Қала тұрғындарының бірі әкімге Өскемен көшелерінде шетелдік спортшылардың жиі ұшырасатынын айтып, олардың қандай мақсатпен қоныстанып жатқанын сұрады. ШҚО әкімі ол спортшылар еліміздің атынан байрақты бәсекелерде сынға түсіп қана қоймай, жергілікті спортшылардың дайындық деңгейінің көтерілуіне ықпал ететінін атады.
«Өзім бірнеше рет куә болдым. Таңертең ерте жүгіруге шықсаңыз, жаттығып жүрген кениялық қыздарды көресіз. Олар әр күннің 7 сағатын жаттығуға арнайды. Жергілікті атлеттер арасында Ольга Рыпакова ғана осылай тынымсыз еңбек етеді. Кениялық қыздар осы ісімен өзге жас спортшыларға үлгі болып жүр», - деді Даниал Ахметов.
4 кениялық спортшы соңғы бір жыл көлемінде жергілікті «Алтай Атлетикс» клубының атынан сынға түсіп, халықаралық байрақты бәсекелерде бірнеше рет топ жарды. Төртеуі де Қазақстан Республикасының азаматтығын алған, Халықаралық жеңіл атлетика федерациясы қауымдастығының үздіктер рейтингіне кіреді.
«Жуырда мен Халықаралық жеңіл атлетика федерациясының (IAAF) президенті Себастьян Коэмен кездестім. Жүздесу барысында оған Қазақстанда IAAF аймақтық даму орталығын ашуды ұсындым. Қазір әлемде осындай тоғыз орталық бар. Егер ол орталық ашылған жағдайда еліміздің ғана емес, өзге мемлекеттердің де мамандары әлемдік деңгейдегі білім алу үшін бізге келетін болады», - деді есепті кездесу барысында облыс басшысы Даниал Ахметов.