Қазақстан • 19 Ақпан, 2019

Оразалы Досбосынов атындағы аудитория ашылды

1276 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Абай атындағы Ұлттық Педагогикалық университеттің қабырғасынан Оразалы Досбосынов атындағы жас айтыс ақындарының орталығы ашылды. Оқу ордасының ұстаздары аталмыш аудитория төл шәкіртімізге ғана емес, күллі қазақ жырына жасалған құрмет деп есептейді.

Оразалы Досбосынов атындағы аудитория ашылды

От ауызды, орақ тілді Оразалы бір кездері осы оқу ордасында білім алған еді. Мақамы маңғаз айтыскер ақынның атымен аталған шағын аудиторияның есігі  өлең өлкесіне бет алған тәлімгерлер үшін қашанда айқара ашық. Мұннан ақынның өмір жыры, көңіл сырынан хабар беріп, шығармашылық жолынан сыр шертетін кітаптар мен естеліктерді де таба аласыз. Аудиторияның ашылу салтанатына арнайы келген  қабырғалы қаламгерлер, отызға толар-толмас шағында арамыздан кеткен шайырдың ел аузында әлі күнге дейін айтылып келе жатқан отты шумақтарын оқып, жылы естеліктермен бөлісті.

«Оразалы көзі тірісінде республикалық және халықаралық айтыстарда топ жарып, ақтаңгер ақын атануымен бірге айтыс өнерінде өзіндік мектебін қалыптастырып кеткен талант иесі. Оны мәңгі есте сақтау тірілердің парызы деп білеміз. Осы мақсатпен біз бүгін «Менің пірім - Сүйінбай» ІІІ республикалық студент-ақындар айтысын Оразалы Досбосынов атындағы жас ақындар орталығын ашудан бастағалы отырмыз. Бұл біздің Оразалы түлегіміздің рухына деген құрмет деп біліңіздер. Бұл мектептен елдің мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған, ойы ұшқыр, шабыты шалқар жас ақындар легі қанат қағады деп сенеміз», дейді университет ректоры Такир Балықбаев.

Ресми шараның соңы республикалық студенттер айтысына ұласты. Еліміздің отызға тарта жоғары оқу орындарынан келген  жас айтыскерлер отты ақынның есімін ұлықтап, жырдан шашу шашты.

Арман ОКТЯБРЬ,

«Егемен Қазақстан»

АЛМАТЫ