Қазақстан • 18 Ақпан, 2019

4-ші өндірістік революция орнады ма?

577 реткөрсетілді

Жақында Шанхайда ұзындығы 26 метрлік көпірді орнатты. Оның өзгелерден көп айыр­машылығы жоқ, тек қана ол 3D принтерде құйылған әлем­дегі ең үлкен көпір. Былтыр күзде дәл осылай «басып шыға­рылған» болат көпір Амстердамның каналын көмкерді. Соңғы кезде мұндай мысалдар жетерлік. Дрон такси, жасанды интеллект, блокчейн технология және басқалар. Бұлар 4-ші өндірістік революцияның орнағанын білдіре ме? Егер солай болса, онда бұл төңкерістің пайдасы мен қатері қандай?

Алғашқы революция. Жалпы, өндірістік революциялар аты айтып тұрғандай өндірісте үлкен төңкеріс жасайтын жаңа технологиялар пайда болғанда орнайды. Алғашқы революция Англияда болды. Неге? Себебі Англияның колонизаторлары бүкіл әлем бойынша құл саудасын жүргізді. Кейде пайда 500%-ды құрады. Ағылшын капиталистерінің сол саудадан түскен үлкен қаражаты одан әрі табыс әкелу үшін өндіріске инвестиция ретінде құйылды. Ақша пайда болған соң өнертапқыш­тар өндірісті арттыратын түрлі идеялар ұсына бастады. Соның бірі – Джеймс Уаттың бу машинасы еді, XVIII ғасырдың соңы. Бу двигательдері паровоз, кемелерді орнынан қозғалтты. 

Екінші революция. Келесі өндірістегі төңкеріс зауыттарда тауарларды жаппай өндіру­мен, яғни конвейерлік әдіспен, жаңа сапалы болаттың пайда болуымен, темір жолдардың жаппай са­лынуымен, Томас Эдисон, Ни­кола Теслалардың электр энер­гия­сына жаңалық әкелуімен бай­ланысты. 

Бұл XIX ғасырдың соңы. Бұл кезең кезекті өнертапқыштың патентімен емес, ғылым жетістіктерінің өндіріске кешенді түрде енуімен ерекшеленді.

Үшінші өндірістік революция. Жаппай компьютерлендіру, интернет, көліктің миллиондап өндірілуі, күн, жел, толқын сияқты баламалы энергия көздерінің пайда болуы, ұялы байланыс үшінші кезеңге жатады. Бұл XX ғасырдың 70-жылдарынан бері келе жатқан процесс. Алайда бұл үрдіс әлі аяқталмай, 4-ші революция уақыты басталғандай. Себебі соңғы екеуі тым тығыз астасып жатыр. Егер өндірістік революциялардың тарихына қарасақ, энергия көзі өзгергенде, мүлдем жаңа технология келгенде, зауыттар тауар шығарудың тың әдісіне көшкенде адамзат дамуында жаңа кезең басталады екен. Алайда әрбір кезең жұмыс орындарының қысқаруымен байланысты. Себебі зауыттарда бұрынғы жұмысты адам емес, енді машина, техника, робот атқарады. Бірақ сонымен қатар жаңа технология басқа салада мыңдаған жаңа жұмыс орнын ашып отырған. 

Төртінші өндірістік революция. Енді әлем 4-ші өндірістік революцияға аяқ басты деп біраздан бері айтылып жүр. Ол Германияда 4.0 Industry стратегиясының қабылдануымен байланысты. Жалпы, неміс елі қашанда машина, техника құрастырудың орталығы болып келді. Ал бұл сала – өндірістік революцияның «жүрегі». Әлгі стратегияға сәйкес, жаңа индустрияның ерекшелігі – кез келген күрделі тапсырманы мүлтіксіз орындай алатын «ақылды зауыттар» мен ақпаратты сымсыз жіберу құрылғылары болуы керек. Себебі зауыттар толық роботтанады және мәліметті интернет, wi-fi, басқа да технология арқылы алмасады. Енді осы кезеңнің белгісі ретінде бүгін көліктердің адамсыз жүруі, 3D принтермен ғимараттар салу, криптовалюталар, блокчейн, бұлтты технологияда терребайт ақпаратты сақтау, жасанды интеллект, дрондарды көріп отырмыз. Алайда осы жолғы революция тек өндірісті емес, экономиканы, адамды, қоғамды, мамандықтарды, тіпті саяси жүйелерді өзгертіп жібереді деген болжам бар. 

