Қазақстан • 17 Ақпан, 2019

Ғылыми жобалардың үздіктері анықталды

187 реткөрсетілді

Алматы қаласында «Бөбек» ұлттық ғылыми-практикалық, білім беру және сауықтыру орталығы базасында 13-16 ақпан аралығында өткен «Қазақстан – 2050» стратегиясындағы Қазақстан дамуының экономикалық және әлеуметтік-мәдени модельдері» тақырыбындағы ғылыми жобалар конкурсы өз мәресіне жетіп, үздіктер анықталды.

Жалпы білім беретін пәндер бойынша ҚР Білім және ғылым министрлігінің қолдауымен «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығы өткізген байқау жиырма жыл қатарынан жалғасын тауып келеді. Биылғы жылғы байқау барысында ғылыми жобаларды қорғаудың ашықтығы барынша қамтамасыз етіліп, секциялар жұмысы онлайн-режимде өтті. Осыған орай аталған министрлік және «Дарын» орталығының әлеуметтік желілердегі аккаунттарындағы бейне-көрсетілімдер 18 секция бойынша 131 891 рет қаралды.

Ғылыми зерттеулер байқауының ашылу салтанатында сөз сөйлеген ҚР БҒМ вице-министрі Эльмира Суханбердиева республика өңірлерінен жиналған талантты балалардың саны жылдан-жылға артып келе жатқандығына қуанышын білдіріп, бұл байқаудың әділ деңгейде өтетіндігіне сенім артқан-ды. Әрі бұдан бұрынғы айтылған кемшіліктерді болдырмас үшін байқаудың онлайн режимде қадағаланатындығын атап өткен болатын. Байқау барысында физика-математика ғылымының докторы, профессор, ҰҒА академигі Мұхтарбай Өтелбаев барлық қатысушылар үшін байқауға қатысудың өзі жоғары мәртебе екенін әрі бүгінгі жастар отандық ғылымның келешегі, деп атап өтсе, тарихи ескерткіштер мен туристік бағыттар бойынша жобаның жетекшісі тарих ғылымдарының докторы, профессор Жәкен Таймағамбетов «Республиканың әр өңірінен келген, озық жетістіктері бар оқушылар үшін үлкен алаңда сайысу әрине оңай емес. Дегенмен де қазылар алқасы әділ бағасын айтуға күш салды»,- деді өз сөзінде.

Оқушылардың ғылымға деген қызығушылығын арттыру мақсатында «Ғылыми-техникалық прогресс – экономикалық өсудің негізгі буыны», «Экономикалық және әлеуметтік процестерді математикалық модельдеу», «Таза табиғи орта – Қазақстан - 2050 стратегиясын іске асырудың негізі», «Қазақстанның тарихи ескерткіштері және болашақ дамуы бар саяхат бағдарлары» сияқты төрт бағытта өткен білім додасында жеңімпаздарды анықтауға отандық жоғары оқу орындарының педагог-ғалымдары атсалысты.

Конкурстың қорытынды кезеңіне орай республиканың барлық өңірлерінен үздік деп табылған 625 жоба ұсынылып, 811 дарынды оқушылар іріктелді. Осылайша үздік оқушылар бақ сынасып, 773 жас зерттеуші 601 ғылыми жобаларын қорғады.

Конкурстың «Үздік команда» атағы және гран-при иегері Назарбаев Зиятеркерлер мектептерінің командасына берілді. Ал командалық бірінші орынды Алматы қаласы, екінші орынды Павлодар облысы иеленсе, үшінші орынды Жамбыл және Шығыс Қазақстан облыстары бөлісті. ҚР Білім және ғылым министрлігінің I дәрежелі дипломдары және алтын медальдармен 49 жобаны дайындаған 60 жеңімпаз, ІІ дәрежелі дипломдары және күміс медальдармен 79 жоба бойынша 103 жүлдегер, ІІІ дәрежелі дипломдары және қола медальдармен 130 жоба бойынша 176 жүлдегер марапатталды.

Конкурс қорытындысы бойынша жеңімпаздар еліміздің құрама командасы қатарында 12-17 мамыр аралығында Феникс қаласында - Аризона штатында жыл сайын өтетін «Intel ISEF-2019» оқушылардың халықаралық ғылыми жобалар конкурсында өз жұмыстарын ұсынатын болады.

Конкурстың жеңімпаздары мен жүлдегерлерінің тізімін https://daryn.kz/olympiads/view/4/2904 cілтемесі арқылы көруге болады.

Эльвира Серікқызы,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ

Баннер
Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар