21 Ақпан, 2019

Мұнайға сұраныс жоғары

876 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін
Мұнайға сұраныс жоғары

Өзбекстанның қажеттілігі өтеледі

Аталған келісім екі мемлекеттің мұнай-газ, мұнай-газ химиясы және электр энергетикасы саласындағы ынтымақтастығын ынталандыруды, Өзбекстанға шикі мұнайдың жеткізілуін ұлғайтуды, сондай-ақ Қазақстанның оңтүстігін күзгі-қыс­қы кезеңде табиғи газбен үздіксіз жаб­дықтауды көздейді. Сондай-ақ Өз­бекстанның газ-көлік жүйесін пай­далану арқылы еліміздің оңтүс­тік аймақтағы газ қауіпсіздігін да­мытуға ықпал етеді. 

– Қазақстан алдағы уақытта да Өзбекстанға өз ресурстарынан мұ­най жеткізуге дайын. Ол ши­кізатты Ша­ғыр стансасындағы темір­жол цис­терналарына ауыстырып, тиеу ар­қылы Кеңқияқ-Құмкөл мұнай құ­быры бойынша жеткізіледі. Қазіргі уақытта осы бағыттағы тариф бір тонна үшін шамамен 25 АҚШ долларын құрайды, – деді Энергетика министрі. 

Оның айтуынша, казіргі уа­қыт­та Өзбекстанның сұранысы бо­йынша Ресей тарапы жылына 1 млн тоннаға дейін мұнай жет­кізу мәселесін қарастыруда. Бұл рет­те Қазақстан екі ел арасында тран­зиттік тарап ретінде қаралады.

– Жалпылай айтқанда, Өзбекстан жылына 5 млн тоннаға дейін мұнай сатып алуды жоспарлауда. Соның ішінде Қазақстаннан – 2 млн, Ре­сей­ден 3 млн тонна мұнай сатып алуға ниетті. Сонымен қатар Қазақ­станның өзінен 5 млн тонна мұ­най алуды да қарастыруда, – деді Қ.Бо­зымбаев. 

Министрліктің деректеріне қа­­р­ағанда, Өзбекстанға бес млн тон­на мұнайды тұрақты жеткізу үшін көлік инфрақұрылымына бірша­ма инвестициялар қажет. Атап айт­қанда, Ресей мұнайын Қазақстан ау­ма­ғы арқылы транзиттеу кезінде Түй­мазы – Омбы – Новосібір екі мұ­най құбырының өткізу қабі­летін 11 млн тоннадан 17,5 млн тон­наға дейін кеңейту қажет бола­ды. Сонымен қатар «Трудовое» мұ­­най құбыры стансасын қайта жарақ­тан­дыру талап етіледі. Бұған қажетті болжамды инвестициялар 70 млн АҚШ долларынан асады. Сон­дай-ақ Кеңқияқ – Атырау мұнай құ­бы­рының өткізу қабілетін ұлғайту үшін қажетті инвестиция 120 млн АҚШ долларынан асады. 

Оның үстіне еліміздің оң­тү­с­ті­гінен Өзбекстан шекарасына дейін қуаты жылына 5 млн тонна өткізуге қабілетті жаңа мұнай құбырын салуға 133 млн АҚШ доллары қа­жет. 

– Қажетті инвестицияларды ес­кере отырып, Қазақстаннан Өзбек­станға мұнай тасымалдау тарифі бір тонна үшін шамамен 60 доллар болуы мүмкін. Ал Ресейден мұнай транзиті бір тонна үшін шамамен 38 АҚШ долларын құрауы мүмкін. Ол мұнайды еліміздің батысындағы Теңіз, Қашаған, Қарашығанақ кен орындарынан жеткізуге болады, – деп атап өтті Қ.Бозымбаев. 

Кеңесшілерге талап күшейеді

Жалпы, отырыста мемлекеттік қызмет және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар ен­гізу туралы депутаттар бастамашы болған заң жобасы да бірінші оқылымда мақұлданды.