IT-дәуір. 1990 жылы әлемдегі ең бай компаниялар General Motors, Ford Motor, Exxon Mobil секілді көлік пен мұнай компаниялары болған. Үшеуінің капиталы 200 млрд доллардан сәл асқан. Ал биылғы ең құнды 3 компания Amazon, Microsoft және Google-дың иесі Alphabet. Олардың біріккен капиталы 2,3 трил­лион долларға жетті, 10 есе көп. Үшеуінің де IT-компания екенін айтудың қажеті жоқ шығар. Яғни, бүгін жоғары технология­лар көлік пен мұнайдан да қымбат әрі сұраныста. Мәселен, жасанды интеллект сіздің күнделікті сайттан іздейтін ақпар, музыка, киноңызды, фейсбукта жазатын посттарыңызды және басқа да көрсеткіштерді саралай отырып, сізге қажет мәліметті, жарнаманы, тауарды әп-сәтте ұсынып отырады. Яғни, жасанды интеллект адамға ойлануға мұрша бермейтін дәрежеге жетті. 

4-ші өндірістік революция өндіріс саласына да жаңалық әкелді. Бұрынғыдай бір тауарды мыңдап, жаппай шығару технологиясы өзгерді. Енді ірі зауыттар да әр адамның жеке тапсырысын орындай алады. Мәселен, Адидас компания­сы Берлинде кез келген адам аяғын сканерлеп, клиенттің қалаған дизайнымен 3D принтерде спорттық аяқ киімді басып шығаратын дүкен ашты. Бәлкім келешекте мұндай технология «әлемде тек 10 данамен ғана шыққан эксклюзив люкс тауар» дейтін ірі брендтердің қымбат нарығын жоятын шығар. Себебі 3D принтермен әр адам әлемде тек өзінде ғана болатын қалаған тауарын қалаған дизайнымен басып шығара алады. Оны сатып жібергісі келсе, бағасын өзі анықтайды. Жалпы өндіріс толық роботтала бастады. Ал роботты басқару оңай, ол жалақы, де­ма­лыс сұрамайды, ол ауырмайды, сұран­байды, қателеспей­ді. Мәселен, соңғы 20 жылда АҚШ-та көлік шығаруды робот­тан­дырудың нәти­жесінде өнім 53% - ға артыпты, ал жұмыс күші 28%-ға азайған. 

Адам мен робот бәсекесі. Иә, робот адамның жұмысын тартып алады. Кейбір зерттеулер 2022 жылға қарай робот­тар бұрын адам істеген 75 млн жұ­мыс­ты жауып, бірақ есесіне 133 млн жаңа жұмыс орнын ашады деп болжам жасайды. Мәселен, Қытайдың Tianyuan Garments компаниясы АҚШ-тың Арканзас штатында жылына 23 млн жей­де шығаратын фабрикасын ашпақ. Онда 400 адам ғана керек. Adidas ком­пания­сы 2015 жылы Германиядағы Ансбах қаласында SpeedFactory фабрикасын ашты, ол жылына 500 мың жұп аяқ­киім шығарады. Бірақ 160 адам ғана істейді. Себебі қос фабрикада жейде мен аяқ­киімді робот тігеді. Әрине енді бизнес ие­лері шығынын азайтып, өнімін мыңдап көбей­ту үшін адамды емес, роботты жалдауды жөн көреді. 

Ал 4-ші революцияның белгісінің бірі – 3D принтер экономикаға үлкен өзгеріс әкелмек. Жоғарыда айтылған Қытайдағы 3D принтерде құйылған көпір басқалар­дан 3 есе арзан шығыпты. Бүгінде АҚШ-та осы әдіспен соғыста мұрын, құлақтан айырылған сарбаздардың мүшелерін қалпына келтіріп жатыр. Яғни, 3D принтер дене мүшелерді басып шығара бастады. Бұл құрал бүгінде азық-түлік, киім, қару-жарақ, ғарыш кемесінің двигателі және басқа да заттарды құйып жатыр. Өте тиімді технология, бірақ зиян жағы да жоқ емес. Айталық, енді автогиганттар бір көлікті құрастыру үшін оның бөлшектерін 10-20 зауытқа тапсырыс бермеуі мүмкін. Басым бөлі­гін әр автозауыт өзі 3D принтер­де басып шығара ала­ды. Яғни, ол бір жағы бизнестің шығы­нын кемітеді, екінші жағы өзге өндіріске тапсырыстарды азайтады. Бұл келешекте жұмыс орындары жабылады деген сөз. 

