«Егемен Қазақстан» газетінің 100 жылдық мерейтойы аясында басылымда ұзақ жыл Семей өңірі бойынша тілші боп еңбек еткен, жазушы-драматург, журналист, Елбасының «Алтын барыс» төс белгісінің иегері Дәулет Сейсенұлының 70 жасқа толу мерейтойы аталып өтілді. Абай атындағы драма театр сахнасында ең алдымен Дәулет Сейсенұлының «Жәнібек ән салады...» атты драма реквиемі қойылды. Қойылымның режиссері Ербол Жуасбек.
Кеш барысында Дәулет Сейсенұлы Семей қаласының және Абай ауданының құрметті азаматы, қаламгердің «Егемен Қазақстан» газетінің тұрақты акциясына айналған «Ұлылыққа тағзым» атты жаяу жорық экспедициясының мүшесі болғандығы және бұл жорықтың аталмыш газеттің ардагері Мамадияр Жақыптың бастамасымен Абайдың 150 жылдығында басталғандығы туралы да айтылды.
Семейлік айтыскер ақын Манарбек Сатыбалдин ұстазы Дәулет Сейсенұлына арнап жырдан шашу шашты. Келесі кезекте Семей қаласының әкімі Ермак Сәлімов сахнаға көтеріліп, Президент әкімшілігінің, облыс әкімі Даниал Ахметовтың құттықтауларын оқып, арнайы сый-сыяпат жасады. Сондай-ақ, ҚР Мәдениет және спорт министрлігінен келген құттықтаулар да оқылды. Сахна төріне 100 жылдық тарихы бар «Егемен Қазақстан» республикалық газеті акционерлік қоғамының Басқарма төрағасы Дархан Қыдырәлі шығып, Дәулет Сейсенұлына ұжым атынан жылы лебізін білдіріп, қазақы дәстүрмен шапан жапты. Арнайы марапаттап, «Егемен Қазақстан» басылымы ардагерлерін осылай ұлықтап, құрметтеп отыруды дәстүр ретінде жалғастыра беретіндіктерін тілге тиек етті. Бұдан кейін Жазушылар Одағы төрағасының орынбасары, ақын Бауыржан Жақып, академик-жазушы Ғарифолла Есім, мемлекеттік сыйлықтың лауреаты, ақын Несіпбек Айтұлы, жазушы Тұрсын Жұртбай, өнертану профессоры Кенжеғали Мыржықбаев, «Егемен Қазақстан» газетінің ардагер-журналисі Оңдасын Елубайлар да сахна төріне шығып, кеш иесіне игі тілектерін, ілтипаттарын білдірді.
Сондай-ақ Дәулет Сейсенұлының баспадан жаңа шыққан «Шыңғыстаудың дара да даңқты перзенттері» атты кітабының тұсаукесері өтті. Кітап жайлы этнограф-жазушы Молдабек Жанболатұлы арнайы таныстырды. Молдабек Жанболатұлы кітап авторын 70 жасымен және ол еңбек еткен «Егемен Қазақстан» газетін 100 жылдығымен құттықтай келе былай деді:
- Дәулет ініміздің 50,60,70 жастары ылғи «Егемен Қазақстанның» мерейтойымен тұспа-тұс келіп, Семейде аталып өтіледі. Бұның бір өзіндік сыры бар. Себебі «Егемен Қазақстан» газетінің ең алғашқы саны осы Семейде басылып шыққан. 100 жыл ішінде бұл газет талай сындарлы саясаттан, талай соқпақтан өтті. Басылымда Шерхан Мұртаза, Әбіш Кекілбаев, Сауытбек Әбдірахманов сынды тұлғалар редактор болды. Бұл газет бір кездері алашордашылардың, одан соң партияның, кейін Тәуелсіз Қазақстанның төл басылымы болды. Қандай уақыт болса да, бұл газет халқына етене жақын болды. Бүгінде Дархан бауырымыз басқаратын ұжымның беделі биік болсын дегіміз келеді. Той тойға ұлассын! Дәулеттің де, ол еңбек еткен «Егемен Қазақстанның» да мерейлері үстем болсын.
Раушан Нұғманбек,
«Егемен Қазақстан»
Семей