды. Бұл – сол кез­дегі әрбір жастың тәуекелге бел буып бара бермейтін ерек­шеліктерінің бірі. Ол кезде әс­кер атану, әскери саланы батыл меңгеру – көптеген жастардың арманы еді. Сөйтіп, бойдағы ерік-жігер жас жігітті осындай асу-белестерді бағындыру үшін ал­ға ұмтылдырды. Ақы­ры мұндай жігерлілік оның бойында командирлік қасиетті қалыптастырды. Уақыт өте келе ең жас басшылардың бірі атанып ел аузына ілікті, көп ұзамай генерал дәрежесіне жетті.

Әлі есімде жасындай жар­қыл­даған Болаттың бойында­ғы елді соңына ерте білетін ко­ман­дирлік қасиетті сонау 70-жылдарда білдім. Кеңес өкі­метінің дүркіреп тұрған кезең­дерінде біз оқыған училищеге сол кездегі Қазақстан Компартиясы Орталық Комитетінің бі­рінші хатшысы Дінмұхаммед Ахмет­ұлы Қонаев келіп, училище курсанттарымен кездесіп, жауынгер курсанттардың тұр­мыс-тірші­лі­гі­­мен жан-жақты танысты. Пікір алмасты, қор­да­ланған мә­се­­­лелерді өзіне түртіп алды. Сө­зін қорытындылап кетуге оқтала бере: «Қане, кімде қандай сұрақ бар? – деп залға көз жүгіртті. Дәл соны күт­кен­дей: «Менде сауал бар еді», деген ашық дауыс саңқ ете қалды. Сөйткен жас кур­сант Жанасаев аты дардай учи­лищенің мәде­ниет сарайы жоқ екенін және де училищеде оқи­тын талантты жас­тардың са­бақтан бос уа­қытта бір бас қо­сатын орынға зәру екенін айтты.

Осылайша залда отырған курсанттарды өзіне баурап алған Болаттың өтініші дереу қолға алынып, училищеге зәулім Мә­дениет сарайы тез арада тұр­ғызылды. Өзінің талапшылдығы мен іскерлігін көрсете білген Болат даралана түсті.

Әскери борышын өтеу – әр­бір азаматтың Отан алдындағы парызы. Мұны жетік түсінетін Болат Жанасаевтың өмір жолы адам мен тұлға қалыптасуының өнегелі көрінісі болып табылады. Жастайынан әскери өмірдің қыр-сырын меңгерген Болат училищеден соң жас лейтенант шенінде әскери өмірін Гер­маниядағы Кеңес әскери тобында қызмет етуден бастады. Одан 1987 жылы Мәскеудегі М.­В.Фрун­зе атындағы әскери академияны да ойдағыдай бітіріп шық­ты. Бір орында тұрақтап қалмай үнемі білімін жетілдіруді аңсайтын жас талап 2008 жылы Мәскеудегі Ресей Федерациясы Қарулы Күштері Бас штабы әскери академиясын да үздік бітірді. Бұл әскери салада қыз­мет атқаратын кез келген офи­цердің аңсайтын арманы. Демек, Болат Бақытжан­ұлы­ның әскери қызметін саралай келе, взвод командирінен Қа­зақстан Республикасы Қорға­ныс минис­трінің орынбасарына, лейтенанттан – генерал-лейте­нантқа дейін өсу кімге де болса өнеге. Осының бар­лығы Болаттың темірдей тәр­тіпке бас иіп, әскери жарғы­ларды бұлжытпай орындауы жақсы азамат болып қалып­тасуына көмегін тигізді. Ке­ңес өкіметі тұсындағы қиын ке­зеңде ішкі әскер полк штабын басқарып, Ферғана облысында болған жаппай келең­сіздік­терді болдырмауда қо­ғамдық тәртіпті орнатуға барынша атсалысты. Осындай қым-қуыт әскери өмір­мен ғы­лымды шебер ұйым­дас­тырған Болат кан­дидаттық диссертациясын қор­­ғады. Бұның бәрі оның өзін-өзі жетілдіріп, үнемі ізде­нуде жү­ретіндігін көрсетті.

Әскери өмір ер-жігітті патриоттыққа тәрбиелеп, жас күнінен бастап, халық алдын­дағы міндетін сезінуге мүм­кіндік берді. Ол атақ-даңққа, басқа да марапатқа да кенде емес. Болаттың барынша қа­ра­пайымдылығымен көреген­ділігі, адами қасиетімен бір­ден адамды баурап алуы, парасатты тұлғасын биіктеткен үстіне биіктете түседі.

Абай ТАСБОЛАТОВ, Парламент Мәжілісінің депутаты, генерал-лейтенант.