Аймақтар • 18 Ақпан, 2019

Түркістан облысында 59 қызмет түрі бойынша тарифтер төмендетілді

404 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Елбасының тапсырмасына сәйкес, облыстағы нарық субъектілерінің 59 қызмет түрі бойынша тарифтері төмендетілді. Төмендетілген тарифтер биылғы жылдың 1 қаңтарынан қолданысқа енгізілді. Бұл туралы Түркістан облысы әкімінің баспасөз қызметі хабарлады.

Түркістан облысында 59 қызмет түрі бойынша тарифтер төмендетілді

Нәтижесінде, халықтың коммуналдық қызметке төлейтін қаражатын үнемдеу шамамен 3,04 млрд. теңгені құрайды. Өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте облыстық Монополияға қарсы департаменті басшысының орынбасары Қымбат Бейсенов мәлімдеді.

Электр энергиясын тасымалдау тарифі – 2019 жылдың 1 қаңтарынан бастап 10,2 пайызға, яғни 7, 38 теңгеден 6,64 теңгеге дейін түсті. Тасымалдау және өндіруші стансалардың тарифтерінің төмендеуі есебінен түпкілікті тарифтің төмендеуі 6,8 пайызды құрады. Сондай-ақ, осы уақыттан бастап тұтынушылардың қордаланған қарызы үшін электр энергиясынан қайта қосу төлемі «Оңтүстік Жарық Транзит» және «Энергопоток» серіктестерімен – 40 пайызға дейін төмендетілген.

Ағымдағы жылдың 1 қаңтарынан облыстың ішкі жүйелермен газды тасымалдауға бекітілген «ҚазТрансГазАймақ» АҚ тарифі 12,7 пайызға төмендетіледі. Нәтижесінде тасымалдау және көтерме баға түсу есебінен соңғы тұтынушылар үшін газ тарифі 5,8 пайыз түсіріліп, жеке тұлғалар – 32,47 теңге, ал халықты жылумен қамтамасыз ететін заңды тұлғаларға – 28,27 теңгені құрамақ.

Облыста орталықтандырылған жылумен қамтамасыз ететін 6 мемлекеттік коммуналдық кәсіпорын бар. Көмір отынын қолдана отырып жылу энергиясын шығаратын мекемелер тарифін 1,4-24 пайыз аралығында түсіріп отыр.

Сонымен қатар, өткен жылдың қазан айынан бастап «Қазпошта» акционерлік қоғамы (бұдан әрі – Қоғам) тарапынан коммуналдық қызметтерге арналған төлем түбіртек бланкілерін өңдегені үшін тұтынушылардан 150 теңге мөлшерінде комиссиялық төлем алынатындығы анықталды. Бүгінде аталған комиссиялық төлемнің мөлшерін азайту мақсатында, Департаментпен тиісті жұмыстар жүргізілді. Соның нәтижесінде, коммуналдық қызметтерге арналған төлем түбіртек бланкілерін өңдегені үшін, тұтынушылардан 150 теңге мөлшерінде алынатын комиссиялық төлем, жеке тұлғалар үшін – 50 теңгеге төмендетіліп, зейнеткерлер, мүгедек жандар және ҰОС ардагерлері мен теңестірілгендер үшін – тегін болды.