Біздегі аутист балалардың саны жөніндегі дәлелді ақпараттың болмауына – диагнозды дәл әрі дер кезінде қоя алатын мамандардың тапшылығы тікелей әсер етіп отыр. Сондай-ақ баланың бойындағы ауытқушылық 2 жастан асқанда ғана байқалады. Бұл диагноз бала 4 жасқа толғанда ғана қойылады. Бұдан бөлек, аутизм – әлемге ортақ сыры әлі толық ашылмаған сырқат. Бұл дерттің туындау себептері де сан түрлі. Әзірге белгілі болған 10 түрі ғана бар екен. Ал осы ауруды алғаш рет зерттеген америкалық психиатр Лео Каннер балалар арасында кездесетін бұл аурудың негізгі көрсеткіштері ретінде уайым, жалғыздыққа бой үйрету, үйреншікті, бір қалыпты мінез-құлық, сөйлеу тілінде ерекше сипаттағы кемістіктерді атап өткен. Сонымен қатар ол бұл дертті нақты психикалық дамудың бұзылуы екенін анықтап, адамға тік қарамау, атын атағанда мән бермеу, қарым-қатынасқа түспеу, реакция танытпау, дыбысқа елеңдемеу, адаммен араласпау, біркелкі қимылды қайталау, тілінің кеш шығуы секілді себептерді аутизмнің негізгі белгілеріне жатқызған. Өзгесіне тоқталмағанда, тілдің кеш шығуын еркелік деп қабылдайтындар аз емес.
Бірақ мұның барлығы – бастапқы қиындық. Өйткені елімізде Денсаулық сақтау министрлігінің есебінде тұрған 14 жасқа дейінгі 1 мыңнан астам баланы жүйелі емдеу жұмыстары жолға қойылмаған. Шалғай жерлерден Алматы, Астанаға баласын арқалап жүрген аналар көп, қалтаға салмақ түсетінін айтпағанда, әрі-бері салпақтау, отбасының барлық мәселесін жиып қойып, бір баланың соңында жүгіріп жүру кез келген адамға оңай тимейді. Ал ақшасы жеткені шетел асып емдетіп жатады. Алайда олардың өзі диагноз қойдырып келгеннен әрі аса қоймайды. Өйткені ем одан екі есе қымбат.
Атақты аутистер
Енді мәселенің екінші жағына келейік. Кей дәрігер бұл дерттің жазылмайтынын, мұндай балаларды арнайы интернаттарда оқшау оқыту керектігін алға тартса, екінші тараптағы психотерапевт мамандар: «Аутизм – ауру емес, дамудың бұзылуы ғана. Оны 100 пайыз жеңуге болады. Ал аутист балаларды өз ортасынан оқшаулау одан сайын тұйықтала түсуіне әкеп соқтырады», деген пікірде. Осы бір парадокстың бізді қуантатыны – соңғы пікірдің бүгінде айтарлықтай өз нәтижесін бергенінде болып отыр. Әлемді айналып өтпейік, бәріміз білетін Альберт Эйнштейн, АҚШ-тың үшінші президенті Томас Джефферсон, америкалық ақын Элизабет Дикинсон, ағылшын жазушысы Джейн Остин, аустриялық композитор, классикалық шығармалардың авторы Моцарт, қазір баршамыз жұмыс істеп отырған «Microsoft» компаниясының негізін қалаушы Билл Гейтс аутист болған. Бұл тізімді тағы толықтыра түсуге болады. Осыдан кейін шынында бұл – кейбірі үшін дерт емес, танылмаған талант, ешкімге ұқсамайтын өзгешелік деуге болады.
«500-дей баланы емдедім...»
Осы ойды іс жүзінде дәлелдеп жүрген жанмен жақында жолықтық. Анығында, баласы аутизм дертімен ауыратын ана жолықтырды. Ол баласының бойындағы қиындықтарды жеңу мақсатында психотерапевт Татьяна Жаньяровадан көмек сұрап, «Океан-Арт» орталығына келген. Баласы еш нәрсеге құлқы болмай, сабаққа жөнді қатыспай, тіпті мұғалім жанына келіп, арнайы сұрамаса, ештеме айтпай, қатарластарымен қарым-қатынасқа түспей қалған екен. Татьяна оның шығармашылық қабілеттерін және өзіне белгісіз талантын ашып берген, мұның бәрі – орасан әрі жүйелі жұмыстың жемісі. Осы орталық туралы айтқан ана жүргізілген корректорлық жұмыстардың нәтижесінде баласының мектепте өзі сұранып сабақ айтатын жағдайға жеткенін айтты. Татьяна тіпті аутист балаларды тегін емдейтін көрінеді.
