Аймақтар • 22 Ақпан, 2019

Қарағанды облысында 479 жоба іске асады

475 рет
көрсетілді
1 мин
оқу үшін

Қарағанды облысының әкімі Ерлан Қошанов тұрғындар алдындағы есепті кездесуде «Рухани жаңғыру» бағдарламасының өңірде қалай жүзеге асып жатқанын айтты.

Қарағанды облысында 479 жоба іске асады

Облыста аталған бағдарламаны жүзеге асыру үшін 18 млрд теңге жұмсалады. Оның 10 млрд теңгесі меценаттар мен демеушілерге тиесілі. Бұл қаражатқа 2022 жылға дейін 479 жобаны іске асыру жоспарланған.

Сондай-ақ, өңір басшысы бағдарламаға үн қосып, игі істерімен көзге түсіп жүрген бірнеше қарағандылықтың есімін атады. Олардың ішінде  спортшы Хабиб Нұрмұхамедовті шақырып, жетім балалармен кездесу ұйымдастырған Александр Корогодов, ағылшын тілін көпбалалы және аз қамтылған отбасылардың балаларына тегін үйретіп жүрген Ерлан Рахымов, ауыр сырқатты баланы асырап алған Мақажанов атындағы облыстық клиниканың  директоры Еркін-Дәуір Құрманғалиев және басқалар бар.

Сонымен қатар, өңір басшысы Қарағанды қаласында ұлттық спорт түрлерін дамыту мақсатында атшабар салынатынын айтты.

– Аймақта ұлттық спорт түрлеріне қызығушылық білдірген тұрғындардың қатары өсіп келеді. Қазір біздің аймақта 43 мыңға жуық тұрғын ұлттық спорттың 11 түрімен айналысада. Тұрғындар тарапынан кеншілер шаһарына ипподром керектігі туралы өтініштер түсуде. Біз бұл мәселені ескердік. Алдағы уақытта мемлекеттік-жекеменшік әріптестік негізінде ипподром ашылады, – деді Ерлан Қошанов.

 

Қайрат ӘБІЛДА,

«Егемен Қазақстан»

Қарағанды