Қазақстан • 18 Ақпан, 2019

Қонақүй қайда?..

489 рет
көрсетілді
4 мин
оқу үшін
Қонақүй қайда?..

ЦУМ-ның...

Кешіріңіздер, осы бір жып-жи­нақы, сүп-сүйкімді, сәу­летті ғима­рат­ты басқаша қа­лай ата­рым­­ды білмей отыр­ға­ным. Себе­бі, оның ескі атауы құлағы­мыз­ға әбден сіңіп қалған. Тіліміз үйре­ніп кеткен. Көзге де, көңілге де ыстық сау­да үйі.

Міне, бүгін осынау ғимарат­тың жанынан, күтпеген жерден баяғыда-а КазГУ-дің журналис­тика факультетінде бірге оқы­ған курстас жолдасымды кез­дес­­тіріп қалып, қуанғанымнан қалпа­ғымды аспанға атып жібере жаздадым.

– Оу, – деді ол да қолындағы сөмкесін жерге қоя сап, маған қарап құшағын айқара ашып, – сен қайдан жүрсің-ей?!

Бір қызығы мұндайда өзіңнің ойы­ңа да келмеген қай-қайдағы қуақы әзілдердің тіл ұшына қай­дан орала кететінін білмейсің.

– Пай, пай, Алматыға сіз ке­леді де­генді естіп, таң атқалы бері осы жерде күтіп жүрген жоқ­пыз ба! – деймін қыл­жақтап.

– Қойшы-ей! – деп ыржияды ол. Тап сол кезде тү-у баяғы жап-жас, сүп-сүй­кімді студент жігітке ұқ­сап кетеді. 

– Иә, қайда барасың? – деймін мен оның сөмкесіне бір көз салып қойып.

– Міне, мынау, – деп ол кө­ше­нің арғы бетін нұсқайды, – «Же­ті­су» қонақүйіне тоқтайын деп едім.

Енді менің езуіме күлкі үйі­ріледі.

– Сен онда тоқтай алмайсың,  – деймін қутыңдап.

– Неге? 

– Себебі сен түсетін «Жетісу» қонақүйі жоқ қазір.

– Қалайша? – дейді ол аң-таң болып. – Қайда?..

– Оны... – Осы сәтте өз ана тіліміздегі «бұзып тастаған», иә болмаса, «сүріп жіберген» секілді сөздерді айтудың қан­шалықты қиын екенін бар болмысыммен се­зінгендей боламын. Сөй­темін де, «снос­қа кет­кен» дей саламын.

– Қа... қалай? – дейді ол тұ­ты­ғып.

– Солай...

Ол енді үн қат­­пайды. «Же­тісудың» «сносқа» кет­кенін кө­­­ңіліне тым-тым ауыр алып қал­­ғандай қайта-қайта басын шай­қай береді.

– Е-е, – дейді әлде-е-ен соң демін терең­нен алып. – Мен ылғи да сонда орналасушы едім. Көз­таныс, көңілге ыстық жер еді...

– Иә-ә, талай-талай хикаяларды бастан кешкен боларсың?, деймін мен.

– Ол да бар... – дейді ол мұ­ңайып. Сон­соң: – Қой, – деп айдалада жалғыз қал­ғандай жан-жағына қарап алаңдайды. – Басқа жаққа барайық...

– Үйге жүр, деймін мен оның қақ­пақтай жауырынынан қағып.

– Жо-о, – деп ол басын шай­қайды. – Әуелі бір жерге орналасып алайын.

– Қалада қазір не көп, қонақ үй көп, – деп жұ­батамын мен оны.

– Әй, – дейді ол бір кездері «Жетісу» қонақүйі болған жаққа қарап. – Біз үшін «Жетісудың» орны бөлек еді ғой...

Сөйтеді де сөмкесін қолына алып, менің соңымнан еріп жүре береді. 

Иә, айтпақшы, жолда келе жатып өзімен-өзі: 

– Әй, өстіп-өстіп бір күні мы­на ЦУМ-ды да сүріп тас­тама­саң­дар болғаны... – деп қоя­ды кү­бірлеп.

– Жо-жоқ, оны ешкім де сүр­мей­ді, – деймін мен сенімді түр­де. – Қарасайшы, қандай мық­ты ғи­марат!

– Ә-ә, – дейді ол екіұштылау күйде. – «Жетісу» да мықты ғи­марат бо­латын! Әсіресе біздің көзімізге ерекше ыстық көрінуші еді...

Осы сәтте неге екені белгісіз, ме­нің де көңі­­лімде бір күмән оянып, кө­зім ашыла бастағандай болады.

Нұрғали ОРАЗ,

«Egemen Qazaqstan»