Біз аталған орталықты, ондағы жүрегі жомарт, «қолы алтын» маманды көруге құмарттық. Татьяна – психолог, арт-терапевт, суретші-педагог, дизайнер, бір сөзбен айтқанда жан-жақты жан екен. Оның осы қасиеті балалардың да түрлі қабілетін ашуға жәрдемдесетіндей. Біз барғанда ол балалардың ортасында әрқайсысының дене өлшемдерін алып, киім тігіп жатыр екен. Аз ғана уақыт бөлген ол: «Дәрігерлер аутизм емделмейді десе де, 15 жылға жуық тәжірибемде осы диагнозды жойған кезім көп екен. 500-дей баланы емдедім. Аутизм диагнозын қойған дәрігер үш жылдан кейін барған емделушісін тексеріп, өзі енгізген тіркеуден алып тастарда таңғалған», – деген ол көп дүниенің басын ашып берді. Айтуынша, бұл кедергіні жеңіп, бала бойындағы ауытқушылықты қалпына келтіруге болады, тек қажыр-қайрат, өз ісіңе және балаларға деген сүйіспеншілік, олардың болашағына деген сенім керек. Татьяна алғаш психолог мамандығын алып, аутист баламен жұмыс істеп, өз әдісін сынақтан өткізіп көрген. «Бала 5 жасқа жеткенде осы диагнозды қойған. Сол аутист баламен шығармашылық қабілеттерін шыңдау бойынша жұмыс істедім. 1 жылғы еңбектің нәтижесінде диагноз жойылды. Қазір 20-дан асқан жігіт қоғаммен бірге, қалыпты өмір сүріп жүр», – дейді.
Әр үш баланың біреуі тегін қаралады
Астанадағы аталған орталықтың Алматыда да филиалы бар. Ондағы бір баламен Татьянаның өзі айналысады. «4 жаста болса да сөйлей алмайды, өз-өзіне қызмет көрсетпейді, киіне алмайды, дайын дүниені күтіп отыра береді. Анасымен бірге стратегиялық жоспар құрып, әрбір әрекетті түсіндіріп, түзету жұмыстарын жүргізіп келеміз. Қазір анасы оның дауысқа елеңдеп, уілдей бастағанына қуанып жүр. Өйткені ол бұған дейін дыбыс шығармаған. Осындай кішкентай жетістіктермен біз үлкен жеңіске жетеміз», – дейді ол. Маман мұндай нәтижеге қол жеткізу үлкен кәсібилікті, еңбекті, күш-жігерді қажет ететінін тағы айтты қайталап. Әлеуметтік бұзылыс болғандықтан, маман баланың қай бағытта қабілеті ашылмай қалғанын анықтау үшін ұдайы ізденіспен, бақылаумен, ыждағатпен айналысу керек.
Татьянаның айтуынша, арт-терапия – психологияның бір бағыты, онда маман қабылдаушысын шығармашылық әрекеттер арқылы емдейді. Еуропа елдерінде арт-терапевт бөлек бір мамандық ретінде қалыптасқан, ал бізде мұндай мамандар түгілі арт-терапияның өзі толық таралмаған. «Бұл – қандай да бір ем, емші емес, кәдімгі психологтың таза түзету жұмыстары. Әйтпесе көп адам «бала келді, маманға кірді, сурет салды, бір уақытта тазарып шыға келді» деп жеңіл және күдікті оймен қабылдауы мүмкін. Шығармашылық әдістердің көмегімен қандай да бір қиындықтар туғызатын эмоциясын шығаруға, өзгерістерге бейімделуге, сюжетті көруге, өзінің ішкі жан дүниесін оқуға және ішкі қалауын сыртқа, жұртқа жеткізуге жағдай жасаймыз», дейді ол.
Ағылшынның art – өнер, therapy – ем, емдеу сөздерінің бірігуінен пайда болған бұл терминді қазақшаласақ, «өнермен емдеу» деп түсінуге болады. Арт-терапияның аясы кең, яғни драма, сурет, би, ән, музыка, аспапта ойнау. Өнердің құдіретімен талай балаға көмек көрсетіп келе жатқан орталықтың әкімшісі Айгүл Дәулетияр балаларға жеңілдіктер жасалғанын, ал ерекше дамуды қажет ететін балалармен жұмыс істейтін маман әр үш баланың біреуімен тегін жұмыс істейтінін жеткізді. Сонымен қатар екі үйірмеге қатысса, біреуіне тегін, сондай-ақ бір үйдің екі баласына да жеңілдіктер бар екен. «Татьяна мектепте білім беруден бас тартқан, арнайы түзету орталықтарында оқытуға шешім шығарған көптеген аутист баланы қатарға қосты», дейді А.Дәулетияр. Оның айтуынша, аутист балалар тегін емделеді, алайда, орын көлемі шектеулі.
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»