Аймақтар • 18 Ақпан, 2019

ШҚО-да 74 елді мекенді су басу қаупі бар

379 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Былтыр көктемгі тасқын Өскемен, Семей қалалары мен Аягөз, Глубокое, Алтай, Шемонаиха аудандары тұрғындарын әуре-сарсаңға салғаны белгілі. Биыл ше? Ауа райын зерттеуші мамандар Семей қаласы мен Алтай, Шемонаиха, Глубокое, Бесқарағай және Аягөз аудандарына жіті назарда ұстау керектігін ескертіп отыр.

ШҚО-да 74 елді мекенді су басу қаупі бар

Облыстық Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің берген мәліметтеріне сүйенсек, қазіргі уақытта өңірде қар шығару, су бөгеттерін, жағалауларды бекіту жұмыстары жүргізілуде. «Синоптиктердің болжамынша аймақта қар қалың болғанымен, оның деңгейі шекті нормадан аспаған. Былтырғыдай қалың тоң жоқ. Облыстың 74 елді мекенін су басу қаупі бар екендігі анықталғандығымен, тасқынның алдын алу жұмыстары жүргізілгеннен кейін оның 14-і бұл тізімнен алынды. 12 елді мекенде жағдай тұрақталды», - делінген департамент таратқан мәліметте.

Айтып келмейтін тасқынға облыс қаншалықты дайын? Техника жеткілікті ме? 2018 жылы өңірді қарғын су қаптаған кезде облыс әкімі Даниал Ахметовтің «Төтенше жағдайлар департаментінің техникалық жабдықталуы өте төмен. Департаментте норматив бойынша болуға тиіс 249 көшпелі мотопомпаның тек 55-і, 69 қайықтың 14-і, 1 мың гидрокомбинезонның 86-сы ғана бар, 55 жол талғамайтын көліктің бірде біреуі жоқ» деп Үкімет басшысы Бақытжан Сағынтаевтан көмек сұрағаны есімізде. Биыл департаменттің жағдайы біршама жақсарған секілді. «Былтырғы тасқын маусымының соңында мотопомпаның саны үш есеге көбейді. Республикалық және облыстық бюджет есебінен техникалар жаңартылып, құтқару құрылғылары алынды. Бүгінде департаментте 1000 адам құтқару шараларына дайын. 6 мобильді топ құрылған. 300 жол талғамайтын көлік, 60-қа жуық жүзу құрылғылары, 10 тікұшақ пен 1 ұшақ бар», - дейді департаменттің баспасөз қызметінің маманы Анастасия Скляр.

Азамат ҚАСЫМ,

«Egemen Qazaqstan»

Шығыс Қазақстан облысы