Қазақстан • 20 Ақпан, 2019

Бақыт Сұлтанов: «Астана жастары-2019» жол картасын әзірледік

408 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Астана әкімдігі жастарға арналған арнайы құжат дайындады.

Бақыт Сұлтанов: «Астана жастары-2019» жол картасын әзірледік

«Астана – түрлі дарындар мен таланттардың ордасына айналуы керек. Бұл Елбасымыздың артып отырған міндеті. Жақында Жастар ісі жөніндегі кеңестің жиынына қатыстым. Онда жастармен пікірлесіп, түрлі мүмкіндіктерді екшедік, маңызды басымдықтарды анықтадық. Сөйтіп, Елбасымыздың бізге қойған талаптарына сай, «Астана жастары-2019» жол картасын әзірледік», деді Б.Сұлтанов.

Оның айтуынша, құжатқа енген шаралар жастарды дұрыс бағытқа жетелеу және бойындағы талантын танып, тамырын жаюына жағдай жасау.

«Биыл «Жастар» сарайын қайта жасақтаймыз. Ол жастардың мемлекеттік органдармен жанасу нүктесіне айналады. Жалпы табысы ең төмен күнкөріс деңгейінен аспайтын көп балалы отбасылардан шыққан балалар үшін Астана қаласының жоғары оқу орындарында оқуға жекелеген гранттар берілетін болады», деді қала әкімі.

Сондай-ақ Бақыт Сұлтанов техникалық және кәсіптік білім беру мекемелерінде талап етілетін жұмыс мамандықтарын алу үшін қосымша 1 мыңнан астам грант көзделгенін сөз етті.

 «Оқу уақытында жатақханада тұруды, тегін жол жүру мен тамақтануды, стипендия төлеуді қамтитын толық әлеуметтік пакет бар. Жастар тәжірибесі бағдарламасы бойынша ЖОО түлектері жұмысқа орналаса алады. Ал Бизнестің жол картасы бойынша жастар кәсіпкерлік оқудан өтіп, барлық қажетті кеңес ала алады және жеңілдікті несиелеуді субсидиялау бағдарламасының қатысушысы бола алады», деді Б.Сұлтанов.