Мен оны алғаш рет Астанадағы Ұлттық кітапханада үлкен «дөңгелек үстелде» көрдім, дұрысы, дауысын естідім. Қазіргі әлемдегі кітап оқу туралы халықаралық конгресс өтіп жатқан. Әлемдегі кітап пен бейбітшілік жайында мінберден небір халықаралық шешендер көсіле сөйледі. Ықылас қоя тыңдап отырмын. Бірақ сөз кезегі келесі бір шешенге тиген кезде, мен, шынымды айтсам, дір ете қалдым. Жалғыз мен емес, жұрттың бәрі селт ете түскен сыңайлы. Шешеніміз әндетіп қоя бергені! Және де, алдыңғы әріптестеріндей, қалыптасқан тәртіппен заулата жөнелмей, өзгеше құшырланып, айрықша шабыттана шырқайды. Сөйтсем, ол бізді «Манас» жырымен естен тандырған екен – симпозиум халықаралық қой. Ауыз әдебиетінің осынау үздік үлгісін мен де оқығанмын, тіпті орыс тіліндегі нұсқасын басып шығарғанмын. Бірақ оны бұлайша ырғақтап, әндете орындағанды, буырқанып-бұрсанып, шын беріле жырлағанды алғаш естіп отырмын. Қазақша да, қырғызша да бір ауыз сөз түсінбегеніммен, зал толы адамдардың арасынан әлі көзім шала қоймаған жыршының шығармада суреттелетін соғыс көріністерінің қайсысын айтып тұрғанын жобамен шамалай қойдым. Оның дауысы, құлшынысы және турасын айтқанда, дарыны осынау жан тебірентер текетіресті – ізгілік пен зұлымдық, жарық пен түнек арпалысқан ұлы сүргінді жанды суреттей көз алдымызға әкеліп тұр.
Баянғали Әлімжанов тек ақын әрі прозаик қана емес, оған қоса – жырау. Яғни, импровизатор, оған қоса манасшы, қырғыз халқының атамұрасы – «Манас» жырын түгелдей жатқа білетін және оны халықаралық коллоквиумға қатысушылар ғана емес, мемлекет басшыларынан бастап қарапайым шаруалар мен малшыларға дейінгі кез келген тыңдаушының алдында музыкалық сүйемелдеусіз-ақ айта беретін өнерпаз.
Біз таныстық. Орта бойлы, мығым денелі жігіт ағасы екен, азиялықтар сығыр көзді болушы еді, олай емес, көзі аялы, егде тартып қалса да қимылы ширақ, қол алысқанда тегеуіріні жойқын: сол үшін ақталғандай болып боксшы екенін айтты.
Жас балаша шын көңілден қол алыстық, оның үстіне, екеуміздің ортақ досымыз бар болып шықты – бір-бірімізді жақын тартып кетуімізге бұл да септігін тигізді. Өкінішке қарай, Рақымжан Отарбаев – ғұмыры да, шығармашылығы да ерте үзілген, үйреншікті қалыпқа сыя қоймайтын тамаша қазақ жазушысы еді. Ортақ қасиеттерін де байқадым – екеуі де екпінді, турашыл, кейде тіпті ымырасыз. Бірақ шығармашылық тұрғыдан бір-біріне мүлдем ұқсамайды. Рақымжан кәдуілгі жер басып жүрген адам: бәрін байқап отырады, ештеңеден тартынбайды, ұсақ-түйекті де көркемдік құралға айналдырып жібереді. Баянғали аспан әлемін шарлап, шарықтап жүреді, мен оны орыс жыршыларына ұқсатып Баян деп атап кеттім. Оның прозасынан да ақындығы танылады. Ғажайып романтикалық сөзінен табиғи қазақ әуені, дәлірек айтсақ, бояуы айқын сезіліп тұрады. Оның прозасы ертегіге жақын. Басты дүниелерінің бірі Хикая деп аталуы да тегін емес. Өткен-кеткен оқиғалардың қай-қайсысы болсын – өрт-жалыны өзінің туған әкесін де шарпыған соғыс тақырыбы ма, КСРО-ның құлар алдындағы жағдайы мен қайта құру жайы ма – не туралы қалам тербесе де әрдайым бал татыған балалық шағына қайта оралып отырады. Ауыл табиғаты, жер мен дала тұрғындары оның шығармаларында аспан адамдарына айналып кете барады. Қазақтың ұшы-қиырсыз кең даласымен біте қайнасып жатқан еркін де ерке, асқақ та өр тұлғалы адамдар.
Жақында «Комсомольская правда» газетінен журналист Дарья Асламованың бір үнді ғалымынан үнді программистері, үнділердің программамен қамтамасыз ету саласы бұл күндері ынтасы да, таланты да олардан бір кем түспейтін қытайлық әріптестерімен салыстырғанда оқ бойы озық тұр, осының себебі не деп сұрағаны жайында оқығанмын.
Ғалым бұл сұрақтың жауабы ұлттық ақыл-ойдың математикалық жүйесінде ғана емес, компьютер ғасырының ана тілі – ағылшын тілінде жатыр деп жауап беріпті. Үндістан халқы ғасырлар бойы осы тілде сөйлеп келеді. Ол – мемлекеттік тіл, үнділер оны бала кезінен бойына сіңіріп өседі. Қазіргі электрондық-компьютерлік әлемде үнділердің алға шығуына тілді жете меңгергені әсер етіп отыр.
Толып жатқан себептерге байланысты Қазақстанның аса қуатты резервтік ресурсы (қай жағынан алғанда да) болып отырған орыс тілі республика халқы үшін іс жүзінде ана тіліне айналып кеткен деуге болады. Менің жаңа досымның осы кітабын оқып шығыңыз. Орыс прозасымен, орыс рухымен астасып жатқан талай нәрсеге жолығасыз. Баянғалидың тілі шырынды, шығыстық тіл, сонымен қатар орыс тілін де бала кезінен жете меңгерген. Өйткені, бұрынғы КСРО құрамындағы Орталық Азия республикаларының арасында орыс тілін игеру тұрғысынан ең «орысшыл» ел Қазақстан екені сөзсіз.
Баянғали Әлімжановтың шығармашылығына тән ерекшелік көп тұрғыдан оның осындай ғажайып тоғысудан нәр алуында жатыр. Бұған қырғыздың «Илиадасы» деуге татырлық «Манас» жырын қосыңыз, туған қазақ топырағы бір бөлек, қиын да қызық балалық шағы мен жеткіншек кезі және бар, тағдырдың соққысына да талай тап болды – 1986 жылы желтоқсанда жас Баян мыңдаған қатар-құрбыларымен бірге Алматы көшелерінде аязға тоңып, ежелгі Қазақстанның жасарып-жаңғыруы үшін күресті... Досым тың игерген Көкшетау облысында дүниеге келіп, Еділ мен Ертістің арасында ер жеткен, сондықтан да оның жан дүниесінде ішкі поэтикалық астары терең әуезді орыс сөзі мәңгіге жатталып қалған.
Жазушының Мәскеуде басылған алғашқы кітабы орыс оқырмандарының көңіліне жылы тиер деп үміттенемін.
Аударған Нұрлан ҚАМИЕВ