Конференция «Қазақстан Республикасы мен Корея Республикасы арасындағы стратегиялық әріптестікті дамытудың жаңа Солтүстік экономикалық ынтымақтастығының көрінісі» деген тақырып аясында өрбіді. Аталмыш конференцияға Қазақстан мен оңтүстіккореялық ғалымдар мен сарапшылар қатысты. Оңтүстік Корея тарапынан бірқатар белгілі профессорлар, соның ішінде дипломатиялық академия профессоры Ко Нам Чже, Енсе университетінің профессоры Ко Ту Санг, Сыртқы істер министрінің Еуразия бөлімінің бірінші хатшысы Че Ки Чон және басқалары қатысты. Қазақстандық тараптан Еуразиялық зерттеу институтының аға ғылыми қызметкері Дәурен Әбен, қытайтану орталығының жетекшісі және қытайтанушы Әділ Қаукенов, «Елбасы қорының жанындағы Әлемдік экономика және саясат институтының» Қытай және азиятану бағдарламасының жетекшісі Руслан Ізімов, «Қоғамдық пікір» зерттеу институтының директоры Ботагөз Рақышева баяндама жасап, пікір алмасып, корейлік тараптың сұрақтарына жауап берді. Осы конференцияда Қазақстан Республикасының Оңтүстік Кореядағы Төтенше және өкілетті елшісі Бақыт Дүйсенбаев сөз сөйлеп, Қазақстан мен Оңтүстік Корея арасындағы дипломатиялық және сауда-экономикалық байланыстар мен ынтымақтастыққа кеңірек тоқталды. Конференцияға Қазақстанда дипломатиялық қызметте болған экс елші Пэк Чу Хен мен Танзания елінде елші болған Сон Гым Ен мырза модератор болды. Экс-елші Пек Чу Хен Қазақстан Республикасының халықаралық деңгейдегі беделіне тоқтала келіп, мемлекетіміздің жүргізіп отырған қоғамдық келісім және ұлтаралық татулық саясатына үлкен баға берді. Тіпті Мемлекет басшысының осы жүргізіп отырған саясаты халықаралық қауымдастық пен БҰҰ-да зор бағаға ие болып, Пан Ги Мун БҰҰ Бас хатшысы болған жылдары Қазақстан саясатының осы моделін насихаттау бағытында жұмыстар жасалғандығын атап өтті. Әйгілі дипломат Президентіміздің саясатына қатты қызығушылық танытқанын жасырмады. Осы ретте Н.Ә.Назарбаевтың көшбасшылық рөлі мен міндетін, ішкі және сыртқы саясатта тепе-теңдікті сақтап, алпауыттар арасында майдан қылшық суырғандай сұңғыла саясат жүргізіп, ТМД елдерінің ішінде ерекше белсенділік танытып, Қазақстанның беделін халықаралық аренада көтерген басшы ретінде жоғары бағалайтынын айтты.
Конференция барысында корей ғалымдары Қазақстанның дамуы мен Оңтүстік Кореямен стратегиялық әріптестігінің бағыттарына тоқталды. Әлеуметтік экономика саласының маманы, ғалым Ли Сан Чжун Қазақстанның «Нұрлы жол» бағдарламасының оң нәтиже бергендігін, осы бағдарламадан кейін келесіде қандай бағдарлама шығатынына қызығушылық танытты. Корея мен Қазақстан бизнесі ынтымақтастығына қатысты Дәурен Әбен «Корейлік кәсіпкерлер қазақстандық корейлермен ғана ынтымақтастық жасамай, қазақ компанияларымен де әріптестікті кең көлемде жүзеге асырып, әріптестік аясын әртараптандыру керектігіне» баса назар аудартты. Корей ғалымдары мен қазақ ғалымдарының арасында Оңтүстік Кореяның Шанхай ынтымақтастық ұйымына кіру, кірмеуі туралы да сөз болды. Тараптардың ойынша ол уақыт еншісіндегі мәселе. Жалпы, Оңтүстік Корея елінің бір кезде «Азиядағы өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңеске» кіруге ниеті болғандығы айтылды. Қазіргі таңда ол ниет Үндістанның мүше болуына байланысты бәсеңсіп, оңтүстіккореялық дипломаттарды әртүрлі ойға қалдырып отырғандығы жасырын еместігі сөз болды. Алайда кейінгі жылдары екі ел арасындағы қарым-қатынастың бұрынғыға қарағанда саябырсып қалғандығын, сауда-экономикалық көрсеткіштер жоғарғы деңгейде болса да, бұл межені тоқмейілсіп, місе тұтып қалмау керек деген ғалымдардың пікірлері естілді. Қазіргі стратегиялық қарым-қатынасты одан әрі жетілдіріп, жандандырып отыру керектігі, оның маңыздылығы мен өміршеңдігі туралы ой қозғалды. Отырыста екі ел арасында алдағы уақытта іскерлік кеңес құрып, оған елдеріміздің білікті мамандарын, корейтанушы, орталық азиятанушы зерттеушілерді, түрлі саланың сарапшыларын тарту қажеттігі баса айтылды.
Дастан Ақаш,
арнайы «Egemen Qazaqstan» үшін
Оңтүстік Корея,
Сеул қаласы