Аймақтар • 20 Ақпан, 2019

Жамбыл жастары жақсы іс бастады

619 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Жастар жылына орай Әулиеата өңірінде еріктілер қозғалысын дамыту, олардың жұмысын қайырымдылық­қа бағыттау, сол арқылы жастар­ды қайырымдылыққа тәрбиелеу жолға қойылып келеді.

Жамбыл жастары жақсы іс бастады

Қазір облыста «Жібек жолы жас­тары» волонтерлер қозғалысы бар. Жалпы, өңір бо­йынша мыңнан астам ерік­тілердің де­рек­қо­ры жасал­ған. Жуырда ғана волонтер­­лер 3 ап­та бойы Тараз қаласындағы 450-ге жуық қам­қорлық пен қолдауға мұқтаж отбасы­ны анықтады. 

Осы орайда, облыстық Жастар саясаты мәселелері бас­қармасының ұйымдас­тыруымен Тараз қаласында қайы­рымдылық акциясы өт­кенін де атап өткен жөн. Акция аясында 220 тұр­мысы төмен отбасына көмек көрсетілді. Оның ішін­де көп балалы от­басылар, жалғызбасты аналар, мүмкіндігі шектеулі балалары бар жан­дар. Шара барысында оларға ұн, күн­бағыс майы, шай, шекер, күріш, макарон, қара­құмық сияқты азық-түлік табыс­талды. Әр отбасына киім-кешек­тер де таратылды.

− Алдағы уақытта қайы­рымдылық дү­кен­дері іске қосылады. Волонтерлер мен кәсіпкерлердің тығыз байланысын орната отырып, бес жерге арнайы жәшіктер қойы­лады. Сонымен қатар азық-түлік, киім-кешек сынды тұтыну заттарын жинақтап, тарату жұмыстары қолға алынады. Бұл жұмыс жүйеленіп тұрақты түрде жалғасын табады, − дейді басқарма басшысы Мәди Мәтен.

Айта кетейік, басқар­ма­ның мемлекеттік әлеу­мет­тік тапсырысы шеңберінде «Волон­терлер мектебінің жұмысын жүргізу, үй­лес­тіру және олардың әлеуетін дамы­туға ба­ғыт­­талған іс-шара­лар­ды ұйымдастыруға» 15 мил­лион теңге қаржы қа­рал­ған. Мұндай қайы­­рым­дылық шара барлық аудан­да бір ме­зетте ұйымдастырылатын болады.

Хамит ЕСАМАН, 

«Еgemen Qazaqstan» 

Жамбыл облысы