Жақында баспасөз беттерінде Ішкі істер министрі Ерлан Тұрғымбаевтың бес жасар баланы құдықтан құтқарып қалған 10 сыныптың оқушысы Нәдір Омарғазиевті марапаттағаны жарыса жарияланды. Бірақ бұл жайт әсіресе, жауапты мамандарға мәселенің екінші жағына үңілуге негіз болмағандай. Өйткені осы оқиғадан көп уақыт өтпей Төтенше жағдайлар комитетінің баспасөз қызметі 4 күн бойы іздестірілген баланың мәйітін еріктілердің құдықтан тауып алғанын хабарлады. Былтыр қарашада 14 жасар Аружан Маратованың денесін еріктілер кәріз құдығынан тапқан болатын. Байқасақ, көп жағдайда құзырлы органдардың емес, волонтерлердің ізденісі нәтиже береді. Басты мәселе мұнда да емес, былтырғы оқиғада Астана қаласының әкімі Бақыт Сұлтанов Аружанның ата-анасына көңіл айтып, қайғылы оқиғаға қатысты іс-шараларды қатаң бақылауға алатынын айтқан. Әкім сондай-ақ қаланың барлық қызметіне қаладағы кәріз құдықтарын күнделікті тексеріп шығуды тапсырған болатын. Алайда, араға үш ай салып, оқыс оқиға тағы қайталанды.
Әкімдіктің мәліметінше, бір ғана Астанада 65 мыңнан астам құдық бар. Ал iKomek орталығы және қала тұрғындарының көмегімен өткен жылы 5 мыңнан астам кәріз құдығының қақпағы жоғалғандығы анықталған. Яғни бүгінде елордада 5 мыңнан астам ашық құдық бар, бұл – логикалық тұрғыдан қарағанда, кемі осынша адамның өміріне қауіпті деген сөз.
Жауапты қызметкерлер қала басшысының тапсырмасын орындауда тек салдармен күресіп жүрген сыңайлы.
Кәріз құдығы қақпақтарының неліктен жоғалатыны баршаға белгілі жайт. Басты себебі – темір өткізіп ақша тапқысы келетін ұрылардың ісі. Мамандардың мәліметінше, қақпақтарды көбіне үйі-күйі жоқтар мен ішімдікке салынған жандар ұрлайды. Ұрланған қақпақтарды металл қабылдайтын жекеменшік орындарға өткізеді. Мұндай орындардың жарнамасы бүгінде жер жарады. Жалғыз «Olx.kz» порталынан 200-ден аса хабарлама табуға болады. Соның біріне қарапайым тұтынушы ретінде хабарласып, тұтқаны көтерген азаматқа алғашында күдік тудырмау үшін темір шананы өткізгіміз келетінін айттық. Ол бір ғана затқа әуре болудың қажетсіз екенін, оның жанында тағы салмақты заттар болса, сауда жасасуға келісетінін жеткізді. Бізге де керегі сол, шанамен қоса темір сүймен (лом) мен кәріз құдығының қақпағы барын айта бастағанда қабылдаушы қақпақтан ат тонын ала қашты. «Қақпақ керек емес, қабылдамаймыз. Оған рейд жүріп жатыр. Полиция айыппұл салады», деді. Қашаннан бері қабылдамайтынын сұрағанымызда жөнді жауап бермей, жалтарды. Алайда, бір анығы темірдің келісін 55 теңгеден қабылдайды. Ал бір қақпақ кемі 50 келі тартады. Демек, бір қақпақ 2750 теңгеге өтетін болып тұр. Бір баланың ғұмыры − небәрі 2750 теңге. Аталған сома өкінішке қарай, бөтен пиғылға жұмсалып жатыр.
Бұл айтарлықтай проблема. Себебі былтыр наурызда Премьер-Министр Б.Сағынтаев спиртті ішімдіктердің бағасын өсіруге қатысты қаулыға қол қойса да, «Energyprom.kz» мониторинг агенттігі Қазақстандағы ащы суды тұтынушылардың саны оның құнынан қалыспай келе жатқанын жеткізген. Агенттіктің ақпаратына сүйенсек, былтыр алкоголь өнімдері 2017 жылмен салыстырғанда 5,6 пайызға көп өндірілген, сондай-ақ қаңтар-ақпан айларында бұрынғыдан 30 пайызға артық сатылған.
