Малотимофеевка селосындағы әлеуметтік қызмет көрсету орталығы құрқылтайдың ұясындай жып-жылы екен. Іші-сырты кірсе шыққысыз болып жайнап тұр. Жаңағы әзірде терезеден сыртқа қараған кейуананың кескінін көргенбіз. Жол қарап тұрған, елегізіп әлдекімді тосып тұрған адамның кейпі. Сырттағы ерсілі-қарсылы жүріп жатқан, көңілдерінде ешбір кірбің жоқ адамдарға қарап, біз де сендер тәрізді болғанбыз деп тұрған тәрізді. Қанша жерден қамқорлықты көріп жатса да, көкіректе әлдебір сағыныш сезімдердің кілкілдеп тұнып тұруы да мүмкін ғой. Бұл орталықта қазіргі күні 180-ге жуық егде адам тұрады. Олардың 116-ы зейнеткер болса, 58-і мүмкіндігі шектеулі жандар. Жасы тоқсаннан асқан төрт қария осы орталықтың ақсақалдары мен әжелері. Бір кезде қоғам байлығын еселеуге тұла бойларындағы бар қажыр-қайратты, күш-қуатты сарқа жұмсаған бес бірдей тыл ардагері бар.
Қариялар қамқорлықтан кенде емес. Осыдан үш жыл бұрын күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліпті. Ғимараттың ішінен таза да ұқыпты қолдың ізі байқалады. Жиһаздар да көз жауын алатындай әдемі.
– Соңғы үш жылда интернат үйлеріне көп көңіл бөлінді, – дейді облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалардың үйлестіру басқармасының басшысы Дина Ахметжанова, – барлық ғимаратқа күрделі жөндеу жұмысын жүргіздік.
Мұндағы орталық жалпы үлгідегі қарттар үйі екен. Ендігі қалған ғұмырын осында өткізетін қарттарға педагогикалық, мәдениет, құқықтық, әлеуметтік тәрізді сегіз қызмет түрі ұсынылады. Жай ғана күн өткізу емес, интернат тұрғындары әр күнін мазмұнды әрі мағыналы өткізуіне айрықша көңіл бөлінген. Рухани жан дүниелері ойсырай олқы тартып, қамкөңілдер қажымау үшін де жанашырлық жасалуда. Мәселен, осы орталықтағы «Молодушки» деп аталатын ансамбльдің көңіл аулаудағы көрікті ісі атап айтуға тұрарлық. Ансамбль мүшелері қазақ және орыс тілдеріндегі сырлы да сазды әндерді шырқаған сәтте, асарын асап, жасарын жасаған егде адамдардың жан дүниелері қорғасындай балқып, жүздері нұрланып кетеді екен. Бір жағы ән құдіреті болса, екінші жағынан ат жалын тартып мініп жүрген, біз түсіне бермейтін өткен күндерге деген сағыныштың шарпуы шығар. Әсем әндердің көкірегін қоламтаның шоғындай қыздыратын қызуымен бір жадырап қалған мұндағы тыңдарман қауым осы бір сәттің үзілмеуін қалайды.
Қариялар облыстық және республикалық деңгейде ауық-ауық өтіп тұратын сайыстарға үзбей қатысады екен. Мәселен, олар дарт, кегель, шеңберге доп лақтыру, дойбы мен шахмат, тоғыз құмалақ ойындарынан бақ сынап, жүлдегер атанған. Он мәрте алтын медаль иеленген. Тоғыз құмалақ ойынының хас шебері Жанахмет Тұманов ақсақал Астана қаласында өткен спартакиадада жүлделі орынға ие болып, ортақ қордағы алтын медальдардың қатарын көбейте түсуге өз үлесін қосқан.
– Астана командасының құрамында ойнадық, – дейді Жанахмет ақсақал, – Ақтау, Атырау, Қызылордадан келген командалармен күш сынастық. Мерейіміз үстем болды.
Жеңіс деген ұғымның қаншалықты қуаныш сыйлайтынын ақсақалдың лебізінен анық аңғаруға болатындай. Тұла бойыңды шымырлататын шалқар сезімді сол бір сәт жасқа да, кәріге де бірдей екен-ау.
Қартайғанда қараусыз қалу шын мәнінде қаншалықты қасірет. Бірақ, бұл өзі бүгін ғана пайда болған көрініс емес. Мәселен, осы селодағы орталық сонау 1935 жылдан бері қызмет көрсетіп келеді екен. Бір әттеген-айы, алпысыншы жылдардан бері жанардан жырақ қалып, ептеп тозғанға да ұқсайды. Тек 2016 жылы ғана бюджеттен 167 миллион теңге қаражат бөлініп, күрделі жөндеу жұмыстары жасалған. Содан бері жоғарыда біз сипаттағандай жаңғырған, жасарған кейіпке ие болып, жұтынып тұр.
Орталықта жалғыз спорт үйірмелері ғана емес, жан азығы – көркем әдебиетті де серік етуге әбден болады. Мұндағы кітапхананың қоры аса бай және бірнеше тілде. Қариялардың көңілі қалаған әдебиетті іркілмей тауып алуларына әбден болады.
Ас-суына да, дәрі-дәрмегіне де орталық тұрғындары дән разы. Қызметкерлердің аялы алақандарының ғана емес, ізгі жүректерінің де шуағын сезініп жүр. Дәл осы жерде алуан-алуан тағдыр бар. Бірі ұрпақсыз болса, енді бірі қайырымсыз перзенттің қарамай кеткен қасіретін тартып жүр. Мемлекет сол олқылықтың орнын толтырып жатса да, терезеге үңілген кейуанаға көзің түскенде көкіректегі көрікті ой сүттей іріп кетеді екен.
Қалай болған күнде де тағдырдың тәлкегіне ұшыраған қариялардың қараусыз қалмайтындығы анық. Осыған көзіміз жетіп тұрып, іштей шүкіршілік айттық.
Байқал БАЙӘДІЛ,
«Egemen Qazaqstan»
Ақмола облысы,
Целиноград ауданы