Қазақстан • 22 Ақпан, 2019

Ерлан Қошанов көпбалалы отбасылар тұрғын үймен қалай қамтамасыз етілетінін айтты

434 рет
көрсетілді
2 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында көпбалалы ата-аналарға баспана алу үшін тұрғын үй сертификаттары мен қолайлы несиелер берілетін болады. Бұл туралы облыс әкімі Ерлан Қошанов есеп беру кездесуінде айтты.

Ерлан Қошанов көпбалалы отбасылар тұрғын үймен қалай қамтамасыз етілетінін айтты

- Бұл тақырып өте өзекті. Бүгінде облыста тұрғын үй алу үшін 1 206 көпбалалы отбасы кезекте тұр. Өздеріңіз білетіндей, "Нұрлы жер" бағдарламасы бойынша біз кезекте тұрғандардың барлық 11 санаты үшін жылына 300-ге жуық пәтер салудамыз. Осы санаттар бойынша кезекте тұрғандардың саны бүгінгі таңда 36 мыңнан асады. Мұндай қарқынмен біз, әрине, жақын арада баспанаға мұқтаждарды пәтермен қамтамасыз ете алмаймыз, - деп атап өтті аймақ басшысы.

Облыс әкімі осыған байланысты қабылданған шешімдер туралы айтып өтті. 
Біріншіден, кезекте тұрған көп балалы отбасыларды несиелендіру үшін «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкіне» облыстық бюджеттен 1 млрд.теңге бөлінеді.

- Жылдық мөлшерлемесі 2% құрайтын 15 млн теңгеге дейін несие қарастырылған. Бастапқы жарна - 10%. Сонымен қатар, кірістерге қойылатын талаптар белгіленеді: отбасының бір мүшесіне шаққанда ең төменгі күнкөріс деңгейі бір жарымнан аспауы тиіс, ол дегеніміз - 44 547 теңге, - деп түсіндірді Ерлан Қошанов.

Екіншіден, облыстық бюджетте осы жылы бастапқы жарнаны субсидиялау үшін тұрғын үй сертификаттарына 1 млрд теңге қарастырылған. Көпбалалы отбасылар да осы қолдауды пайдалана алады. Мысалы, пәтер құны 10 млн теңге болса, тұрғын үй сертификаты 1 млн теңгені құрайтын бастапқы жарнаны толығымен жабады. Алдын ала есеп бойынша, ай сайынғы төлем орташа есептегенде 41 мың теңгені құрайды.