Қазақстан • 18 Ақпан, 2019

Балаларға қамқорлық – басты мұрат

224 реткөрсетілді

Білім және ғылым министрлігі 2018 жылы атқарылған жұмыстарын қорытындылап, алдағы жоспарларымен бөлісті. Алқалы жиынға Президент Әкімшілігінің өкілдері, Парламент депутаттары, білім саласының қызметкерлері қатысты.

Осыған орай, Орталық коммуникациялар қызметін­де өткен брифингте партия Төрағасының бірінші орынбасары Мәулен Әшімбаев аталған бағыттағы бастамаларға тоқ­талып, Кеңес аясында жұмы­сын бастаған Бірың­ғай әлеумет­тік терезе жүйе­сі мен мұқтаж азаматтарға көмек көрсетуді жетілдірудің тиімді тетіктері туралы айтты. Сондай-ақ ол балалар құқы­ғын қорғау мәсе­лесінде мем­ле­кеттік орган­дардың, үкімет­тік емес ұйым­дардың және ерік­тілердің қыз­метін үйлестірудегі пар­тияның рөліне назар аударды.

Іс-шара барысында Мәулен Әшімбаев елімізде Мемлекет басшысының тапсырмасымен әлеуметтік саланы дамыту мақ­сатында ауқымды жұмыс­тар атқарылып жатқанын айтты. Сонымен қатар ол халыққа көрсетіліп келе жатқан мемле­кет­тік әлеуметтік көмек түр­леріне назар аударды. «Елба­сының тапсырмасымен мемлекет тарапынан қоғамдағы әлеу­меттік мәселелерді оң шешу­ге бағытталған ауқымды жұмы­с­тар атқарылуда. Мемлекет бас­шысының бес әлеуметтік бастамасы мен соңғы Жолдауын­да да халықтың әл-ауқа­тын жақсартып, тұрмыс сапасын арттыруға басымдық беріл­гені белгілі. Атап айтқан­да, Жолдауда Елбасы баспана­ның қолжетімділігін қамтама­сыз ету, тарифтерді шектеу, ең төменгі жалақы көлемін өсіру, медициналық қызмет сапасын арттыру және тағы басқа да нақты мәселелерге назар аударып, тиісті тапсырмалар берді. Бүгінде сол бағыттар бойынша мемлекеттік органдар жүйелі жұмыс жүргізуде», – деді Мәулен Әшімбаев.

Сонымен қатар бүгінде көп балалы отбасыларға қолдау көрсету ісінде де айтарлық­тай жұмыс істелгеніне назар аударған партия Төрағасы­ның бірінші орынбасары өт­кен жылы тек республика­лық бюджет пен Әлеуметтік сақтандыру қорынан балалары бар отбасыларға қолдау көрсету үшін 311 млрд теңге бөлінгенін тілге тиек етті.

Мемлекеттік қолдаудың тек әлеуметтік жәрдемақылар­мен шектелмейтінін айтқан Мәу­лен Әшімбаев басқа да нақ­ты көмектерге тоқталып өтті. «Мұқтаж жандарға жергілікті атқарушы органдар тарапынан да айтарлықтай әлеумет­тік көмектер көрсетіліп келеді. Мәселен, өңірлерде тұрғын үй төлемдері, есептегіш құрал­дарын орнату төлемдері, мектептерде балаларды ыстық тамақ­­пен қамтамасыз ету, аз қам­­тылған отбасылар үшін бала­­­бақшамен қамтуға байланысты төлемдер сияқты нақты қолдаулар бар», – деген партия Төрағасының бірінші орынбасары мұндай әлеуметтік көмек­тер алдағы уақытта да жал­ғасатынын жеткізді.

