Аймақтар • 19 Ақпан, 2019

Аудан әкімдері қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты жоспарды баяндады

162 рет
көрсетілді
3 мин
оқу үшін

Әкімдікте өткен жиын барысында төрт ауданның әкімдері абаттандыру және қауіпсіздік жөніндегі кешенді жоспарды («Қауіпсіз аула») іске асыру аясында жүргізіліп жатқан шаралар туралы айтып берді деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Аудан әкімдері қала тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз етуге қатысты жоспарды баяндады

«Алматы» ауданының әкімі Әділбек Сәрсембаевтың мәліметіне сүйенсек, аудан аумағында 387 аула бар. Оның 350-і бүгінгі таңда жақсы күйде. «2018 жылы 235 ауланың құрылысы, 6 гүл бағын абаттандыру жұмыстары жүргізілді. Осы жылы Мүсірепов көшесі 10/2, 10/3 және Қажымұқан көшесі, 15  мекенжайлары бойынша екі гүл бағын салу, сондай-ақ қалған 37 ауланы абаттандыру жұмыстарын жүргізу жоспарланған», – деді ол.

Сонымен бірге, тұрғындардың өтініші бойынша мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған ойын элементтері орнатылған. Аулаішілік аумақтарда 2 мың шам бар. 387 ауланың 25-і жарықтандырылмаған. «Алматы» ауданының аумағында 2 584 бейнебақылау камерасы орнатылған.  Олардың 2 434-і – тұрғын үйлерде, 150-і көшелер мен көше қиылыстарында орнатылған. Осы жылы 945 камера орнатылады деп жоспарлануда (539-ы «Сергек» камералары). Аудан аумағында орнатылған «Сергек» камераларының жалпы саны 519-ды құрайды.

«Есіл» ауданының әкімі Төлеген Закарьяновтың айтуынша, 2019 жылы 10 аулаішілік аумақта жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын жүргізу көзделген. Аудандағы 82 тұрғын үй кешенінің кіре берісінде 750  IP-камера орнатылған. Ол тұрғындардың өз пәтерлерін онлайн жүйеде қарап отыруына мүмкіндік береді. «Сарыарқа» ауданында аулаларды абаттандыру және қауіпсіздікті қамтамасыз ету бойынша кешенді жоспарды жүзеге асыру шеңберінде 35 аула абаттандырылды. Атап айтқанда, 16 футбол алаңы, 2 баскетбол және 24 жаттығу алаңы орнатылды.

«Қазіргі таңда «Сарыарқа» ауданы бойынша 308 тұрғын үйде 3 881 бейнебақылау камералары орнатылды. Аудан тұрғындары мен қонақтарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін 267 үйдің ауласында, сондай-ақ аса криминогенді учаскелердегі тұрғын үй (теміржол бекеті ауданы, Арман дүкені, мемлекеттік бағдарламалар үйлері, «Махаббат 1,2» ТК) аулаларында  677 «Сергек» бейнебақылау камерасы орнатылды», – деп мәлімдеді аудан әкімі.

Ауданда қазіргі кезде жалпылай алғанда, 1 485 «Сергек» камерасы орнатылған. Байқоңыр ауданында 367 жарық беру құралы тапшы болған. 2018 жылы ауданның өз күшімен 43 аулада жарық шамдары ауыстырылды. Қалған мекенжайлар бойынша жарық беруші құралдарды орнату шаралары осы жылы аяқталмақ.

Сонымен қатар, аудан аумағында азаматтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін «Сергек» камераларын орнату жүріп жатыр. Қазіргі кезде бірінші кезең аяқталды, нәтижесінде 299 бейнебақылау камерасы іске қосылды. Екінші кезең барысында Байқоңыр ауданында  осындай 450 камера орнатылатын болады. Камераларды орнату мерзімі ағымдағы жылдың наурыз айының соңына дейін жалғасады.