– Адырбеков көшесіндегі құрылыс жұмыстары 5 кезеңге бөлініп жобаланған. Жол құрылысына жауапты мердігер – «Kaz Construction» ЖШС. Екі бағыттағы көшені жаңарту барысында жолдың екі шетіне жаяу жүргіншілерге арналған жол салынады, абаттандырылады. Адырбеков көшесі арқылы бүгінде тәулігіне 13450 көлік өтеді, кептеліс жиі болады. Қайта құру жұмыстарынан кейін 4 жолақты жол салынып, бұл көлік қозғалысына да оңтайлы болмақ, – дейді қалалық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Қуатжан Жұматаев.
Басқарма басшысының сөзіне сүйенсек, Адырбеков көшесін кеңейту барысында мемлекет мұқтаждығы үшін 65 жер телімі мемлекет меншігіне қайтарылмақ.
Мердігер мекеме жергілікті билік тарапынан жер мен коммуналдық сұрақтар тез шешімін тапса, жол құрылысын жылдамдатып, ерте аяқтауға күш саламыз, деп отыр.
Жол құрылысының жобасымен танысқан қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов әкімдік тарапынан бұл мәселенің қолға алынатындығын айтып, мердігерлерді жұмыстың сапасына баса назар аударуға шақырды. Жол құрылысына байланысты қалалық жер қатынастары және жердің пайдаланылуы мен қорғалуын бақылау, энергетика және коммуналдық шаруашылық басқармаларына да тапсырма беріп, аталған көшенің қайта құру жобасына велосипед жолағын қосуды ескертті.
Өз кезегінде мердігер мекеменің өкілі жол жөндеу жұмыстарын уақтылы аяқтауға уәде берді.
Былтыр ғана құбырлары жөнделген Байтұрсынұлы көшесін аралап көрген шаһар басшысы ондағы бастапқы үлгілермен танысып, тротуар дизайнына таңдау жасады. Әкім аталған көшеге тек отандық құрылыс өнімдерін пайдалануды тапсырды.
Нұршат ТӨКЕН,
«Egemen Qazaqstan»
ШЫМКЕНТ