Заң жобасының негізгі нормалары конкурстық іріктеуден өткен және тиісті жергілікті атқарушы ор­гандардың басшылары лауазы­мына тағайындалатын кандидатураларды орталық атқарушы органдармен міндетті келісу туралы нормаларды қолданыстағы бірқатар заңдардан алып тастауға, конкурстық комиссия мен бірың­ғай конкурстық комиссия құру тәртібін нақтылау жолымен конкурстық ресімдерді жетілдіруге, уәкілетті органның мемлекеттік қызметшілерді басқа мемлекеттік ор­гандарға іссапарға жіберу тәр­тібін әзірлеу жөніндегі функция­ларын бекітуге, мемлекеттік қыз­метті тоқтату және қайта бас­тау мер­зімдерін нақтылауға, сынақ мерзі­мін есептеу мен өткізу тәртібін және міндетті арнайы тексеру жүр­гізу тәртібін нақтылауға, саяси мемле­кеттік қызметшілерді, сон­дай-ақ «А» корпусының кадр резер­він­дегі адамдарды «А» және «Б» корпу­сының мемлекеттік әкімшілік лауа­зымдарына тағайындау тәртібін нақтылауға бағытталған. 

– Бүгінде заң талаптарына сәй­кес сынақ мерзімі арнайы тек­се­рудің оң нәтижесі алынғаннан кейін ғана есептеле бастайды. Дәл сол кезден бастап конкурстан өтіп, қызметке кірген адам мемлекеттік қызметші болып саналады. Бұл ретте арнайы тексеру жүргізу мерзімі 3 айға дейін созылады. Ал сынақ мерзімі 3 айдан басталып, кейбір жағдайларда 6 айға дейін созылуы мүмкін. Со­ның салдарынан азамат­тар 9 айға дейін тағайындаудан өт­пей, қыз­метші өзіне тиесілі әлеу­меттік қол­дауларды толық ала алмайды. Со­ған байланысты депу­таттар сынақ мерзімін еңбек шар­ты қолданыла бастаған кезден немесе конкурстан өткені аза­маттың жұмысқа келген күнінен бас­тап есептеуді ұсынып отыр, – де­ді заң жобасы бойынша баяндама жасаған Мәжіліс депутаты Ер­сұл­тан Бектұрғанов. 

Отырыс барысында депутат За­ғипа Балиева кеңесшілер инсти­тутының қызметіне қатысты сауа­лында, олардың қызметке тағайын­даларда конкурстардан өтпейтін­дігін, соған қарамастан мемлекет­тік функциялар жүктеліп, құпия мә­ліметтермен жұмыс істейтіндігіне, үкіметтік байланыстар қызметін пайдаланатындығына тоқталды. Бұл сауалға берген жауабында Мем­лекеттік қызмет істері және сы­байлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі төрағасының орынбасары Айгүл Шайымова: «Бүгінгі заң жобасы бірінші басшылардың кеңесшілері үшін тиісті шектеу­лер қою тұрғысында қызметті жетіл­дірудің бірқатар нормаларын қарас­­тырады. Олар үшін қазіргі кезде мем­лекеттік қызметке конкурс­тан тыс тағайындалу мүмкіндігі бар, алайда осы санаттағы адамдар­дың әрі қарай өсуіне шектеу­лер қарастырылған. Егер де бұрын­дары шектеу болма­са, енді біз осын­дай шектеуді ен­гіздік. Атап айт­қанда, кеңесші лауазымына тағай­ын­дал­ғаннан кейін, алдағы уақытта кон­курссыз басқа қызметтерге ман­сап­тық өсуіне жол берілмейді», деді. 

Жалпы, отырыста сондай-ақ Тә­жікстан, Қырғыз, Қазақстан респуб­ликалары мен Исмаилиттер Има­маты арасындағы Орталық Азия Университетін құру жөніндегі шартқа хаттаманы ратификациялау туралы заң жобасымен бейінді комитетке жұмысты жалғастыру тапсырылды. 
Депутаттар, сонымен қатар «Қор­­­ғаныс өнеркәсібі және мемле­кеттік қорғаныстық тапсырыс тура­лы» заң жобасына Сенат енгізген өз­герістер мен толықтыруларды қа­рады.

Серік ӘБДІБЕК,

«Egemen Qazaqstan»