Әлем • 18 Ақпан, 2019

«Сауда сақал сипағанша» болмай тұр...

494 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Америка мен Қытай арасында былтыр басталған сауда соғысы биыл жалғасын тауып келеді. Осы аптаның аяғында Бейжіңде осы елдер арасындағы сауда мәселелері жөніндегі келіссөздердің келесі раунды басталмақ. Өткен жылдың қараша айының аяғында Аргентинада болған G20 саммитінде Д.Трамп пен Си Цзиньпин баж салығы өсіруге 90 күндік мораторий жариялап, сауда бұрынғысынша жүргізілген. Енді соның аяқталуына да екі аптадай ғана уақыт қалды. Келісім жалғасын таба ма, әлде «сауда соғысы» қайта тұтана ма, әзірге белгісіз.

«Сауда сақал сипағанша» болмай тұр...

Қытай мен АҚШ-тың «сауда соғысының» тарихына қыс­қаша тоқталып өтелік. Бизнестің қалың ортасынан шығып, президент сайланған Д.Трамп саясаттан гөрі экономиканы басым бағытқа айналдыруды көздеп, екі ел арасындағы саудада Қытай жағының ұтып тұрғанын қайтсе де тоқтатуды қолға алған. 2017 жылдың қорытындысы бойынша екіжақты тауар айналымы 710,4 млрд доллар болса, АҚШ үшін соның 187,5 млрд доллары экспорт, 522,9 млрд доллары импорт болған. Сөйтіп сауда тапшылығы 335,4 млрд доллар­ға жетіп, бұл көрсеткіш Трампты қатты алаңдатты. Осыны түзету үшін ол алдымен 2018 жылдың қаңтарында Қытайдан кіретін күн батареяларына кедендік тарифті 30 пайызға, кір жуатын машиналарға 50 пайызға дейін көтерді. Әрине кейін олар жүйелеп азайтылмақ, бірақ бұл сау­да әріптесіне жасаған қатты соққы еді. 

Содан бері бұл үрдіс жалғаса берді, сәуір айында Қытайдан келетін 1300 тауардың тізімі жарияланып, олардың бәріне баж салығын АҚШ 25 пайызға арттырмақ болды. Осы айда ҚХР да жауапты қадам жасап, АҚШ-тан келетін 120 түрлі тауарларға баж салығын 15-25 па­йыз аралығында көтеруге шешім қабылдады. Алтыншы шілдеде тарифті екіжақты көтерудің көле­мі 68 млрд долларға жеткендігі жарияланды. Ал тамыз айында ҚХР мен АҚШ тағы да көптеген тауарларға баж салығын көтеріп, оны тараптардың әрқайсысы 16 млрд долларға жеткізді. Осы айда Қытай жағы АҚШ-ты БСҰ-ның сотына тартқан. Содан бері «сауда соғысы» тоқтамай, келіссөздер белсенді түрде жалғасып келеді. Енді соның келесі раунды болғалы отыр.

«Қытай алдағы келіссөздерден оң нәтижелер күтеді. Вашингтонда соңғы рет болған кеңестер осыған меңзейді. Бүкіл әлем сияқты біз де бұл келіссөздерден оң қорытынды шығатынынан үміттіміз» деді ҚХР-дың СІМ-дағы арнаулы өкілі Хуа Чуньин журналистерге берген шағын сұхбатында.

Өткен дүйсенбі күні сауда келіссөзіне қатысатын АҚШ-тың делегациясы Бейжіңге келіп үлгерді. Ал Дональд Трамп пен Си Цзиньпиннің кездесуі осы келіс­сөз­дерден кейін болуы мүм­кін. Айта кететін жайт, Қытай БСҰ-ға шағымданғаннан кейін Д.Трамп G20-ның Буэнос-Айрес кездесуіндегі қорытынды коммю­никесіне осы ұйымның өзін рефор­малаудың керектігіне әріптестерін көндіріп, қол қойғызған. Сондықтан АҚШ қазір бұл ұйымның шешіміне алаңдамайды. Ал ұйымның тағдыры G20-ның маусым айындағы сам­митінде талқыланбақ.

Д.Трамптың Солтүстік Кореяның көшбасшысы Кин Чен Ынмен кез­десуі де Вьетнамда осы айдың ая­ғында болатынын айтқан болатынбыз. Жиі жасалған қатынастарға қарағанда, бәлкім Д.Трамп өзінің Оңтүстік-Шығыс Азиядағы саясатын да өзгертетін шығар.

Жақсыбай САМРАТ,

«Egemen Qazaqstan»