Бокс • 18 Ақпан, 2019

Данияр Елеусіновтің келесі қарсыласы анықталды

328 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Кәсіпқой бокстағы жартылай орта салмақта жұдырықтасатын қазақстандық боксшы Данияр Елеусіновтің (5-0, 3 КО) кезекті қарсыласы белгілі болды.

Данияр Елеусіновтің келесі қарсыласы анықталды

Америкалық BoxRec.com сайтының мәліметі бойынша, отандасымыз 15 наурызда АҚШ-тың Филадельфия қаласындағы Liacouras Center аренасында шаршы алаңға шығады. 8 раундқа жоспарланған айқаста отандасымыз мексикалық Карлос Хименеспен (14-9-1, 8 КО) жұдырықтасады. Карлос Хименес кәсіпқой бокстағы алғашқы кездесуін 2008 жылы өткізіп, қарсыласынан ұпай саны бойынша басым түскен. Ал соңғы кездесуін 2018 жылдың қазан айында өткізіп,  жеңіліп қалған.

29 жастағы Хименес Даниярдан бір салмақ төмен, яғни 63,5 (140 фунт) кило салмақта жұдырықтасады. Бірінші орта салмақтың әлемдік рейтингінде ол 46-орында тұр. Ал Елеусінов жартылай орта салмақ дәрежесі 66,9 (147 фунт) бойынша 182-сатыға жайғасқан. Рейтинг нәтижесіне қарайтын болсақ, мексикалық боксшы отандасымыздың карьерасындағы қазірге дейінгі ең мықты қарсылас болмақ.

Айта кетейік, бокс кешінің басты жекпе-жегі  IBF тұжырымы бойынша екінші жартылай орта салмақтағы әлем чемпионы Тевин Фармер (28-4-1, 6 КО) мен Джоно Кэрролл (16-0-1, 3 КО) арасында өтеді.