Қоғам • 21 Ақпан, 2019

Үйің болмай – күйің болмас

694 рет
көрсетілді
6 мин
оқу үшін

Бүгінде басыңда баспанаңның болу-болмауы әлеуметтік жағдайыңның, қоғамдағы орныңның, материалдық-қаржылық ахуалыңның белгісі іспетті. Жеке пәтері бар адам өзін ауқатты демей-ақ қояйық, әйтеуір қаржысы жеткілікті адам ретінде сезінетіндей жағдайға жетті. Тіпті 10-15 жылдай уақытша бас­панада тұрып, кейін әупірімдеп жүріп пәтер алғандар кәдімгідей мақтанып, бұл әрекетін үлкен ерлікке балап жүр. Демек, бүгінгі қоғамда баспана әлеуметтік жағдайдың индикаторы болып тұр.

Үйің болмай – күйің болмас

Уақытша баспана демекші, жуырда Қазақстанда пәтерлерді жалға алу құны орташа есеппен 7,3 пайызға өсті деген ақпарат тарады. Ұлттық экономика министрлігінің Статистика комитеті қазіргі уақыт­та жаңа пәтердің бір шаршы метрі­нің орташа бағасы 277 368 теңге болғанын хабарлады. 
Яғни, бір жылда 3,2 пайызға қым­бат­таған. Қайталама нарық­тағы жабдықталған пәтерлер баға­сы орташа 189 127 теңге болса, жөн­деуден өтпеген пәтерлер 118 834 теңге тұрады. Бір жылдың ішін­де баға өсімі 2 және 3,1 пайыз бол­ды. Ал пәтерлерді жалға алу құ­ны шарықтап кеткен. Орташа ба­ға­сы бір шаршы метріне − 1 421 тең­ге. Бір жылда баға 7,3 пайызға өскен. 

Елбасының өзі бастамашы болған «7-20-25» бағдарламасы бойынша пәтерлі болу да оңайға соғып тұрған жоқ. Осы және өзге де бағдарламалардың шапағаты солғын екенін жастардың өздері де айтып жүр. Олар үстеме пайызы көп дегенді алға тартады. 

Мәселен, пәтер құны 20 млн теңге тұратын болса, оның 20%-ы – 4 млн теңге. Сонда қалған 16 млн теңгені 25 жылға бөліп тө­леу ке­рек. Оған 7 пайыздық үс­те­мені қосқан­да ай сайын 113 000 теңгеден шыға­­ды. Сонда ең тө­менгі айлық жал­а­қы осы ай са­йын­ғы төлейтін сома­­ның 2 есесіне тең болуы керек, яғни 226 000 (113 000 х 2) теңге.

Осы үйді алу үшін жоғарыда мысал келтірген кәмелеттік жасқа толмаған 3 баласы бар отбасының ең төменгі орташа табысын есептесек: отбасының айлық ең төменгі ықтимал шығыны – 129 500 теңге; айлық қосымша ықтимал шығын – 100 000 теңге; үйдің бағасына бай­л­а­­­ныс­ты белгіленген ең төменгі жал­ақы – 226 000 теңге. Жалпы: 129 500 + 100 000 + 226 000 = 455 500 теңге.

«455 500 теңге – осы отбасы үшін 20 миллион теңгенің үйін алуға мүмкіндік беретін ең төменгі айлық кірістің мөлшері», деп түсіндіреді банк қызметкерлері. 

Алайда, ақиқатын айтсақ, ел жастарының көпшілігі мұндай сомадағы жалақыны алмайды. Сол се­бепті де баспана бүгінгі жас­тар­дың жан жарасы болып тұрғаны анық. 

Мемлекет басшысының жас отбасыларға арналған баспана мәселесі ірі қалаларда өткір екенін ескере отырып, Үкіметке алдымен Астанада, Алматыда және Шымкентте жұмыс істейтін жастар үшін жылына 1 мың пәтерден кем емес құрылысты қамтамасыз ету қажет деп мәлімдеуі көптеген жас отбасына үміт сәулесін сепкені ақиқат.  

«Мұндай баспанаға жұмыс істей­тін және табысы барлар ғана үміт арта алатынын есте ұс­та­ған жөн. Жұмыс, бұл – адам әл-ауқа­тының негізгі көзі. Соны­мен қатар барлық меншік фор­масын­дағы кәсіпорындар жас қызмет­кер­лер үшін баспана жағдайын жасау­ға белсене қатысуы тиіс» деп атап өтті Президент.

Мемлекет басшысының дәл осы сөзі ел жастарына зор үміт сыйлап, болашағына алаңдап жүргендердің көңілін бір көтеріп тастағаны өтірік емес. Алайда, біздіңше, «7-20-25» бағдарламасын қайта пысықтап, әсіресе жас, сондай-ақ көп балалы отбасыларға бірінші кезекте көңіл бөлініп, несиені аз пайызбен берген дұрыс болар еді. Әйтпесе, он жылдан артық бас­пана кезегінде тұрса да, пәтеріне қол жеткізе алмай жүрген көп балалы отбасы аз емес. Керісінше, бір басында бірнеше пәтері барлар да көп...

Қоғамдық даму министрі Дархан Калетаев еліміздің ірі үш қала­сында салынатын пәтерлер айына 10-12 мың теңгеге жалға берілетін тұрғын үй болатынын, бұл баспананы тұрақты табысы бар 29 жасқа дейінгі жастар ала алатынын мәлімдеді. 

Сонымен қатар жалдамалы пәтерге аталған қалаларда кемінде 3 жыл тұрған және 29 жасқа дейінгі жастар үміткер бола алады. Бұған қоса, жастар міндетті түрде заңды жұмыс істеуі керек. Пәтер берген кезде азаматтың отбасылық жағдайы, балаларының бар-жоғы да ескеріледі. Әр көрсеткішке балл беріледі.

Индустрия және инфра­құры­лымдық даму министрлігі Құры­лыс және тұрғын-үй комму­нал­дық шаруашылығы істері коми­теті­нің төрағасы Мархабат Жайым­бетовтің мәліметінше, Астана мен Алматыда 350, ал Шымкентте 300 пәтер салынады. Оның бір шар­шы метрі 180 мың теңге, пәтер аумағы 40 шаршы метр бол­мақ. Қазіргі таңда үш қаланың әкім­дік­терімен жоба пысықталып жатқан көрінеді. Демек, алдағы уақытта ел жастарының тұрмысын түзеп алуларына жағдай жасалады деген сөз. 

Десек те, жоғарыда көп жылдан бері кезек күтіп, екі көзі төрт болғандар қатары аз емес дедік. Ал коммуналды тұрғын үй қорынан жылда берілетін пәтерлер саны елорданың өзінде көп емес. Ендеше мұндай қарқынмен баспанаға мұқтаж, әлеуметтік сүйеніші аз тұр­ғындардың қатары алдағы жүз жылда да сирей қоймас, сірә. Сон­дық­тан жеке шаршы метрге иелік етуді көздеген кейбір жастар бас­паналы болу үшін өз бетінше қам жасауға мәжбүр.

Ғанибет ҒАЛЫМБЕКҰЛЫ,

«Egemen Qazaqstan»