Мемлекеттік тіл – менің тілім
Сейсенбі, 5 маусым 2012 6:50
Кеше Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің ұйымдастыруымен «Тіл – татулық тірегі» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізілді.
Дөңгелек үстелді комитет төрағасы Мақсат Сқақов жүргізді. Оған еліміздің барлық өңірлерінен келген мемлекеттік тілді білетін жиырмаға тарта өзге ұлт өкілдері қатысты.
Сейсенбі, 5 маусым 2012 6:50
Кеше Мәдениет және ақпарат министрлігі Тіл комитетінің ұйымдастыруымен «Тіл – татулық тірегі» деген тақырыпта дөңгелек үстел өткізілді.
Дөңгелек үстелді комитет төрағасы Мақсат Сқақов жүргізді. Оған еліміздің барлық өңірлерінен келген мемлекеттік тілді білетін жиырмаға тарта өзге ұлт өкілдері қатысты.
Дөңгелек үстел барысында оған қатысушылардың дені мұғалімдер, БАҚ өкілдері, мәдениет саласының қызметкерлері екенін байқадық. Мысалы, «Астана» телеарнасында қызмет істейтін Максим Рожин, «Мерей» халықтық ансамблінің әншісі Сергей Семыгин, Қызылорда қаласындағы «Қоғам ТВ» телеарнасының журналисі Елена Рыбина көпке танылып қалған жандар десек қателеспейміз. Сондай-ақ, дөңгелек үстелде Қарағанды облысынан келген қазақ тілі пәнінің мұғалімі Татьяна Ахметова, Өскемен қаласындағы Мемлекеттік тілді үйрету орталығының оқытушысы Надежда Шушаникова, Төтенше жағдайлар министрлігі баспасөз қызметінің өкілі Любовь Шапочникова сынды жастар да мемлекеттік тілді дамытуға қатысты өз ойларын ортаға салды.
М.Рожин қазақ тілінің тағдырына алаңдайтын жандар үшін көңіл қуантатын шаруалар атқарылып жатқанымен, оның нәтижесі әлі де төмен екенін айтты. «Қазіргі кезде тілді насихаттау жұмыстары күшейтілді. Нәтижесінде «Қазақстан» телеарнасы тек қазақ тілінде хабар тарататын болды. Қазақ тіліндегі оқулықтардың саны көбейді. Қазақ тіліне аударылып жатқан фильмдер көбейді. Бірақ бұл әлі де жеткіліксіз» деген ол қазақ тілінің имиджін көтеру туралы өз ұсынысын жеткізді. Оның ойынша, қазақ тіліне ең бірінші кезекте жағымды жарнама жасалу керек. Екіншіден, тілді насихаттайтын еріктілер тобы пайда болып, олар орыс тілді орталарда мемлекеттік тілімізді насихаттаумен айналысатын болуы шарт. «Еріктілер басқа бір жақтан келмейді, әрине, тіл жанашырлары осы қатардан табылса», – дейді М.Рожин.
Өскемендегі мемлекеттік тілді үйрететін орталықта оқытушылық қызмет атқаратын Надежда Шушаникова негізінен өз орталықтарының жұмысы жайында баяндады. Халқының 40 пайызы өзге ұлт өкілдерін құрайтын Өскемен қаласындағы бұл мекемеге осы күнге дейін тіл үйрену үшін 18 мыңға жуық адам тіркелген. Орталықтың «Қазақ тілін үйренейік» атты сайтына 68 мыңнан аса адам тіркеліпті. Сондай-ақ орталық жанынан өзге ұлт өкілдерінен құралған пікірсайыс клубы ашылыпты. Бұның да мақсаты біреу – қазақ тілін үйрету. Надежда қазақ тілін білмейтін қазақтардың өзінен сабақ алатынын қынжыла отырып әңгімеледі. «Біз негізінен ересектерге тіл үйретеміз. Олар ой-пікірлері қалыптасқан жандар. Сондықтан оларға тіл үйрету қиынырақ. Тек дүрмекке ілесіп, саясат үшін тіл үйренем деу әурешілік. Бастысы, тілге деген сүйіспеншілік керек», – дейді ол.
Айгүл СЕЙІЛОВА,
«Егемен Қазақстан».