Осы оқиғаға орай университет ректоры Ақылбек Күрішбаев: «Бұдан былай франциялық профессорлармен халықаралық деңгейдегі жаңа оқу бағдарламаларын бірлесе әзірлеп, білім беру үдерісіне енгізетін боламыз. Барлығы жоспарлағанымыздай болса, алдағы уақытта олармен қос дипломды білім беруге көшеміз. Мұндай міндетті алдымызға Премьер-Министрдің орынбасары – Ауыл шаруашылығы министрі Ө.Шөкеев, Ұлттық аграрлық ғылыми-білім беру орталығының басшылығы қойып отыр. Бізге ауыл шаруашылығы бағытында білім беретін әлемдік көшбасшының келуін тың өзгерістерге жасалған алғашқы қадамның басы деп бағалаған жөн», деді.
Ректордың айтуынша, бұл шешімді франциялық университет қазақстандық жоғары оқу орнының оқытушылары мен студенттерінің әлеуетін жан-жақты зерттеп барып қабылдаған. Мұндай көшбасшылармен серіктестікке қол жеткізу де оңай емес, себебі бұл университеттер үшін өздерінің жеке имиджі бірінші орында.
– Ендігі кезекте ҚазАТУ-дың даму бағдарламасын табысты әрі уақытылы жүзеге асыру үшін мемлекеттік бюджеттен қаражат бөлу қажет. Алдағы уақытта біз де әлемнің үздік университеттеріндегі сияқты ауыл шаруашылығының кәсіби мамандарын дайындаймыз. Өйткені біз кезіндегі Сингапур, Малайзия, Аргентина, Чили, Қытай және басқа да елдердің жетекші университеттері өткен жолмен жүріп келеміз. Олардың қалыптасуына мемлекет тарапынан қолдау көрсетіліп, соның нәтижесінде қазіргі деңгейге жетіп отыр, – дейді А.Күрішбаев.
Арнұр АСҚАР,
«Egemen Qazaqstan»