Қазақстан • 20 Ақпан, 2019

Қызғалдақтар, сарғалдақтар

7239 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Францияның белгілі жазушысы Оливье Блейстің «Торговец тюльпанами» шығармасы бізді XVII ғасырдағы Голландияға топ еткізеді. Елде қызғалдаққа деген құмарлық өршіп тұрған уақыт. Қызғалдақтың сирек сорттары ел естімеген бағамен сатылады. Аңызға айналған қызғалдақтың бір тұқымы хан сарайының құнымен бірдей бағаланады. Осыны оқи отырып, Қазақстанның қызғалдақтары туралы ойландым. 

Қызғалдақтар, сарғалдақтар

Иә, Қазақстанды қызғалдақтың 

отаны деп санайтынымыз, біздің ойы­мыз­ша, әділетті. Өйткені бір ғана Түркістан облысы аумағында 64 жабайы қызғалдақтың 34 түрі өседі. Тарихи тұ­жырым бойынша, қызғалдақ Жібек Жолы белдеуіндегі Қазақстаннан асып, Иранға, Түркияға жеткізілген одан әрі Голландияға барған. Нәтижесінде гол­ландықтар «қыз­ғалд­ақ империясына» айналды.

Қызғалдақ – Түркістан облысының далалық аймақтарында жиі кездесетін гүл. Бүгінде облысымызда қызғалдақтың 20-ға жуық түрі өседі. Биіктігі 30-50 см, сабағы жұмыр, тік болып өседі. Та­мы­рымен жалғасқан буынында пияз­шығы болады. Гүл қоршауы ақ немесе сары болып келеді. Жемісі – қуашақ. Қыз­ғалдақтың тұқымын күзде гүл түскеннен кейін жинап алып, оны құрғақ, салқын жерде сақтап, көктемде егеді. Әсемдік үшін өсірілетін қызғалдақ гүлін хош иісті зат алу мақсатында пайдаланады. Қызғалдақ тұқымдары Қазақстан аума­ғында табиғатта да кең таралған өсімдік, ол көгалдандыруда да жиі пайдаланылатын өсімдік. Барлық түрі 20-25 күн аралығында гүл жарып шығады. Қызғалдақ гүлінің түсі ақтан қараға дейінгі аралықта алуан түрлі болып келеді.

Голландия қызғалдақтары мыңдаған туристерді жинаса, Қазақстандағы қыз­ғалдақ адамның араласуынсыз өсіп-өніп жатыр. Бірақ Голландия табиғатында бұл гүлдің өздігінен өсіп шығуы кем де кем, сондықтан қызғалдақтар тек ар­­найы күтіммен, қолдан өсіріледі. Осын­дай жағдайларды ескере отырып, Ақсу-Жабағылы қорығындағы, сон­дай-ақ Жамбыл облысындағы Беркар бо­таникалық қорығы мен Түркістан облысындағы «Красная горь­ка» арнайы мамандандырылған қорық­та­рын­дағы қызғалдақ гүлдері мемлекет қор­ғауына алынған. Солардың ішінде Байқоңырдың символына айнал­ған Ресей ботаниктерінің құрметіне атал­­­ған Борщов қызғалдағының орны ерекше. Байқоңыр жерінде ғана өсе­тін бұл қызғалдақ көктемгі уақытта та­қыр жерде сап-сары болып жайнап­ тұрады. Құмды және саз-құмды шөл­дерде өсім­тал келетін Борщов қызғалдақтары Қазақ­станның «Қызыл кітабына» енгізілген. Ал Биберштейн қызғалдағы Қазақстан аума­ғында ғана емес, өзге елдерде де жиі кез­деседі. Көп күтімді қажет етпейтін бұл гүл шөпті өсімдіктердің лалагүл тобына жатады. 

Қазақстанның тек солтүстік аудандарында өсетін Шенк қызғалдағы өзіне назар аудартпай қоймайды. Бұл алуан түрлі Грейг қызғалдағы сияқты көптеген қазір­гі заманғы қызғалдақ сорттарының негі­зін қалады. Ол Қазақстанның ғана емес, Ресейдің де «Қызыл кіта­бына» енгізілген. Бұл қыз­ғалдақтың гүл­дері мен тұқымдарын жи­науға қатаң тыйым салынған. Ал жа­байы сорттар негізінен тұқым есебінен көбейеді. Гүлді жұла отырып, біз­ өсімдікке қа­жет қоректік заттарсыз­ қал­ды­рамыз және қайта қалпына келуіне ұзақ жылдар керек. Грейг қызғалдағы демекші, қазақстандық қызғалдақтың бұл түрі алғаш рет «Регель» деп сипатта­лып, Қаратау тауларынан алынған. Оны Ресей Орман қауымдастығының пре­зиденті Сэмюэль Алексеевич Грейгтің құрметіне «Грейг қызғалдағы» деп атады. Қызғалдақтың бұл түрі ХІХ ғасырдан бері селекцияда кеңінен қолданылып ке­леді және одан екі жүзден астам эли­талық қызғалдақ сорттары алынды, олар­дың кейбіреулері Голландияда өзі­нің көркемдігімен туристердің көз қуанышына айналған. Сондай-ақ Еуропаның көптеген ботаникалық бақ­тарында өсіріледі. 

Көктем туа қазақ даласы түрлі-түсті кілемдей құлпырып, сәуірден мамырға дейін гүлдеп тұратын қызғалдақтар аты­рапқа ажар береді. Қысқа уақыт бүр жарса да, соны өз көзіңмен көруге не жетсін! Осы гүлдің қадірін түсінбеген адамзат кесі­рінен Грейг қызғалдақтары сирек кез­десетін және жойылып кету қаупі төн­ген өсімдіктер тізіміне енген. Осы қыз­ғалдақтардың сирек сорттары өсетін аймақ­тарда жыл сайын патрульдер ұйымдастырылады. Бұл әсіресе Жамбыл облысының аумағында байқалады. Қазақстанның «Қызыл кітабына» енген қызғалдақтарды жұлғаны үшін 3 АЕК мөлшерінде айыппұл белгіленген. Бірақ айыппұлмен әрдайым құтылу мүмкін емес болғандықтан, Қазақстан Үкіметі Қылмыстық кодекстің 290-бабына сәйкес, қызғалдақтарды жұлуға тыйым салып, жұлған жағдайда 3 жыл мер­зімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған. Ал қызыл қызғалдақ тұ­қымдарын жұлғаны және сатқаны үшін 4 жылға дейін қылмыстық іс қоз­ғалуы мүмкін. 

Дилорам ТАУАСАРОВА, 

Тарихи-мәдени этнографиялық

 орталықтың қызметкері