21 Ақпан, 2019

«Қолғабыс» – арнаулы көмек көрсетуді көздейтін жоба

1086 рет
көрсетілді
5 мин
оқу үшін

Ана мен бала, оның ішінде көп балалы отбасыларды қолдауға берілетін көмек көлемін көбейтуге қатысты мәселелер өңірлерде талқыланып, аналардың мұң-мұқтажы мен талап-тілегі ескерілген жоба-жоспарлар жасалуда. Мысалы, Түркістан облысында 130 мыңнан астам көп балалы отбасы бар. Олардың ішінде 16 500 отбасына атаулы әлеуметтік көмек көрсетіледі. Биыл көп балалы отбасыларындағы жұмыссыз ата-аналарды жұмыспен қамту, жастарға еңбек нарығында бәсекеге қабілетті болуы үшін қажетті техникалық және кәсіби білім беру мақсатында арнаулы көмек көрсетуді көздейтін «Қолғабыс» жобалар кешені жүзеге асырылмақ.

«Қолғабыс» – арнаулы көмек көрсетуді көздейтін жоба

Халық алдындағы кезекті жылдық есеп беру жиынында облыс әкімі Жансейіт Түймебаев биыл өңірде Нәтижелі жұмыспен қамтуды және жаппай кәсіпкерлікті дамыту бағдарламасы шеңберінде 3,3 млрд теңгеге 3700-ден астам жас­өс­пірімге техникалық және кәсіби білім гранты берілетінін атап өтті. Оның ішінде көп балалы отбасыдан шыққандарға басымдық берілетін болады. Сондай-ақ Елбасы тапсырмасы бойынша Түркістан қаласының құрылысына жастарды тарту көзделіп отыр. Бүгінгі таңда «Түркістан жас­та­рының құрылыс жасағы» ұйымы құры­лып, 3 мыңнан астам азаматтың тізі­мі жасақталған. Ақпан айында мердігер құрылыс компанияларымен меморандумға отырып, наурыздан бастап жастар құрылыс жұмыстарына жіберіледі. Тұрақты жалақы көлемі 70-100 мың теңге арасында болмақ. Оған қоса, «Жасыл ел» бағдарламасы арқылы 1300-дей жас жұмыспен қамтылады. «Облыста жастардың саны 500 мыңнан астам немесе жалпы халық санының 25 пайызы. Түркістан облысында биыл «Жастарды тұрғын үймен қамту» жобасы аясында 260 жасты баспанамен қамту көзделуде. Өңірде жастармен тікелей жұмыс жүргізетін «Жастар ресурстық орталықтарының» жүйесі қалыптасқан. Орталықта «Бір терезе» қағидаты бойынша 8 бағытта «Жастарға қызмет көрсету секторы» жұмыс атқаруда. «Жас кәсіпкер» жобасы аясында 2 млн теңге көлемінде кепілсіз «Оңтүстік» аймақтық инвестициялық орталығы арқылы 8 жоба қаржыландырылды. Биылдан бастап жас кәсіпкер кепілсіз 2 млн теңгеге дейінгі жеңілдетілген несиені жылдық 4 пайызбен алатын болады. Ал «Ауыл шаруашылығын қолдау қоры» арқылы ауыл-аймақтағы 200-ден астам жас кәсіпкерге төмен пайызбен (6 %) 1,5 млрд теңге несие беру көзделуде», деді Жансейіт Қансейітұлы. 

Сондай-ақ 1200 жұмыссыз азамат кәсіпкерлік негіздері курстарынан өтіп, олардың кемінде 80 пайызына төмендетілген пайызбен несие берілетін болады. «Жастар практикасы» бағдарламасы аясында 5500-ге жуық жасқа қолдау білдіру үшін 2 млрд теңге бөлінеді. «Жастарды тұрғын үймен қамту» жобасы аясында «Жастар ресурстық орталығы» мен «Тұрғын үй-құрылыс жинақ банкімен» бірлесіп 1000 жасты баспанамен қамту көзделуде. 

Бала тәрбиесі, әлеуметтік мәселе әкімнің есептік жиынында тұрғындар тарапынан да көтерілді, ұсыныс-пікірлер айтылды. Бұл орайда облыс әкімі ата-аналарды баланың болашағына алаңдаушылық танытып, жауапкершілікті сезінуге шақырды. Түркістан облысында жетімдер үйі толық жабылатынын жеткізді. «Бала құқығы − менің құқығым» бастамасы қолға алынбақ. Оған БАҚ өкілдері де қатысады. Аудан, қала әкімдерінің жұмысын бағалауда осы бағытта бала тәрбиесіне қаншалықты көңіл бөлініп жатқаны да таразыға түседі. Бүгінгі күн тәртібіндегі мәселе − баланы қорғау емес, қолдау болуы қажет», деді облыс әкімі. Түркістанның алдағы дамуы­на қатысты ұсыныстар да айтылды. Мысалы, Түркиядан келіп Түркістанда қызмет етіп жатқан Асыл Шенгун есімді азамат мектеп түлектері бір түптен ағаш егуі қажеттігі жөнінде ұсыныс айтты. Ұсыныс облыс әкімі тарапынан қолдау тапты. Сондай-ақ Асыл Шенгун Түркістанда күллі түркі жұртының ынтымағы мен бірлігін білдірер Астанадағы Бәйтерек сияқты бір биік символдық сәулет ескерткішін салу туралы ұсынысын да ортаға салды.

Есептік жиынға қатысқан көпші­лік­ке, әсіресе аналарға үміт пен сенім сыйлаған игі бастамалар көп балалы отбасылардың тұрмыстық жағдайы жақсаруына септігін тигізері анық. Облыс әкімі тұрғындар алдында жария еткен «Қолғабыс» жобасының мақсаты айқын, ал нәтижесін уақыт көрсетеді.

Ғалымжан ЕЛШІБАЙ,

«Egemen Qazaqstan»

Түркістан облысы