Аймақтар • 18 Ақпан, 2019

Астананың азық-түлік белдеуі: әлеумет пен әлеует

261 реткөрсетілді

Астана тұрғындарының несібесі мол, қазаны майлы болуына Ақмола облысы мүмкіндігінше өз үлесін қосуда. 2019 жылы елордада жылына 5 мың тонна ет өңдейтін кешен салынбақ. Кешен іске қосылған кезде ет өнімдері әжептәуір арзандайтыны анық. Әйткенмен алып кешеннің қажеттілігін өтеу де керек емес пе? Міне, осы орайдағы салмақтың біразы – Ақмола облысы көтеретін жүк.

Облыстың 17 ауданы азық-тү­лік белдеуіне енгізілген. 2009-2017 жылдар аралығында жал­пы көлемі 101,8 миллиард тең­гені құрайтын 125 жоба іске асы­рылған. Оның ішінде 7 жоба сүт­ті мал шаруашылығы болса, 15 жоба ет бағытындағы мал шаруа­шылығы. Оған қоса құс шаруа­шылығын қаузайтын 9 жоба бар. 

Сүт бұлағын тасытып, майлы, нәрлі етті тау қылып үйіп тас­таға­ныңызбен, сол күйінде дас­тарқанға қойылмайды ғой. Енді оны заман талабына сай жақсылап, сапалы етіп өңдеу керек. Бұл орайда, сүт өңдеуге бағытталған 7, ет өңдеуді орайластыратын 5 жоба жүзеге асырылған. Тауарлы сүт фермаларының дені Қарағанды облысына тиесілі болғанымен, Ақмола облысынан ағылған ақтың үлесі бәрібір кемшін. Сондықтан таяу шетелдерден жеткізілетін тауарға тосқауыл қоюға тегеуріні жетпеуі әбден мүмкін. 

Бұл арада тауарлы сүт фермасын ұйымдастыру ет бағытындағы шаруашылықтың бейнетінен молдау екенін ескерген жөн. Мұн­таздай таза, жылы қора, сүт сауа­тын, жинайтын, сақтайтын орын керек. Қазір бұрынғы соқпақ­пен көзді жұмып тарта берсең та­қырға отырасың. Малды бұрын­ғыша бағу жоқ. Ерейментау ауда­нындағы «Хамзе» шаруа қожа­лығында болған кезімізде қиын істің мән-жайымен танысқанбыз. Мал азығын салатын оттығының өзі өзгеше. Сүтті, етті симментал тұқымдас сиыр баққан қауым бағымдағы малдарының қыр­қынды шөп жеуінен қорқады екен, асқазанына залал. Мал азығы арнайы цехта әзірленеді. Сауын сиырдың қайсысында кінәрат барын сауын кезінде компьютер арқылы бірден анық­тайды. Жайылымнан жұқпалы ауру жабыспасын деп қысы-жазы өріске шығармай қамап баға­ды. Санап отырсаңыз, қаншама шығын. 

Азық-түлік молшылығын енді қалай жасауға болады? Біздіңше, тауарлы сүт фермаларының өніміне жекенің қолындағы мал өнімдерін үстеу. Әу баста дұрыс шешім болып көрінген кооперативтерден қайран болмады. Тығырықтан шығар төте жол – сүт қабылдау пункттерін көбейту. Екін­шіден, мал тұқымын асылдандыру. Асыл тұқым бақ­сақ қана айымыз оңынан туады. Облыс­тағы асыл тұқымды қара мал са­ны 67,4 мың басқа жет­ті. 50,5 мың басы етті, 15 мыңы сүтті тұ­қым. 

Осыдан-ақ сүт өндіруден де ет өндіру басымдырақ екен­дігі кө­рініп тұрған жоқ па?

Екі бағыттағыны қосқандағы көрсеткіш бағымдағы барлық малдың 33 пайызын ғана құрайды. Қалғаны сүті аз, еті ояз жергілікті тұқым. Егер жекенің қолындағы жергілікті тұқымды сіңіре будандастыру арқылы асылдандырсақ, азық-түлік белдеуін де нығайтар едік әрі мал сүмесімен күн көріп отырған ауыл тұрғындары­ның да еңсесі тіктелер еді. Асыл тұқым­ның артықшылығына тағы бір дәлел айтайық. Асылдандыру қолға алынған 2013 жылмен са­лыс­тырғанда, қазір барлық шаруа­шылықтағы сауын сиырдан сауылатын сүт мөлшері әр са­уын сиырға шаққанда 266 литр­ге көбейіп, жылдық өнім көле­мі 2977 литрге жеткен. Етке өткізі­летін малдың орташа тірілей сал­мағы 2013 жылы 387 келі болса, былтыр 395 келіге жетті. Осы ара­да толық көлемінде иге­ріл­мей жатқан ішкі резерв туралы бір пікір айта кетуге болар. Асыл тұқымды мал саны 33 па­йыз ғана дедік қой. Енді жеке­нің қо­лындағы 70 пайызға жуық малды асылдандырсақ, көл-кө­сір ет өнім­дері Астананың сауда сөре­леріндегі импортты ығыс­тырып шығарар еді. Ығыс­тырып қана қой­май, шетелге шығаратын ет өн­ім­­дерінің көлемін көбейтер едік. 

