Қазақстан • 20 Ақпан, 2019

Қолдауға зәру отбасылар партия назарында

441 рет
көрсетілді
8 мин
оқу үшін

Алматы қаласының әкімі Бауыржан Байбек «Нұр Отан» партиясы қалалық фи­лиалының кезектен тыс конференциясында тұрмысы төмен көп балалы ана­ларға мемлекеттік жәрдемақы, атаулы көмек, әлеуметтік төлем, демеушілік көмек, еңбекпен қамту сынды қолдау көрсету жүйесінің бірқатар шараларын атап өтті. Шаһар басшысы қолдауға зәру тұрғындарға атаулы тікелей және жанама әлеуметтік көмек көрсету партияның басты міндеттерінің бірі екенін жеткізді.

Қолдауға зәру отбасылар партия назарында

«Қысқа мерзім ішінде көмекті қажет ететін жандардың барлығын анықтап, әр отбасын аралап, оларға бірінші кезекте не қажет екенін білген жөн. Сонымен қатар тұрмысы төмен көп балалы от­басы­­­ларға қолдау көрсетудің жол картасын жасау керек. Бұл бір реттік акция емес, бұл іспен біз жүйелі түрде айналысамыз. Сондай-ақ атаулы көмекке, белгілі болғандай, жұмыспен қамту және оқыту формасы енеді. Сондықтан тұр­мысы төмен отбасылар үшін әлеуметтік жұмыс орындарын ұлғайтып, стипендия төлейтін қысқа мерзімді оқу курстарын ұйымдастырған жөн», деді Б.Байбек.

Көп балалы отбасыларға заңнамалық және психологиялық кеңестердің, реаби­литациялық көмектің, қарапайым адами жүздесудің қажет екенін ескере оты­рып мегаполис басшысы «Бақытты от­б­асы» қалалық жобасын іске асыру­ды және көп балалы аналардың осы ат­тас орталығын құруды ұсынды. Бұл бір терезе қағидасы бойынша жұмыс істей­тін сервистік орталық болмақ. Осы ар­қы­лы көп балалы аналар жұмыспен қам­тылады.

Тұрғын үй көп балалы аналар үшін ең өзекті мәселе. Қолжетімді тұр­ғын үй бағ­­дар­ламаларына қатысып, алғашқы жар­н­алық қаржыны төлеуге олардың мүм­­кін­діктері жоқ. Сондықтан 4 және одан көп кәмелеттік жасқа толмаған бала­ла­ры бар отбасылар үшін алғашқы жарна төле­мін субсидиялау қарастырылады.

«Көп балалы отбасылардың өткір проблемаларының бірі – коммуналдық қызмет төлемі. Қалада қолдау көрсету бойынша түрлі төлемдердің кең спектрі қалыптасқан. Дегенмен, көп балалы отбасыларға көрсетілетін түрлі өтемақы­лар көлемін тағы бір қарап шығып, олардың үйлеріне ыстық және суық су есептегіш қондырғыларын орнатуға кететін шығындарды да назарға алған жөн», деді Бауыржан Байбек.

Мегаполис басшысы мүгедек балаларды үйде оқыту және қиын жағдай туған кезде бір реттік көмек ретінде бері­летін атаулы әлеуметтік төлемдердің көле­мін ұлғайту мәселесін қарастыруды тап­сырды. Тұрмысы төмен көп балалы отбасылардың екінші баласынан бас­тап балабақшаға жұмсалатын шығынға төлем­ақы беру мәселесін зерттеуді де ұсынды.

Әлеуметтік әл-ауқат, Стратегия және бюджет басқармаларына және басқа да құзырлы органдарға бір апта ішінде осы мәселе бойынша нақты ұсыныстар енгізу тапсырылды.

Айта кетерлігі, Алматы қаласының бюд­­жеті әлеуметтік бағытқа негізделген және халықты әлеуметтік жағынан қам­ту­ға бөлінетін қаржы жыл санап арта түсу­де. Қазіргі кезде бюджеттің 50%-дан ас­та­мы немесе 200 млрд теңгеден ас­там қар­жы денсаулық сақтауға, білім­ге, тұр­мысы төмен жандарға көмек көр­се­ту­ге, коммуналдық шығындарды субси­дия­лауға, түрлі жәрдемақыларды төлеуге жұмсалуда.

«Нұр Отан» фракциясы мәслихатта түрлі әлеуметтік мәселелерді көтереді. Ұсы­ныс­тардың барлығы жергілікті ат­қару ор­гандарында оң шешімін тауып, қалада іске асуда.

Мысалы, 2016 жылдан бастап партия фракциясының бастамасы бойынша балабақша төлемі 27 мыңнан 15 мың теңгеге азайды. Бұл үшін бюджеттен жыл сайын 3 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді, мұнда 60 мың отбасы қамтылған. Соңғы төрт жыл ішінде мемлекеттік тапсырыс есебінен балабақшадағы орындар саны 3 есеге артты немесе 4,7 мыңнан 15,5 мыңға өсті. Жалпы, балабақша орындарын субсидия­лау үшін жыл сайын 18 млрд теңгеден астам қаржы бөлінеді. Бұл цифр үш жыл ішінде 2 есе өсті.