Айтпақшы, Петропавлдағы Киров атындағы зауытта осы 3D принтерлерді шығара бастапты. Әрине онымен Қытай­дағыдай көпір не зәулім ғимарат соға алмайсыз, бірақ шағын бөлшектерді құюға болады. Өзіңіз көргендей, 4-ші өндірістік революция үлкен жылдамдықпен дамып келеді. Бұл ғылыми жаңалық немесе мобильдік қосымша авторын, сайттың иелерін, акционерлерін әп-сәтте миллионер, миллиардер қылуға жағдай жасайды. Марк Цукерберг, Сергей Брин, Ян Кумның оқиғалары соның дәлелдері. Әрине бұл есімдерді жиі есті­ген шығарсыз. Бірақ 4-ші өндірістік революция адамның қажеттілігін IT-әдіспен шешумен ерекшеленетіндей. Мәселен, Гаган Биани азаматтарға онлайн білім алуға мүмкіндік беретін Udemy сайтын жасады. Өйткені қазіргі мамандарға жұмыста одан әрі өсу үшін қосымша білім мен білік керек, ал жұмыстан соң қаланың басқа бұрышындағы курсқа барып, оқуға көптің уақыты мен ниеті жоқ. Ал Udemy сайтында әрбір адам қалаған курсын ақылы түрде оқи алады немесе өзі курсты видеоға жазып, сайтқа жүктеп, оны жұртқа сата алады. Басқаша айтса, Джеймс Уатт өз уақытында жұрт­тың қажет­тілігін бу машинасы арқылы шешсе, «қазіргі Джеймс Уаттар» бұл сұра­нысты IT-технологиямен, сайтпен қанағат­тандырып отыр. Механикалық әлем цифрлы дәуірге көшті.

Тиынның екі беті. Алайда бұл даму үрдісінің жағымсыз да тұстары бар екен. Табысы жоғары және табысы төмен азаматтардың арасы одан әрі алшақ­­тап кетті. Бір ғана мысал. Қазір әлемде 1,7 млрд адамға тұрақты электр энергия көзі жетпейді. Яғни, әлемнің бір шетінде дрон-таксимен ұшса, басқа шетінде күнделікті тамақ, дәрі жетіспейді. Бұл аз болса, келесі мысал. 2017 жылы әлемнің ең бай 500 адамның қаражаты 1 трлн долларға көбейген. Ал жаһан бойынша кедей азаматтардың саны да өсіп жатыр. Сондай-ақ Джефф Безос, Билл Гейтс, Уоррен Баффет сияқты әлемдегі ең бай 8 адамның дүние-мүлкі планетамыздағы барлық кедей адам­дардың 50% байлығына тең келді. Яғни, 4-ші өндірістік революция тек технологиялық дамуды ғана емес, сонымен бірге үлкен әлеуметтік теңсіздікті де әкелді. Мұндай үрдіс сонау 18 ғасырда Англияда бу машинасын жүргізіп, ұн тартып, капитал жиған бай лорд пен оған жұмыс істеген жалшылардың арасында да болған. Алайда лордта қазіргідей миллиардтан асатын қаражат болмады. Ал 4-ші өндірістік революция 9 нөлі бар қаражатты қысқа уақытта жинауға мүмкіндік беріп жатыр. Бірақ табысы төмендердің жайы соңғы 3 ғасырда көп өзгере қоймады. 

Енді не істеуге болады? Әлемдік экономикада жасанды интеллект пен роботтар, 3D принтерлер кеңінен тарап, олар әр елде жүз мыңдаған жұмыс орнын жабатыны жоғарыда айтылды. Сәйкесін­ше, саудагер, тігінші, шахтер, жүргізуші, тіпті мұғалімдерге сұраныс азаюы мүм­кін. Дегенмен жаңа технология кәсі­би қабілеті жоғары мамандарды талап ететін одан да көп жұмыс орнын ашады. Мәселен, соңғы жылдары Ұлыбритания экономикасын роботтандыру 800 мың жұмыс орнын жапқан. Алайда 3,5 млн жаңа бағыттағы жұмыс орны пайда бол­ған. Қарапайым тілмен айтқанда, енді қатардағы жай хирургтан гөрі ағылшын тілін меңгеріп, роботпен операция жасау­ды үйренген хирург сұраныста болады. Немесе келешекте тек мәтін жазатын журналист емес, сондай-ақ кемі 3-4 тілде сөйлей алатын, өзі видео түсіріп, оны монтаждап, ақпаратты түрлі форматта тарата алатын маман керек болады. Бәсеке артады, үздіктер алға шығады. Мұндайда не істеуге болады? Сарапшылар 2-3 мән­дес мамандықты қатар үйренген жөн немесе жаңа мамандықтың курсына қазірден бара беріңіз дейді. 

Нұрмұхамед БАЙҒАРА,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар

Ұқсас жаңалықтар