2019 жылдың 19 ақпанында сағат 03.40 шамасында Қызылорда қалалық полиция басқармасының Жедел басқару орталығына қала тұрғынынан қызы 7-сынып оқушысының үйінен ашуланып шығып кетіп, қайта оралмағаны жайлы хабарлама түседі.
Тексеру барысында анасы қызына ыдыс-аяқты жумағаны үшін ұрысқаны белгілі болды.
Жасөсіпірімді іздеу жұмыстарына ювеналды полиция, патрульді полиция нарядтары жұмылдырылып, көпқабатты үйлердің өжірелері мен шатырлары, аулалары, құрылыс жүріп жатқан обьектілер, мекемелердің аулалары араланып, тұрғындардан сұрастыру жұмыстары жүргізілді.
Жедел-іздестіру жұмыстарының нәтижесінде 05:20 шамасында Титов қыстағының тұрғынынан түскен хабарламадан соң қыз «Ескі» базар аумағынан табылды. Тәртіп сақшыларымен жоғалған жасөспірім полицияға жеткізіліп, ата-анасына аман-есен қолхатпен тапсырылды.
Айта кетерлік жайт, соңғы уақыттарда кәмелетке толмағандардың ата-анасымен ренжісіп, үйден кетіп қалу дерегі жиі орын алуда.
Мәселен, 14 ақпанда Тасбөгет кентінде кәмелетке толмаған колледждің 1- курс студенті сабаққа кетіп, үйіне қайта оралмаған.
Тексеру барысында туысқан апасының туған күн кешінен кеш қайтқаны үшін анасының қызына ұрысқаны анықталды. Іздестіру жұмыстары барысында кәмелетке толмаған қыз сыныптасының үйінде жүрген жерінен табылды.
Сонымен қатар, 18 ақпанда колледждің тағы бір студенті сабаққа кеткеннен қайта оралмаған. Аталған хабар-ошарсыз кету дерегі бойынша барлық жеке құрам құлақтандырылып, іздестіру жұмыстары жүргізілді. Күштер мен құралдарды жан-жақты жұмылдырып іздестіру шараларының нәтижесінде арада 7 сағат өткеннен соң хабар-ошарсыз жоғалған қыз Сабалақ саяжайында табылды.
Облыс бойынша 2019 жылдың 1 ай 19 күнінде кәмелетке толмағандар арасында хабар-ошарсыз кетудің осындай 7 дерегі тіркеліп, олардың барлығы ата-аналарына аман – есен тапсырылған.
Осыған орай, полиция қызметкерлері балаларға деген бақылауды және жауапкершілікті күшейтіп, қауіпсіздігін қамтамасыз ету бағытындағы шараларды арттыру қажеттігін қатаң ескертеді.