22 Ақпан, 2019

Қарағанды облысында көпбалалы отбасыларға тұрғын үй сертификаттары беріледі

552 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысында көпбалалы аналар тұрғын үй сертификаты мен баспана алуға несие алу мүмкіндігіне ие болды. Бұл туралы облыс әкімі Ерлан Қошанов есепті кездесу барысында мәлім етті.

Қарағанды облысында көпбалалы отбасыларға тұрғын үй сертификаттары беріледі

– Бүгінгі күнде облыста баспана алу кезегінде 1206 көпбалалы отбасы тұр. «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша біз кезекте тұрғандардың 11 санаты үшін жылына шамамен 300 пәтер саламыз. Ал кезекте тұрғандардың  саны бүгінде 36 мың. Әрине, мұндай қарқынмен таяу уақытта мұқтаж жандарды баспанамен қамтамасыз ете алмаймыз, – деп атап өтті өңір басшысы.

Облыс әкімі бұл бағытта қабылданған шешімдер туралы айтты. Мысалы, кезекте тұрған көпбалалы отбасыларды несиелендіру үшін облыстық бюджеттен «Тұрғынүйқұрылысжинақбанкіне» 1 млрд теңге қаржы бөлінген.

– Жылдық 2% мөлшерлеме бойынша 15 млн теңгеге дейін несие қарастырылған. Бастапқы жарна – 10%, – деді облыс әкімі.

 Осы орайда, 10 млн теңге тұратын пәтер алуға қажетті 1 млн теңге  болатын бастапқы жарнаны тұрғын үй сертификаты жабатын болады. Сонда ай сайынғы орташа төлем 41 мың теңге болады деп есептелген.

Сонымен қатар, облыс әкімі алдағы уақытта Қарағанды облысында көп балалы аналар қоғамдық көлікте тегін жүре алатынын мәлімдеді. Сондай-ақ, көп балалы отбасылардан шыққан оқушылар тегін ыстық тамақпен қамтамасыз етіледі.

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды