Қазақстан Суретшілер одағының мүшесі Ренат Елубаев бұған дейін Ресейде өткен «Удивительные люди» телешоуына қатысып, көрерменді таңғалдырған еді. Суретші 2015 жылы Нью-Йорк (АҚШ) қаласында өткен «New York Realizm fine art» халықаралық көрмесінің алтын медалін иеленіп, Белоруссияда өткен «Куршинале-2015» халықаралық өнер олимпиадасында «Сурет өнері» аталымы бойынша бас жүлдегер, Италия, Армения секілді мемлекеттерде халықаралық байқауларда жүлдегер атанған екен. Өзінің айтуынша, шетелдерге жиі шығып, өнерін көрсетуге қаржы тапшылығы қолбайлау болып жүр.
– Бұл менің Орал өңіріне алғаш рет аяқ басуым. Шетелдерге талай мәрте шақырумен барып жүрсем де, өз елімізде тұңғыш рет елеп шақырғаны, кездесу ұйымдастырғаны үшін оралдықтарға алғысым шексіз. Жалпы, бұл өнерді – көз жұмып сурет салуды әркім әрқилы қабылдайды. Сенімсіздік танытатындар да бар. Бұл ерекше қабілет – маған Алла Тағаланың берген ерекше сыйы деп есептеймін. Көзімді байлап қойып сурет салғанда оның сәтті шығуы көңіл күйге, айналамдағы адамдардың қабылдауына да байланысты. Бұл қабілетімнің қашанға дейін сақталатынын да білмеймін. Мүмкін бір-екі жылдан кейін, тіпті ертең де сурет сала алмай қалуым да ғажап емес, – дейді Ренат Қилыбайұлы.
Суретшінің айтуынша, түрлі телешоуларға шақырушылар көп болғанымен, оның бәрін қабыл ала бермейді. Өйткені көзін жұмып сурет салу тылсыммен жалғасып жатқан жұмбақ құбылыс. Көпшілік алдында көрсеткен осындай шоуда Ренат өзінің қатты қобалжып, шаршап қалатынын айтады. «Бұған көп күш, көп энергия кетеді» дейді суретші.
Осы кездесуде Ренат Елубаев өзінің басты өнерін ортаға салды. Көзіне арнайы таңғышын киген соң жиналған жұрттың басым көпшілік даусымен жылқының суретін салып шықты. Екі қолына бірдей қылқалам ұстаған суретші бірер минут ішінде салт атты адамның нобайын шығарды. Өнер туындысы деуге келмесе де, жылқының суреті сәтті шықты деуге болады. Музей директоры Мирболат Ерсаев бұл жұмыстың мұражай қорына алынатынын айтып, қылқалам шеберінің авторлық қолтаңбасын жаздыртып алды.
Қазбек ҚҰТТЫМҰРАТҰЛЫ,
«Egemen Qazaqstan»
Батыс Қазақстан облысы