Астананың азық-түлік бел­деуін жұмыртқа және картоппен қамтамасыз етуде кемдік жоқ. Мәселен, 2018 жылы 243 миллион дана жұмыртқа өнді­рілген. Өсім − 9,4 пайыз. Осы­лайша сұраныстың 92 пайызы қам­тамасыз етіліп отыр. Таяуда іске қосылған Бұланды құс фаб­рикасы толық қуатында жұмыс істеген кезде түгел қамтамасыз етеді. Картоп көлемі 6,5 пайызға өсіп, 90 мың тоннаға жетіп, азық-түлік белдеуі сұранысының 90 пайызын жауып отыр. Ал көкөніс көлемі тың серпілісті қажет етеді. Картоп егетін шаруашылық бас­шы­ларының айтуына қарағанда, көкөніс сақтайтын қойма болма­ған­дықтан, өндірілген өнімді күзде сатып жіберуге мәжбүр. Мол­шылық маусымда картоп бағасы арзан. Сондықтан жұмсалған шығынды жабуын жапқанымен, пайдасы мардымсыз. Картоп өсірушілерді ынталандыру үшін Астана маңына көкөніс сақтайтын қоймаларды көбірек салу қажет. Көкөніс көлемі көбейтуді қажет етеді-ақ. Есепті кезең ішінде 26 мың тонна көкөніс өндіріліп, сұраныстың 29 пайызы өтелген. Ендігі арада тамшылата суарылатын алқаптарды кеңейту және көкөніс қоймаларын салу бұл орайдағы мәселені түбегейлі шешуге себеп бола алады. Мәсе­лен, жауапкершілігі шектеулі «Лея Сарыарқа» серіктестігі 100 гектар жерге картоп отырғызса, алда­ғы уақытта егістік жер көлемін көбейте алады. Сондай-ақ «Green Team» серіктестігі 58 гек­тар жерге картоп, 10 гектар жер­ге бас­қа көкөніс егіп жүр. Мұн­дай шаруа­шылықтар баршылық. Көк­өніс мол­шылығын жасау үшін осындай шағын шаруашылық­тар­дың өнімін күзде көтере сатып алып, көктемге дейін сақтауға жағдай туғызу қажет. 

Астананың азық-түлік бел­деуін қалыптастыру жобасы жаңар­тылды. Бұл бағыттағы жұ­мыс негізінен төрт бағытты қам­титын болады. Алғашқысы ет өнімдерінің көлемін арттыру болса, екіншісі − 2020-2021 жылдары сүт өңдеу кәсіпорындарының жүктемесін арттыру. Осы орайда елордалық облыс 7200 бас сауын сиыры бар 5 тауарлы сүт фермасын құруды межелеп отыр. Олар Бурабай ауданын­дағы «Ни­кольское», «Фирма Нанар», Зе­­рен­ді ауданындағы «Ақ­қа­йың-Ж», Астрахан ауданын­дағы «Камышенка» және Ақкөл ау­д­анын­дағы «Еңбек» жауапкер­шілігі шектеулі серіктестіктері. Олардың әрқайсысында 1200-ден астам сауын сиыр болады. Оған қоса облыс әкімдігі Ауыл шаруашылығы министрлігімен, «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ-мен бірлесе отырып, жалпы құны 23,2 миллиард теңгені құрайтын 92 жобаны жүзеге асырмақ. Бұл жобалар құс, балық, жылыжай өнімдерінен бөлек, 40,9 мың тонна сүт, 3,2 мың тонна ет өндіруге жол ашады. 

Әзірге өндірілген өнімді ұсы­ну жолдары жақсарып келеді. 128 өндірушінің жиған-терген өні­мі 44 сауда нүктесінде сатылып келсе, «АҚМОЛ» сауда желісінің фирмалық 4 дүкені ашылып, онда жыл басынан бері 280 миллион теңгенің 248 тонна азық-түлігі сатылған. Бұл дүкендерде саты­латын азық-түліктің бағасы Астанадағы өзге дүкендерге қара­ғанда едәуір арзан. 

Азық-түлік белдеуіндегі ақмо­ла­лықтардың үлесі артып келе­ді. Асылында азық-түлік бел­деуін қамтамасыз ету екі жаққа да тиім­ді. Сауда сөрелері арзан, сапалы отан­дық өнімдермен толығады, ауыл еңбеккерлері үшін табыс­ты жұмыс орны көбейеді. Төрт түлік­тің табысымен күнелтетін ауыл адамдарының мал басы асыл­данып, өсіп, өнімін өткізетін на­рықты іздемей-ақ табады.

Байқал БАЙӘДІЛ,

«Egemen Qazaqstan»

Ақмола облысы 

Соңғы жаңалықтар

Елбасы Түркия халқына көңіл айтты

Қазақстан • 25 Қаңтар, 2020

Електің соры – алты валентті хром

Экология • 25 Қаңтар, 2020

БҚО полициясы 440 отбасын тексерді

Аймақтар • 25 Қаңтар, 2020

Түркияда жер сілкінісі болды

Әлем • 25 Қаңтар, 2020

Қызылорда: Қазалыдағы қоныс той

Аймақтар • 25 Қаңтар, 2020

Дзюдо: Бүгін жүлде бұйырмады

Күрес • 24 Қаңтар, 2020

Президент әкімдермен кеңес өткізді

Президент • 24 Қаңтар, 2020

Ұқсас жаңалықтар