Тұрмысы төмен көп балалы отбасы­лар­дың 11 сыныпқа дейінгі балалары тегін тамақтанады және мектеп формасымен қамтамасыз етіледі. Мұндай қа­жет­­тіліктерге қала жыл сайын 800 млн теңгеден астам қаржы бөлуде. Тұр­мысы төмен отбасылардағы 4 мың­нан астам баланың тегін демалысын ұйым­дас­тыруға жыл сайын 230 млн теңге қарастырылған.

Бұдан өзге, соңғы 4 жыл ішінде пар­тия ұсынысы бойынша көп балалы отбасылардың мүшелері, мектеп, колледж оқушылары, ЖОО студенттері мен зейнеткерлер жолақының жеңілдетілген 50 пайызын ғана төлейді, оған жыл сайын 5 млрд теңгеден астам қаржы жұм­салады. Жеңілдікпен 350 мыңнан астам адам қамтылған.

Партия ұсынысы бойынша түрлі өтемақылар төленуде. Мысалы, 2,3 мың отбасына коммуналдық қызмет шығындары өндіріліп берілді. Оның ішінде көп балалы отбасылар да бар. Осы санаттағылардың үйлеріне есептегіш коммуналдық қондырғыларды орнату шығыны өтелуде. Бүгінде 1 мыңнан астам отбасына 50 млн теңгеден астам қаржылай көмек көрсетілді.

Өткен жылы партияның қала­лық бюросында монополистерді тексерген прокуратураның құжаттары көпшіліктің қатысуымен қаралған болатын. Нәтижесінде заңсыз есептелген 4,5 млрд теңге тұтынушыларға қайтарылды.

Жалпы, үш жыл ішінде тарифтерді көтермей, ұстап тұру үшін 6 млрд теңге бөлінді, 800 шақырым желі жөнделді. Қазіргі кезде 1,5 млн адам немесе қала тұрғындарының 80%-ы коммуналдық қызметті төменгі тариф бойынша төлеу­де. Егер қала әкімдігі субсидия бөл­мегенде тұрғындар үш жыл бойы жылу­дың өзіне ғана 35% көп төлейтін еді.

«Нұр Отан» партиясы қалалық филиалы фракциясының жетекшісі Мұрат Әділ­хановтың Алматыда әлеумет­тік мүм­­кін­дігі шектеулі топтарға қол­дау көр­­сету қо­рын құру жөніндегі ұсыны­сы­на үн қосқан алматылық бизнесмендер бүгінде 35 миллион теңгеге жуық қара­жат жинады.

Бастамашы өз сөзінде «Бақытты отбасы» жаңа қоғамдық қорының көмекке зәру жандарға атаулы көмек демеушілер қаржысынан қаралатынын айтты.

«Әрине, қазір әлем бойынша бизнес үшін күрделі жағдай қалыптасқан. Дегенмен, әркім көмек қолын созуға дайын деп ойлаймын. Мен өзім көп балалы отбасында өстім, сондықтан олардың жағдайын жақсы білемін. Біз қазір жеке көмек көрсетудеміз, бірақ бұл аз. Демек, бірігіп, қалалық үлкен қор құру қажет, сонда ғана біз көп отбасыларды қамти аламыз», деді М.Әділханов. 

Өз кезегінде алматылық бизнесмендер ұсынысқа қолдау білдірді. М.Әділ­ханов қордың барынша ашық болатынын айтты. Барлық шығын көлемі құрамына депутаттар, қоғам белсенділері, журналистер, блогерлер мен тұрмысы төмен от­басылардың өкілдері енген ба­қылау кеңе­сінің назарында болады. Жур­на­лист әрі көп балалы аналардың құқы­ғын қор­ғаушы Сәуле Әбединоваға Қор­дың ба­қылау кеңесінің мүшесі болу ұсынылды.

Бұдан өзге, қала әкімі 4 және одан көп кәмелеттік жасқа толмаған балалары бар отбасылар үшін алғашқы жарна төлемін субсидиялауды жергілікті бюджет есебінен жүргізу мүмкіндігін қарастыруды тапсырды. Тұрмысы төмен көп балалы отбасылардың екінші баласынан бастап балабақша шығындарын төлеу де қарастырылады.

Қала әкімі мүгедек балаларды үйде оқыту мен өмірлік қиын жағдай кезінде берілетін бір реттік атаулы әлеуметтік көмек көлемін ұлғайту шараларын қарас­тыруды тапсырды.

Иә, Алматыдағы әр шаңырақта шат­тықтың лебі есетін болады. 

Сапарбай ПАРМАНҚҰЛ,

«Egemen Qazaqstan»

АЛМАТЫ