Аймақтар • 20 Ақпан, 2019

Асқар Мамин: Үкімет Астананың дамуындағы өзекті мәселелерді шешуде ықпал етеді

443 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қала дамуының міндеттері туралы Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Асқар Мамин айтты. Бұл туралы Астана қаласы әкімдігінің ресми сайты хабарлады.

Асқар Мамин: Үкімет Астананың дамуындағы өзекті мәселелерді шешуде ықпал етеді

«Елбасы тапсырмасымен Үкімет Астана қаласын дамыту жөніндегі кешенді жоспар құрды. Қойылған мақсатқа қол жеткізу үшін тіршілікті қамтамасыз ету жүйелерін, әлеуметтік нысандар, қолжетімді тұрғын үй салу, жол-көліктік инфрақұрылымды және индустриялық аймақтарды қамтамасыз ету, қаланы абаттандыру және қауіпсіздік бағытын дамыту бойынша жобалар іске асырылатын болады. Жалпылай алғанда, кешенді жоспар аясындағы іс-шараларды іске асыруға бес жыл ішінде 1,5 триллион теңге инвестиция құйылатын болады. 10 мыңнан астам жұмыс орны ашылады. Біздің мақсат – қаланы жайлы, қауіпсіз, ыңғайлы ету», – деді Асқар Мамин Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтановтың тұрғындар алдындағы есептік кездесуінде.

Спикер атап өткендей, жүргізіліп отырған әлеуметтік саясаттың негізгі мақсаты – халық табысын ұлғайту, лайықты өмір сүру сапасын қамтамасыз ету.

«Біріншіден, тұрғындардың қолжетімді әрі сапалы баспанамен, біліммен және медициналық қызметтермен қамтамасыз етуге қатысты негізгі қажеттіліктерін қанағаттандыру. Мемлекет басшысы коммуналдық қызмет тарифтерін, азық-түлік және дәрі-дәрмек бағасын ерекше бақылауда ұстауды тапсырды. Екіншіден, Астана әкімдігінің алдына жаңа жұмыс орындарын ашу, шағын және орта бизнестің дамуына қолайлы орта құру талаптары қойылған. Үшіншіден, халықтың әлеуметтік осал топтарын: көпбалалы аналар, мүгедектер, аз қамтылған отбасыларды қолдауда нақты шараларды жүзеге асыру», – деп түйіндеді сөзін А. Мамин.

Вице-премьер Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Үкімет Астананы дамытудағы әлеуметтік-экономикалық өзекті міндеттерді шешуде  ықпал ететіндігін айтты.