Бұдан бөлек, тағы бір себеп – әлеуметтік жағдайдың жоқтығы деуге негіз бар. Өйткені екінші тараптың: «Сол мүсәпірлер болмашы тиынға мұқтаж болғандықтан ұрлайды», деген пікірін жоққа шығаруға болмайды. Сонда 3 мың теңгеге зәру ме? Зәру. Көзбен көрген мысал, екі апта бұрын аялдамада автобусқа 30 теңгесі жетпей тұрғанын айтып, алақан жайған адамды көрдім. Көңіл құлазытатыны, ол – ер адам. Екінші тарап жоғарыдағы біржақты көзқараспен келіскісі келмейді. Бұл жердегі мәселе еліміздегі мәдениет пен немқұрайдылыққа келіп тіреледі. Астана медициналық университетінің студенті – волонтер (аты-жөнін айтудан бас тартты) біздің қоғамға мәдениеттің жетіспейтінін, өмір сүру салтының төмендігін алға тартады. Студенттің сөзіне сенсек, ол куә болып үлгерген шетелдердік тұрғындары өзінің салығына салынған немесе орнатылған мұндай заттарды ұрламақ түгілі, ондай ой олардың басына да келмейді. Себебі әлгіндей ашық қалған құдыққа өзінің баласы түсіп кетуі мүмкін екенін пайымдайды.
Былтыр болған оқушының өлімінен кейін Гарвард университетінің түлегі Шыңғыс Мұқан: «Осы оқиғадан кейін қатты қиналдым. Сол құдық бала құлап кеткенге дейін қанша күн ашық тұрды? Ол жерден неше адам өтті? Көрді. Ашық тұр. Бірақ мән бермейді. Немқұрайдылық. Бұл неге алып келеді?», дейді. Оның соңы неге алып келгенін қоғам болып көріп отырмыз. Ал сарапшының айтуынша, қоғамда құндылықтар алмасып кеткен. Ата Заңдағы «Мемлекеттің басты байлығы – адам және адамның өмірі» деп басталатын сөз ескеріле бермейді. Әр адамға осы сөз шынында да құнды немесе іс жүзінде қолданыста болса, ашық құдықты көрген жан шамалы уақытын қиып, тиісті қызметкерлер келмейінше кетпей тұруы керек.
Ал қала тұрғыны Елдос Қозыбан үйіндегі кәріз құдығының қақпағын ашылып-жабылатындай қылып цементтен құйғанын айтады. Сонымен қатар оны жер бетінен жарты метрге биік, адам көзі көріп, байқай алатындай дөңес етіп жасапты. Оның ойынша, мұндай қақпақтың құны әкімдік орнатқан қақпақтарға қарағанда арзан шығады. Ол қазіргі заманға сай болмаса да, ұрлықтан арылмай отырған елімізге қақпақтарды бетоннан құю керек деген пікірді қостайды. Орталықта болмаса да, қары күрелмейтін, суы тасып жататын қала шетіндегі көшелерге, құзырлы органдардың аяғы жедел жете бермейтін жерлерге керек-ақ әдіс деп ойладық.
Жә, қоғам өз қазанымен қайнай берер, алайда сол ортаға ықпал ететін жауапты мекемелердің жұмысын қайда қоямыз? Тағы да интернетті кезіп жүрген жарнамаларға көз жүгірттік. Белоруссия шығаратын және Қазақстанға жеткізуге болатын кәріз құдығының қақпақтары 35 мыңдай, ал өзімізде 27 мың теңге жобасында бағаланды. Орта есеппен көтерме бағамен алғанда 25 мың теңгеден келеді десек, Астанада жоғалған 5000 қақпақты орнына келтіруге кемі 125 млн теңге қаражат керек. Бұл да бюджеттен бөлінеді. Әрісі Елбасының, берісі Үкіметтің тоқсан сайын ақшаны үнемдеу төңірегіндегі тапсырмасына қызметтік тұрғыда жауапкершілік, жай ғана адамгершілікке салсақ, жанашырлықтың жоқтығы ашық көрінеді.
Осы орайда, Астана қаласы әкімінің соңғы оқиғадан шығарған шешімін, қолға алған шарасын айта кетейік. «Құдықтарды салып, оны ашық қалдырғандарға қатысты түрлі шара қабылдап жатырмыз. Коммуналдық қызметтер күн сайын оны тексеріп шығуы қажет. Осы уақыттың ішінде ашық жатқан мыңдаған кәріз құдығы анықталып, барлығын жаптық», деген Б.Сұлтанов қала тұрғындары мен қонақтардан белсенділік танытып, құзырлы органдарға немесе «109» нөміріне хабарласуды сұрады. Сондай-ақ Елорда басшысы халыққа есеп беру жиынында металл қабылдайтын орындарды жабуға уәде етті.
Иә, қалай дегенмен де болашақ бір үйдің егесі мен шегесі болар балалардың ауырмай-сырқамай қыршынынан қиылуы кімге болсын оңай тимесі анық. Осындайда жиі қойылатын және сіз бен бізге, барша қоғамға ортақ «Кім кінәлі?», «Қайтпек керек?» деген қос сауал бар. Сауалдың соңындағы зауалын салмақтай білсек қанеки...
Айдана ШОТБАЙҚЫЗЫ,
«Egemen Qazaqstan»