18 Ақпан, 2019

Қорғаныс саласына қажетті өнімдердің көрмесі өтті

386 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін

Астанада қорғаныс саласына қажетті өнімдердің көрмесі өтті. Қорғаныс және аэроғарыш өнеркәсібі министрлігінің ұйымдастыруымен өткен шарада еліміздегі түрлі кәсіпорындар мен компаниялар өз өнімдерін ұсынды.

Қорғаныс саласына қажетті өнімдердің көрмесі өтті

Көрмеде қазақстандық 23 компания аэроғарыш, әскери-техникалық, авиациялық салалары мен машина, автомобиль жасау бойынша заманауи әрі тиімді жобаларын таныстырды. Олардың арасында осы қорғаныс саласының мамандарына арнайы киім тігумен айналысатын, сондай-ақ ақпараттық қорғанысты қамтамасыз ету бағытында жұмыс атқаратын ІТ-компаниялар да көрменің төрінен табылды.

Көрмеге келген «ҚазИнжЭлектроник» ЖШС директоры Марат Есмұратов Дубайдан материалдар алып, Қазақстанда дербес компьютерлер құрастыратын компаниясының өнімдері тұтынушыларын қанағаттандырып отырғанын айтады. Компания Елбасының қолдауымен 1999-2000 жылдары қарқын алған республикадағы мектептерде интерактивті сыныптар ашуға атсалысқан. «Біз тек компьютерлер ғана емес, планшет, ноутбук құрастырамыз. Компания жылына 30 мың компьютер шығаруға қауқарлы. Бірақ тапсырыс қолды байлайды. Соңғы он жылда ең көбі жылына 4 мың тапсырыс түсті», дейді М.Есмұратов. Бұдан бөлек, компания жүк көліктерінің ішкі материалдарын дайындаумен де айналысады.

Ал 2016 жылы 7 компаниядан құралған «Жасампаз» отандық өндірушілердің консорциумі бүгінде 50-ден астам кәсіпорындардың басын біріктіріп отыр. Жеңіл өнеркәсіп саласын дамыту мақсатында құрылған ұйым көрмеге қорғаныс саласының қызметкерлеріне арналған киім, мата, жылы материалдар, арнайы логотип жазумен айналысатын, сондай-ақ төсек-орын, жұмсақ жиһаз, ұйықтайтын сөмкелер шығаратын кәсіпорындардың өнімдерін ұсынды. «Біз киімдерге арнайы штрих код дайындадық. Ол киімнің қозғалысынан ақпарат береді, яғни зат кәсіпорыннан шықты, сатушының қолына түсті, сатылды дегендей. Оның қаншасы қолданыста екенін біле аламыз. Бұл бізге өнімдеріміздің нақты есебін жасауға мүмкіндік береді», дейді консорциум өкілі.

Киберқұпияларды зерттеу және талдау орталығы өзінің қазақша «Бұлақ» деген атауды иеленген IP құпияландыру аппаратын ұсынды. «Шетелде біздің елшіліктеріміз бар. Онда түрлі құпия келіссөздер немесе әңгімелер болады. Бұл аппарат ақпаратты көшіріп, сақтай алады. Шетелдердегі өнімдерден сапасы жағынан бір де кем емес, керісінше, арзан. Сондықтан дүниежүзілік нарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз. Қазірдің өзінде Украинадан тапсырыс түсіп үлгерді», дейді орталық директоры Арман Әбдрәсілов. Аппарат – 4 адамның ортақ еңбегі. Өнім толығымен (материалдары, құрастырылуы) Қазақстанда жасалған. Авторлар «Бұлақ»-қа еліміздің Қорғаныс министрлігінің тапсырысын алуға үмітті.

Ал «Киберконтроль» ІТ компаниясы компьютерге арналған құпиялықты анықтайтын бағдарлама әзірлеген. «Бір мекемеде 1000 адам жұмыс істейді делік. Бұл бағдарлама сол қызметкерлердің компьютерінде қандай әрекет болып жатқанын, ақпараттың қайда жіберілгенін, техниканың қай уақытта қосылып, қашан өшірілгенін анықтап отырады. Қорғаныстың бұл түрі көп компаниялардың жұмысын ілгерілетеді әрі қауіпсіздікке кепілдік болады», дейді Батыржан Шақманов Осы орайда, жоғарыдағы «Бұлақ» аппаратын үлгі етіп, «қазақстандық өнім екенін білдіретіндей атау беруге болмас па?» деген ұсыныс-сауалымызға компания өкілі: «Алдағы уақытта жүргізілетін ребрендингте осы жағын қарастырып жатырмыз. Өйткені шетелдік нарыққа шығу жоспарымызда бар, сонда атаудың қазақша «сөйлеп» тұрғаны Қазақстанды танытуға септігін тигізеді», деп жауап берді. Айта кетейік, компанияның ақпараттық қорғаныс бағдарламасын 20-дан астам мемлекеттік және жекеменшік мекемелер орнатқан.

Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,

«Egemen Qazaqstan»