Осы ретте Мәулен Әшімбаев одан басқа да орталық және жергілікті атқарушы органдар арқылы жүзеге асырылатын түрлі тетіктерге көңіл бөлді. Бұл жұмыстардың барлығын ортақ жүйеге келтіру үшін «Бақытты отбасы» партия­лық жобасы қайта жанданды. Бұл жоба аз қамтылған көп балалы отбасыларға жүйелі қолдау көрсетуге бағытталған». Бүгінде көптеген қазақстандық отбасылардың заң бойынша өздеріне тиесілі көмекті ала алмай отырғаны байқалады. Сол сияқты жергілікті атқарушы органдар тарапынан да берілетін көмектен қағылып отырған отбасылар бар. Оған бюрократиялық келеңсіздіктерден бастап, жай ғана көңіл бөлмеуге дейінгі түрлі жайттар себеп. Сондықтан партия аталған Кеңес аясында еліміз бойынша Бірыңғай әлеуметтік терезе жобасын қолға алды. Бұл жоба партия­ның қоғамдық қабылдау бөлме­лері арқылы қызмет көрсетеді. Ол жерде көп балалы және аз қамтылған отбасылар мен мұқтаж азаматтарға мемлекет пен жергілікті бюджеттен берілетін өздеріне тиесілі әлеуметтік көмектер туралы нақты кеңестер алуға мүмкіндік бар. Біздің қызметкерлеріміз тек ақпарат беріп қана қоймай, істің соңына дейін жеткізілуін қадағалайды», – деді «Нұр Отан» партиясы Төрағасының бірінші орынбасары.

Қазіргі таңда партияның еліміз бойынша 230-ға жуық қабылдау бөлмесі бар. Яғни, аталған әлеуметтік терезе солардың барлығында ашылады. Онда көп балалы аналарды жұмыспен қамту, қайта оқыту, балаларды балабақша мен мектептерге орналастыру, заңгерлік кеңестер сияқты басқа да көптеген қолдаулар мен қызметтер көрсетіледі. Сонымен бірге аталған әлеуметтік терезелер арқылы мұқтаж жандарға көмектескісі келетін үкіметтік емес ұйымдар мен кәсіпкерлерге де мол мүмкіндіктер тумақ. Нақты айтқанда, партияның қабылдау бөлмелерінде көмекке зәру отбасылардың тізімі жасақталады. Бұдан басқа, «Бақытты отбасы» жобасы аясында әлеуметтік қорғау органдарымен және әкімдіктермен бірлесіп үй-үйді аралау ісі қолға алынып отыр.

Өз кезегінде брифингке қатысқан «Нұр Отан» партиясы жанындағы Балалар құқығын қорғау жөніндегі республика­лық кеңес төрағасының орын­ба­сары Динара Закиева Кеңес­тің жұмысы мен оның бағыт­тары туралы егжей-тегжейлі айтып берді. Ал Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі Еңбек, әлеуметтік қорғау және көші-қон коми­теті төрағасының орынбасары Дәмежан Сәдуақасова мемлекет тарапынан көрсетілетін әлеуметтік көмектерге кеңінен тоқталды.

Айта кетерлігі, «Нұр Отан» партиясы жанын­дағы Балалар құқығын қор­ғау жөніндегі республика­лық кеңес Елбасы тапсырмасымен 2019 жылдың 7 ақпанында құрылды. Аталған Кеңес ар­қылы «Нұр Отан» көп балалы отбасыларға қолдау көрсетуді айтарлықтай арттырып, өске­лең ұрпақтың құқықтары мен заңдық мүдделерін қорғау ісін қайта қарауды көздеп отыр. Жаңа консультативтік-кеңес­ші органның құрамында Пар­ламент Мәжілісінің депутаттары, мемлекеттік органдар мен үкіметтік емес ұйымдар өкіл­дері, салалық сарапшылар және қоғам қайраткерлері бар.

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan» 

Соңғы жаңалықтар

Азық-түлік бағасы алаңдатады

Парламент • Бүгін, 08:12

Ұқсас жаңалықтар