Бүгінде есімі көпшілікке танылып қалған жас суретші, мүсінші Айдос Есмағамбетов он шақты жыл бұрын республикалық «Нұр Астана» жастар апталығының тілшісіне осылай деген еді.
Одан бері де он жылға жуықтапты. Қазіргі күні Айдос Есмағамбетов біраз шираған. Тәжірибе жинақтай бастаған. Алғашқы жылдары Елбасы мен Абылай ханның мүсіндерін жасаған оның бүгінгі күні шеберханасының төрінен даңқты спортшы, боксшы Геннадий Головкиннің мүсіні орын алған. Әзірге аяқтап үлгермепті.
Айтпақшы, елордадағы еліміздің Қарулы Күштерінің Ұлттық әскери-патриоттық орталығында кейіпкеріміздің тағы бір жұмысы тұр. Балауыздан жасалған. Еліміздің тұңғыш Президенті мен Сағадат Нұрмағамбетовтің мүсіндері Елбасының 1992 жылғы мамырда генерал-полковникті Қорғаныс министрі ретінде тағайындау туралы Жарлыққа қол қойған сәтін бейнелейді.
Күні кеше жас мүсіншімен тағы кездестік. «Astana musical» театрында жұмыс істейді. Актерлердің бет-әлпетіне грим жасап, сахнаға дайындайды. Сондай-ақ фото-видеоға түсіру ісімен де айналысады. Одан қолы қалт еткенде мүсіндер сомдайды. Бізге атақты Гена мен Барак Обаманың мүсіндерін көрсетті. Әйтеуір тыным таппайды. Өз ісіне шын берілген жан.
– Менің жұмыстарымның Мадам Тюссодағы фигуралардан өзіндік ерекшелігі бар. Олар бір команда болып жұмыс істейді. Сосын жоспарланған мүсіннің иесін арнайы шақыртады. Ал мен, өзіңіз көргендей, жалғыз өзім кірісемін. Сол сияқты кейіпкерімді тек фотосы арқылы ғана әзірлеп шығамын. Бір мүсінді толық аяқтау үшін шамамен 4-5 айдан бір жылға дейінгі уақытым кетеді. Әр тал шашын жеке-жеке орналастырып шығамын. Төзімділікті талап ететін жұмыс бұл, – дейді Айдос.
Естеріңізде болса, былтыр күзде Гиннестің рекордтар кітабына енген әйгілі мюзикл «Notre Dame de Paris» Орталық Азияда тұңғыш рет қазақ сахнасында қойылғаны белгілі. Р.Коччанте мен Л.Пламондон сынды авторларының даңқын аспанға көтерген туынды Астанадағы Бейбітшілік және келісім сарайында сахналанған еді. Сонда атақты туынды кейіпкерлерінің бет әлпетін әсемдеп, грим арқылы образдарын жасаған Айдос Есмағамбетов екенін біреу білсе, біреу білмейді.
Аты-жөні «Қазақстанның 100 жаңа есімі» жобасына енген дарынды суретші бүгінде жігерлене түскендей. Ойына алған біраз жобасы бар екенін айтты. Гиперреализм өнерін зерттеп, осы жанр бойынша тер төге беретінін аңғартты.
– Негізі, жұртшылық менің өнерімді әлі де болса дұрыс түсіне қоймайтын шығар деп ойлаймын... – дейді ол.
– Неге?! – дейміз біз. Ол сәл ойланып:
– Әйтпесе елордамыздың төрінен бірегей музей ашылып, онда тарихи тұлғаларымыз, хандарымыз бен билеріміз, батыр бабаларымыздың алып тұлғалы шынайы мүсіндері қасқиып тұрса, қандай керемет болар еді, ә? Бұл, меніңше, елімізге келетін шетелдік қонақтардың да зор қызығушылығын тудырар еді. Кім білген, бәлкім, бұл арманым да алдағы уақыттарда орындалатын шығар, – деді.
Бұдан кейін өзін биік шыңға жетелей бастаған өнерге қалай келгенін әңгімеледі.
– Сурет салуға бала күнімнен ынтық болдым. Әкем де сурет салып, мүсіндер жасайды. Ал анам кесте тоқиды. Кестесі инемен емес, қылқаламмен салғандай әсер береді. Арқалық қаласына қарасты Ашутасты ауылының тумасымын. Кәсіби білімімді Ы.Алтынсарин атындағы Арқалық мемлекеттік педагогикалық институында «Бейнелеу өнері мен сызу» мамандығы бойынша алдым.
Шынымды айтсам, бұрын-соңды силиконнан мүсін жасау ойымда болған жоқ. Дегенмен, қолға алынған соң, орта жолдан тастап кетпей, әрі қарай ізденіп, осы өнерді дамыта берсем деген мақсатым бар. Шәкірттер тәрбиелеп, ерекше мүсін сомдау тек еуропалықтардың ғана емес, қазақтың да қолынан келетінін дәлелдегім келеді, – деді ол.
– «Кино саласына бет бұрып, қорқынышты фильм кейіпкерлеріне грим жасап, құбыжықтардың түр-түрін айнытпай жасап берер едім» деп айтып едің кезінде...
– Иә, есімде. Дәл солай жасадым да. Есіңде болса, 2013 жылы Астанада масалар жайында «Өлгендермен селфи» атты қорқынышты фильм түсірілді. Сондағы кейіпкерлердің түр-тұлғаларын жасап шығардым. Киноны көргендер жылы пікірлерін айтып жүр. Мысалы, фильмде мен адамның үрейін ұшыратын акрилді тістер жасадым. Бүгінде көптеген тіс емханасы қолданып жүрген материалдар менде де бар. Жас адамды лезде «қартайтып» жібере аламын (күледі). Меніңше, отандық фильмдерімізге осы бағыт жетіспейтін секілді...
Айдос мүсінге қажетті материалдарды АҚШ-тан арнайы алдыртады. Оның құны да әжептәуір. Әзірше өз өнеріне өзі демеуші. Оған қажетті қаражатты салған картинасын сатып, алады. Ол үшін өкінбейді.
– Қазір екі бағыт бойынша жұмыс істеп жүрмін: өзім қызмет ететін театр әртістері мен кинофильм актерлеріне грим жасаймын. Сол секілді адамдарға протез жасаймын, ол бүгінде медицинада қолданылып жүр, – дейді Айдос.
Мемлекет басшысы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаласында «Қазақстанның 100 жаңа есім» жобасы арқылы еліміздің әр өңірінде тұратын түрлі жастағы азаматтардың жетістіктеріне назар аударуды ұсынғаны белгілі. Талантты азаматтардың өмірбаянын үлгі ету арқылы жастарды тәрбиелеуде бұл жобаның маңызы ерекше екені де анық.
Жетістік демекші, Айдос Есмағамбетов көз майын тауысып істеген еңбектерін ешкімге бұлдамайды. Қайта еңбектенген сайын тынысы ашылып, шабыт пайда болатынын, жігерін жани түсетінін айтады.
Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»